Accessibility links

Құмалақшыны қорқытқан «діндар» сынға ұшырады


Құмалақшыға ер адамның доқ көрсеткені жайлы видеодан скриншот.
Құмалақшыға ер адамның доқ көрсеткені жайлы видеодан скриншот.

Бал ашып отырған әйелдің алдындағы құмалағын теуіп шашып, өзіне доқ көрсеткен ер адамның әрекетін интернет қолданушылар да, дінтанушылар да сөкті.

Facebook әлеуметтік желісінде құмалақшы әйел мен оның ісін айыптаған ер адамның қақтығысы түсірілген видео пайда болды.

Видеоға түсіріп жүрген ер адамның өзі көрінбейді, тек дауысы ғана естіледі. Ер адам көше бойында бал ашып отырған егде әйел мен құмалақ салғызып отырған бойжеткеннің қасына келіп, оларға тиісе бастайды. Беймәлім жігіт әуелі бал ашқызып отырған қыздан орысша: «Бұған сенесіз бе?» деп сұрайды. «Сенемін» деген жауапты естіген соң: «Астағфируллаһ! Оданша Аллаһқа сеніңіз. Бұл тастар сізге ештеңе бермейді» деп, балгердің алдындағы құмалағын теуіп шашып тастайды.

Бұдан арғы оқиға құмалақшы әйел мен «Аллаһқа сенуге шақырған» жігіттің арасындағы қазақша және орысша айтылған дауға ұласады. Құмалақшыны «көп құдайға табынғыш» деп айыптап, оның ісі «ширк» екенін айтқан жігіт: «Ендігәрі сені бұл жерден көрмейтін болайын! Тағы көрсем...» деп доқ көрсетеді. Одан соң: «Мешітке барып, намаз оқыңыз, субханаллаһ. Аллаһқа жалбарыныңыз. Бұл жерге келмеңіз» деп, құмалақ салғызып отырған қызды да қуып жібереді.

Оқиға Қазақстанның қай өңірінде қашан болғаны және немен аяқталғаны белгісіз.​

«ДІН «АҒУЗБИЛЛАМЕН» ШЕКТЕЛМЕЙДІ»

Facebook әлеуметтік желісіндегі бұл видеоны көрген қолданушылардың басым бөлігі құмалақшыға доқ көрсеткен ер адамның әрекетін айыптады.

«Негізі тепкені дұрыс емес. Әркім өзінше күн көріп жүр. Ұнамаса қарама. Зорлықпен ешкімді сендіре алмайсың» деп жазады Канат Камбарбеков есімді аккаунт иесі. Оның айтуынша, «құмалақ салғызуға ісінен берекесі қашқан, тығырықтан шыға алмай жүрген адамдар келеді».

Ислам дініне шақырғаннан гөрі діннен бездіріп жатқаныңды білемісің?
Murat Khajaiv.

Ал Murat Khajaiv есімді қолданушы құмалақ салғызуды қолдамайтынын білдіріп, «негізі ширк дұрыс емес» екенін айтады. «Бірақ мына жігіттің әдеті мүлде дұрыс емес! Дағуат олай жасалмайды. Тепкеніне қарағанда мына бауырымыз исламды әлі түсінбепті өкінішке орай. Еще агузубилла деп қояды. Егер ол адамға шынымен жаның ашыса жай сөзбен түсіндір! Тебуге қалай дәтің барды!» дейді ол. Murat Khajaiv «ислам діні мейірімділікпен түсіндірілетінін» ескерте келе: «Мына әдетіңнен кейін бұқара халық сені калай ойлайды? Ислам дініне шақырғаннан гөрі діннен бездіріп жатқаныңды білемісің? Дін «ағузубилламен» шектелмейді, бейшара, көзіңді аш!» деп сөгеді видеодағы кейіпкер жігітті.

Бұл видеоны парағына жариялаған Serzhan Tursynbek есімді қолданушы дін ұстанатын кейбір адамдарды «ұлттық көзқарас, қазақылық, бауырмалдық, әдептілік деген қасиеттерден жұрдай сияқты» деп сипаттап: «Білетіні – тек «аллаху акбар», «джихат». Ислам дінін қаралайтын – солар» деген пікір айтады.

«МҰСЫЛМАНДАР ЖЕККӨРІНІШТІ КӨРІНЕДІ»

Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков видеодағы ер адамның әрекетін «исламның атына кір келтіретін іс, асқан мәдениетсіздік белгісі» деп сипаттайды.

Сеніміңді етік табанымен насихаттау – барып тұрған жабайылық, шынайы исламға еш қатысы жоқ.
Мұрат Телібеков.

– Адамдармен осылайша қарым-қатынас жасап, өзіңді қалайша діндар сезінуге болады? Сеніміңді етік табанымен насихаттау – барып тұрған жабайылық, шынайы исламға еш қатысы жоқ, – дейді ол.

Мұрат Телібеков «әлеуметтік ахуал шиеленісіп тұрған жағдайда елде діни экстремизм күшейіп бара жатқанын», «бұл – ресми діни басқарма мен мемлекет идеологтары үшін қауіпті сигнал» екенін айтты.

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы да құмалақшыға күш көрсеткен ер адамның ісін айыптайды.

– Радикалды дін өкілдері құмалақшыдан зор нәрселерді істеп жатыр. Мешіттің ішінде, намаз уақытында имамның алдына тұрып алып, намаздың өзін бұзғысы келеді, ұрыс шығарады. Әуелі соларды тыюмыз керек, – дейді ол.

Елдегі «дәстүрлі исламды – исламның Әбу Ханифа мазхабын насихаттайтын бірегей және біртұтас ислами ұйым» ретінде биліктің тіркеуінен өткен Қазақстанның мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) да ол видеодағы ер адамның ісін құптамайтынын мәлімдеді.

«Бейнетаспадағы азаматтың ісін құптамаймыз. Себебі қатыгездік арқылы дінге күйе жағылып, мұсылмандар жеккөрінішті көрінеді» дейді ҚМДБ-ның діни оқу-ағарту бөлімінің маманы Марат Абдуллаұлы Азаттыққа жолдаған жауабында.

Қазақстандағы өздерін «емші», «балгер», «бақсы», «жұлдызшы», «шөппен емдеуші» деп атайтын азаматтардың көбі – «Халық және рухани емшілер мекемесі» деп аталатын орталыққа мүше. Бұл орталықтың 11 облыста қалалық бөлімшесі, сертификат алған 643 емшісі бар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG