Accessibility links

Қазақстандағы этникалық мешіттердің ахуалы


Татар тақиясын киген кәрі адам мешіт қасынан өтіп барады. (Көрнекі сурет)

Татар тақиясын киген кәрі адам мешіт қасынан өтіп барады. (Көрнекі сурет)

Норвегияда орналасқан Forum 18 халықаралық құқық қорғау ұйымы: «Петропавловск қаласындағы «Дин-Мұхаммад» татар-башқұрт мешіті қайта тіркеуден өтпей қалды. Ал Алматыдағы әзербайжан мешіті сот шешімімен жабылды» деп хабарлады.

ЭТНИКАЛЫҚ МЕШІТТЕРГЕ «ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ЖОҚ»

Қазақстанда бірнеше ұлт өкілдері мешіттерін жауып тастай ма деп қауіптенеді. Бұл елде татар, башқұрт, шешен, әзірбайжан, тәжік және дұнған сияқты саны аз этникалық мұсылмандардың мешіттері бар. Олардың кейбірі сүннит, кейбірі шиит бағытын ұстанады.
Мешітте намаз оқып тұрған мұсылмандар. (Көрнекі сурет)

Мешітте намаз оқып тұрған мұсылмандар. (Көрнекі сурет)


Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігінің мұсылман қауымдарымен жұмыс жүргізетін бөлімнің бастығы Балтабай Метежанов желтоқсанның 7-сі күні Forum 18 ұйымына этникалық мешіттерге «тыйым салынбағанын» айтты.

Forum 18 ұйымы «Қазақстанда ұлттық негізде құрылған басқа да діни қауымдар бар. Мысалы, орыстың православие шіркеуі мен армян шіркеуі еш кедергісіз қайта тіркелді» деп жазады.

ТАТАР-БАШҚҰРТ МЕШІТІНІҢ ЖАБЫЛУ ҚАУПІ

Татарлар Forum 18 ұйымына "Қазақстан жерінде татарлар мен башқұрттардың тұрып жатқанына 400 жылға жуық уақыт болғанын" айтқан.

Петропавловск қаласында шамамен 20 мыңға жуық татар тұрады. «Дин-Мухаммад» мешіті осыдан 160 жыл бұрын тұрғызылған. Совет заманында мешітті қойма ретінде пайдаланып, кейін саунаға айналдырған. Қазақстан тәуелсіздік алған соң мешітті қайта қалпына келтірген қауым 16 жыл бойы ресми тіркеліп, жұмыс істеп келеді.

Алайда қазір қауым мүшелері «салт-дәстүрлерімізді жоғалтып аламыз ба» деп алаңдап отыр.

Қудалаудан қауіптеніп, аты-жөндерін атаудан бас тартқан қауым мүшелері Forum 18 ұйымына «Балаларымыз Құран дәрістерін оқып, татар тілі мен салт-дәстүрлерімізді үйреніп жүрген мешітімізді билік жауып тастамақ» деді.
Қазақстандық татарлар сабантойда ән айтып тұр. 5 маусым 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық татарлар сабантойда ән айтып тұр. 5 маусым 2009 жыл. (Көрнекі сурет)


Қауым мүшелерінің айтуынша, мешіт имамы Рафаэль Рязаповқа желтоқсанның 5-і күні «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкеріміз» деп, екі ер адам келіп, мешіт құжаттарының түпнұсқасын талап еткен. Әлгі адамдар «мешіттің облыстық әділет департаментіндегі құжаттары жоғалып кеткенін» айтып, «құжаттардың түпнұсқасын департаментке өткіземіз» деген.

Алайда Солтүстік Қазақстан облыстық ҰҚК департаменті Forum 18 ұйымына «Дин-Мухаммад» мешіті туралы іске ешқандай қатысымыз жоқ, діни бірлестіктердің мәселесімен дін істері жөніндегі агенттік айналысады» деп жауап берген.

Қарашаның 15-інде өткен Қазақстандағы діни ілімдердің екінші форумында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) өкілдері «Дин-Мухаммад» татар-башқұрт мешітінің жабылғанын хабарлады.

«БІРТҰТАС ИСЛАМ»

Қазақстанның Дін істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаменті Forum 18 ұйымының өкілдеріне биліктің «Дин-Мухаммад» мешітін жабу ниеті жоқ екенін, оны қайта тіркеуден өткізу туралы шешімді облыстық әділет басқармасы қабылдайтынын» айтты.

Ал әділет департаменті мамандары бұл мешітті дін істері жөніндегі агенттіктің сараптамалық қорытындысына байланысты қайта тіркеуден өткізетінін хабарлаған.

Forum 18 ұйымына әділет департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Қожахметова:

- Біз - діни қауымның құжаттарын тексеріп, дін істері жөніндегі агенттік маманының сараптамалық ұйғарымы негізінде заңдастыратын органбыз. Біз қауымды тіркеуден өткізуге болатыны немесе болмайтыны туралы дін істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаментінің шешімін күтіп отырмыз, - деп жауап берген.
Мешітте отырған татар ақсақалдары. (Көрнекі сурет)

Мешітте отырған татар ақсақалдары. (Көрнекі сурет)


Желтоқсанның 5-інде Forum 18 ұйымымен телефон арқылы хабарласқанда, дін істері жөніндегі агенттіктің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің жетекшісі Нұрислам Ғабдуллин «Ислам дінінде этникалық тегіне қарай бөлу жоқ және татар, шешен мешіті деген болмайды» деді.

Forum 18 ұйымы хабарламасында маманның «Қазақстан мұсылмандары этникалық тұрғыдан бөлінбей, біртұтас ислам болуы тиіс» деген сөзін келтірген.

Нұрислам Ғабдуллиннің айтуына қарағанда, мешіт жарғылық құжаттарында өзін «Дин-Мухаммад» татар-башқұрт діни қауымы» деп көрсеткен, ал «Қазақстанда бұлай болуы мүмкін емес. Мешіттің атауындағы «татар-башқұрт» деген сөздерді алып тастау жеткіліксіз. Олар мұсылмандардың діни басқармасына мүшелікке өтуі тиіс».

«Неліктен бұл қауымды діни басқармаға мүшелікке өтуге мәжбүрлейсіздер?» деген сұраққа Нұрислам Ғабдуллин «біз Англиядан қаржыландыратын әр түрлі діни секталар, қозғалыстар мен экстремистердің болғанын қаламаймыз» деп жауап берген.

Ол істің егжей-тегжейін сұраған кезде экстремистер деп «Дин-Мухаммад» қауымын меңземегенін мәлімдеп, басқа сауалға жауап беруден бас тартып, телефонды тастай салды.

Қауым өкілдері ҚМДБ құрамына кіргісі келмейді. Өйткені «мешітті басқаруға қазақ имамдары тағайындалса, өзіміздің діни және мәдени дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыздан айырылып қаламыз» деп қауіптенеді.

ӘЗЕРБАЙЖАН ҚАУЫМЫ ЖАБЫЛҒАНЫН АЙТТЫ

Қудалаудан қауіптеніп, есімдерін атаудан бас тартқан, Алматыдағы Жетісу ауданында орналасқан «Фатима» әзербайжан шиит қауымының мүшелері Forum 18 ұйымына «қауымның Алматы қаласындағы ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен ресми түрде жабылғанын» айтты.
Мешітте дұға жасап отырған адам. (Көрнекі сурет)

Мешітте дұға жасап отырған адам. (Көрнекі сурет)


Сот қауым иелігіндегі бір қабатты ғимарат пен нарықтық бағасы шамамен 300 мың доллар болатын 600 шаршы метр жер теліміне қамау салған.

Сот шешімі Алматы қаласы әділет департаментінің қараша айының аяғында берген талап-арызы негізінде қабылданған.

Қауым мүшелері «сүнниттік бағытты ұстанатын ҚМДБ құрамына кіруден бас тартқанымыз үшін қайта тіркеуден өтпедік» деп есептейді.

Алайда Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігінің Алматы қаласындағы департаменті мамандары Forum 18 ұйымына «қауымды жабу туралы шешім құрылтай құжаттары дұрыс болмағандықтан қабылданғанын» айтты.

Дін істері агенттігінің Алматы қалалық департаментінің төрағасы Нұржан Жапарқұлдың айтуынша, қауым «өз иелігіндегі меншік пен құжаттарын заң талаптарына сәйкестендірген соң, жаңа ұйым ретінде тіркеле алады». Ол қауым ҚМДБ-ға кірмеген соң тіркеле алмады деген болжамды жоққы шығарды.

Қауым төрағасы Хажы Азизаға Ғамбаров Forum 18 ұйымына берген сұхбатында қауымның жабылғаны туралы айтқысы келмей, «қауым мүшелері бұл мәселенің оң шешім табатынынан әлі үмітті екенін » айтқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG