Accessibility links

Тянь-Шань орманында балта дүңкілі жаңғырады

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Тянь-Шань ормандарынан түсірілген фото айғақтар.

Тянь-Шань ормандарынан түсірілген фото айғақтар.

Алматы облысы Ұйғыр ауданы белсенділері таудағы реликті орман жойылып барады дейді. Ауыл тұрғындары сөзінше, отын шабатындар ағаштарды түнделетіп тасиды, ал орманшылар қылмысқа «көз жұма қарайды».

Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Ақсу, Қырғызсай және Сүмбе ауылы тұрғындары Тянь-Шань тауының Кетпен жотасындағы орманда әлдебір коммерсанттар ағаштарды заңсыз отап жүргенін айтып шағымданады. Қытаймен шекарадағы биік таулар адам аяғы баспаған тұмса табиғатымен белгілі еді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, орманды оңды-солды отай бергеннен кейін таудан бастау алатын бұлақтар да тартыла бастаған. Қырғызсай ауылының 79 жастағы ақсақалы Нұрахмет Нұрәлиев «орман сиреп, бұлақтар тартылып барады» дейді.

- Бұл таулар – біздің игілігіміз. Ғасырлар бойы таудан сарқырап бұлақ ағып, бақша салып отыр едік. Енді қарағай, шыршаны отай бастап еді, бұлақтар тартыла бастады. Қазіргі браконьерлердің техникасы мықты, жайқалып тұрған ағашты троспен жығады. Жергілікті орман шаруашылығы оларды ұстаудың орнына, қорғаштап, шаң жуытпайды. Ал өздері бір ағаш екпеді, - деп қынжылады Нұрахмет Нұрәлиев.

Белсенді Нұрахмет Ескендіров.

Белсенді Нұрахмет Ескендіров.

Ақсу ауылында тұратын әрі кезінде орман шаруашылығы институтын бітірген азаматтық белсенді Нұрахмет Ескендіров браконерьлермен күресемін деп ажал құша жаздағанын айтады. Бетперде киген біреулер үйіне баса-көктеп кіріп келіп, оны өлтіріп кете жаздаған. Қазір белсенді тауға жалғыз-жарым шықпайды. Ол құқық қорғау органдарынан талап етіп жүріп, рейд жүргізетін комиссия құрамына кірген.

- 2015 жылдың 15 қарашасында таудан Тянь-Шань шыршасының 27 түбірін таптық. Оларды трос пен трактордың көмегімен жыққан. Ал заң бойынша, жел құлатқан ағаштарды ғана жинауға болады. Мемлекетке үш миллион теңгенің шығыны келген, - дейді Нұрахмет Ескендіров.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, брокеньерлер мен олардықорғаштайтындардан жергілікті тұрғындардан өзге жандар да жапа шеккен.

- 2014 жылы мақала жазбақ болып бір журналист келген, тіпті тауға да шыққан, бірақ джип көлігін өртеп жіберді, көліктен түк қалмады, - дейді Рахметжан Тұрдахунов.

Ұйғыр ауданы орман шаруашылығы басшысы Камалжан Юлдашев.

Ұйғыр ауданы орман шаруашылығы басшысы Камалжан Юлдашев.

Ал Ұйғыр ауданындағы орман шаруашылығы басшысы Камалжан Юлдашев оның үстінен шағым жазған тұрғындар мен белсенділерді «қылмыскерлер» деп атайды. Ол «олардың бәрі жуырда ғана менің қарамағымда жұмыс істегендер, жұмыстан шығарғаным сол еді, бірден өш алуға кірісті» дейді.

- Олар - бұрын ағашты бірлесіп ұрлағандар. Кейін оларды қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартып, жұмыстан шығарып, бәрінің ұрлығын тыйдық. Енді олар кек алу үшін мені ғайбаттап жатыр. Олар арыз жазбаған мекеме қалған жоқ. Биылдың өзінде ғана бес тексеру келді, бірақ бір факті де расталған жоқ, - дейді Камалжан Юлдашев.

Ұйғыр ауданы прокуратурасының хабарлауынша, биыл табиғатты қорғау заңын бұзуға қатысты 300 факті анықталған. Орманды заңсыз отау фактісі бойынша 16 қылмыстық іс қозғалған. Бірақ оның 14-і тараптардың бітімге келуіне байланысты тоқтатылған. Браконьерлер аздаған айыппұлмен құтылып, лайықты жазасын алмаған.

Бұған наразы жергілікті белсенділер енді орманды қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес құрып, Қазақстанның белгілі экологтарынан кеңес сұрамақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG