Accessibility links

Қазақстанда діни азшылықтарды қыспаққа алудың жаңа кезеңі басталды


Қазақстан кришнаиттері діни мейрамын атап өтіп жатыр. Көрнекі сурет. Шілде айы, 2007 жыл

Қазақстан кришнаиттері діни мейрамын атап өтіп жатыр. Көрнекі сурет. Шілде айы, 2007 жыл

Халықаралық Forum 18 («Форум 18») ұйымы Қазақстанда діни азшылыққа жататын ұйымдар мен топтарға қарсы кең көлемді шектеу шаралары қолға алынды деп жазады.


Діни сенім бостандығы мен оның жүзеге асуын қадағалайтын халықаралық Forum 18 ұйымы мамырдың 6-сында жариялаған баяндамасында Қазақстанда діни топтар мен ағымдарға қарсы шаралар қоғамда төзімсіздік идеясын насихаттап, олар жайлы теріс пікір қалыптастырып отыр деп санайды. Аталған шара елде діни сенім бостандығын шектейтін заң қабылдау үшін жасалып жатуы мүмкін дейді ұйым.

ПРЕЗИДЕНТ ДІН МӘСЕЛЕСІН БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНЕ ЖҮКТЕДІ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов діни бірлестіктерді қадағалау шараларын күшейтуге шақырды. Мұндай мәлімдемелер діни азшылық санатындағы бірлестіктерге полиция мен қауіпсіздік ұйымдары сияқты органдардан қысым күшейіп тұрған кезінде жасалғанын айтады Forum 18. Діни азшылықтардың қызметін тексеруді мемлекет тарапынан қаржыландырылатын діни ағымдарға қарсы қоғамдық қор ретінде құрылған консультативтік орталықтар атқарып отыр.

Діни ұйымдар мұндай орталықтардың мүшелері мемлекеттің бақылауындағы республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып қоғамдық жік тудырып отыр деп санайды.
"Жаңа өмір" шіркеуінің бұрынғы мүшелері діни ұйымды "әшкерелеп" баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы қаласы

Мемлекеттік органдардың қырына іліккен діни бірлестіктер «Кришна санасы қоғамы», «Иегова куәгерлері» және протестанттар «деструктивті діни ағымдар» ретінде көрсетіле бастады. Шымкент қаласындағы ахмадилік мұсылмандарға да жергілікті билік тарапынан қаладағы бірлестіктерін жауып тастау қаупі төніп тұр. Діни ұйымдарға қарсы науқан діни сенім және ар-ұждан бостандығын шектейтін заң қабылдау үшін жасалып жатыр деген мәлімет келіп түсті.
Біздегі мұсылмандар бірлестігі мен православтық христиандар Қазақстанды бөтен ойлы түрлі діни ағымдар мен ұйымдардың кіріп кетуінен қорғауы керек.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция өкілдері Ақтөбедегі «Жаңа өмір» шіркеуін тексеру барысында биліктің қудалауынан қауіптеніп атын атамауды өтінген ағым мүшелері сәуірдің 29-ында орган өкілдерінің оларға «қауіпті сектада» екендігін айтқаны бұған дәлел болады деп жазады Forum 18.

Сәуірдің 18-інде Астанада Қазақстан халықтарының ассамблеясында сөз сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Дінаралық және этникааралық қатынастарды ғылыми түрде зерттеу баса назар аударуды қажет етеді. Мен еліміздегі діни мәселе жайында айтқым келеді. Біздегі мұсылмандар бірлестігі мен православтық христиандар Қазақстанды бөтен ойлы түрлі діни ағымдар мен ұйымдардың кіріп кетуінен қорғауы керек. Бұл мәселені жеке бақылауға алуды білім және ғылым министрлігіне тапсырамын» деп мәлімдеген.
Ресми билік өкілдері Forum 18 ұйымына президенттің осы сөзіне түсініктеме беруден бас тартқан. Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметқали Сарыбеков, президенттің баспасөз хатшысы Бағлан Майлыбаев және мәдениет министрінің діни ұйымдармен жұмыс істейтін орынбасары Ғазиз Телебаевтың пресс-атташесі ұйымға жазбаша жауап беретіндерін жеткізген.

МЕШІТ САЛУҒА РҰҚСАТ БЕРМЕУ

Forum 18 ұйымына сұхбат берген Қазақстандағы дін істері бойынша тәуелсіз маман «мемлекеттің діни бірлестіктердің қызметіне араласуы Конституцияға қайшы келеді» деп санайды. Жоғарыдағы билік өкілдері президенттің елдегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен орыс православие шіркеуіне белгілі бір мемлекеттік функцияны тапсырып отырғанын да айта кеткен.

Оларға білім және ғылым министрлігімен бірлесе діни азшылықты құрайтын топтарға қарсы қоғамдық күрес ұйымдастыру тапсырылды. Қазақстан діни сенім бостандығын алға тартып, мектептерде оқушыларды төзімсіздікке баулитын даулы оқулық қолданып отыр деп жазады Forum 18 ұйымы.
Дербес мұсылман ұйымдарына да оларды елдің басты діни бірлестігі ҚМДБ-ның қарамағына өткізу үшін қысым жасалады. Бұл жайында Forum 18 ұйымына Қазақстандағы аз ұлттардан шыққан сунниттік және шииттік мұсылмандар өз мешіттерін ашу үшін мемлекет пен діни басқарма зор қиындық шектіріп отырғанын жеткізген.
Еркебұлан Қарақұлов, ҚМДБ діни талдау мен сараптама бөлімінің меңгерушісі "Айт-Парк" клубында сөз сөйлеп отыр. Алматы, 15 қыркүйек 2010 жыл

Жоғарыда аталған тәуелсіз бақылаушы секталарға қарсы үкіметтік емес ұйымдардың орталық билікпен бірлесе діни бірлестіктерге, әсіресе өте белсенді және мүшелері көп діни топтарға шүйлігетінін атап өткен.

Бұған мысал ретінде Forum 18 ұйымы Шымкентте аймақтық мүлік жөніндегі мемлекеттік инспекцияның жергілікті ахмадийлік ағымдағы мұсылман ұйымына өз жерлерін пайдалануға және оған діни мақсатта пайдаланатын құрылыс салуға хақы жоқ деп айып таққанын келтіреді. Ахмадия діни тобының өкілдері Forum 18 ұйымына мамырдың 6-сында билік өздерінің Шымкенттегі филиалын жабуға тырысып жатыр деп қауіптенетінін айтыпты. Ал осы мәселе бойынша Forum 18 ұйымына пікір білдірген Шымкенттегі арнайы экономикалық соттың судьясы Ерлан Серәлиев қалалық билік органдары ахмадийлік ағым басшылығына жерлерін заңдастырмайынша, қызметін тоқтата тұрғандары жөн екендігін ескерткен. Судья: «Біздің ағымның жер меншігін тартып алмақ ойымыз жоқ» деп, ары қарай түсінік беруден бас тартқан.

ҚЫЛМЫСТЫҚ СИПАТ ТАҢУ

Билік бұған дейін де діни ұйымдарды нысанаға алуды көбінесе осы секілді мүлікке қатысты іс қозғаудан бастайтын дейді Forum 18.

Президенттің сөзінен соң іле-шала сәуірдің 19-ында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қаладағы әкімшілік құрылымдарға «діни ағымдардың» жұмысын қадағалауды тапсырған. Әкім: «Біз орта ғасырларға қарай кетіп барамыз. Ал жастар діни ағымдардың ықпалында кетіп барады. Білім басқармасы, жастар саясаты және ішкі саясат басқармалары жұмыстарын күшейтсін. Мектептер мен жоғары оқу орындарында зайырлы және жаңа заманға сай өмір сүруді насихаттау керек. Қауіпсіздік мәселесі қала тұрғындарының басты ұраны болуы қажет. Қылмыстың алдын-алу күшейтіліп, әсіресе діни ағымдар ерекше тексерілуі тиіс» деп атап өтті.
Өкінішке қарай үкімет дәстүрлі емес діни ұйымдарға қарсы үгіт-насихат жүргізу үшін арнайы ұйым құрып, христиандарды қауіпті ағым ретінде жарнамалай бастады.

Мемлекеттің қудалауынан қауіптеніп, аты-жөнін жарияламауды өтінген академик Forum 18 ұйымына Алматыдағы билік өкілдерінің қандай да бір қылмыстық оқиғаларды діни ағымдарды қудалауға пайдаланып отырғанын жеткізген. Академик: "Билік кейбір діни ағымдарды ұнатпайды, сондықтан ондай ағымдарға қарсы заң бұзушылықтар әлі де жалғасып отыр" деген.
Ол діни ұйымдарға қарсы орталықтардың ұйымшыдығы мен рөлі жайлы айта келіп: «Бұл орталықтар өте белсенді, олар ұдайы баспасөз конференцияларын өткізіп, оған діни ұйымдарды қоғамдық талқыға салып айыптау үшін сол ұйымдардың бұрынғы мүшелерін шақырады» деген пікір айтады.

Forum 18 ұйымына Алматының орталығындағы атын атамауды өтінген христиан діни ұйымы: «Сәуір айында полиция біздің Алматыдағы филиалымызды тексеріп шықты. Олар компьютерлерді, файлдарды, әдебиеттерді алып кетті. Адамдарды тергеп, ҰҚК кеңсесіне жауап алуға алып кетті. Өкінішке қарай үкімет дәстүрлі емес діни ұйымдарға қарсы үгіт-насихат жүргізу үшін арнайы ұйым құрып, христиандарды қауіпті ағым ретінде жарнамалай бастады» деп мәлімдеген.

ДІН ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАЙТА ҚАРАЛУЫ МҮМКІН

Ал Алматыда тұратын дінтанушы, профессор Артур Артемьев Forum 18 ұйымына мұндай шаралар діни бостандықты шектейтін жаңа заң қабылдау үшін жасалуы мүмкін деп ойлайтынын, алайда, бұған қатысты ешқандай ресми мәлімдеменің жоқ екендігін білдірген.

Профессор Артемьев діни ағымдарға қарсы орталыққа ресми түрде тіркелген діни ұйымдарға «шабуыл» жасауға ерік берілгенін айтады. Бұл үшін аталған орталыққа елдегі жетекші телеарналардан арнайы уақыт берілгенін, басылымдарға мақалалар жариялауға және ақпарат құралдарын қатыстырып баспасөз жиындарын өткізуге мүмкіндік берілгенін алға тартады.
ЕҚЫҰ-ның конференциясына қатыстырылған әйел өзінің діни секталардан зардап шеккенін айтып отыр. 30 маусым 2010 жыл

Ресми билік пен билеуші партияның саясаткерлері біраздан бері 1992 жылы қабылданған діни сенім бостандығы жайындағы заңды қатайтуға тырысып келеді. Аталған заңды және дінге қатысты өзге де заңдарды шектеуге қатысты өзгерістер енгізілген соңғы заң жобасы Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға болмай тұрып кері қайтарылған болатын. Алайда, адам құқығын қорғаушылар бұған дейін ол заң жобасының қайта қарауға ұсынылатынын болжаған. Сенатор Ғарифолла Есім де ол заң жобасының қаралып жатқанын айтады.

Forum 18-дің жазуынша билік басындағы «Нұр-Отан» партиясының 2010 жылғы шілдеде «дәстүрлі емес» діни ұйымдарға қарсы және діни сенім бостандығын қатаңдатуға шақырған ішкі құжаты адам құқығын қорғаушылар мен бірқатар діни ұйымдарды алаңдатып тастаған.

ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ «ҚАРА ТІЗІМІ»

2010 жылдың желтоқсан айында Forum 18 ұйымына сұхбат берген діни ағымдарға қарсы орталықтардың бірі ретінде танылып жүрген "Перспектива" қоғамдық қорының өкілі Елена Бурова деструктивтік ағымдар мен культтердің ресми тізімі бар екендігін атап айтқан. Бірақ ол тізімде нақты қандай ағымдардың бар екендігін және оны кімдердің жасап шыққанын, ол ағымдарға қатысты қандай шаралар жоспарланып отырғанын айтаудан бас тартыпты.

Өз ұйымының қызметін Елена Бурова: «Қоғамда деструктивті ағымдардың теріс жағы турасында пікір қалыптастыру үшін үлкен саяси күш-жігер жұмсалып жатыр, әрі біз соның маңызды бір бөлігі болып табыламыз. Біз қоғамдық іс-шаралар, акциялар өткіземіз. Бұрын сол ағымдардың құрбаны болып кеткен бұрынғы мүшелерді қатыстырып телехабарлар дайындаймыз» деп сипаттапты.
"Вифания" шіркеуінің мүшелері құлшылыққа жиналды. Алматы

Көкшетауда орналасқан діни ағымдарға қарсы тағы бір «Сана» атты орталықтың өкілі Гүлнәр Оразбаевадан Forum 18 ұйымы діни ағымдарды, мәселен «Жаңа өмір» шіркеуін билік орындарының неліктен тексеріп жатқанын білмек болған. Орталық өкілі ол жайында: «Жаңа өмір» шіркеуі - Қазақстанның құндылықтары мен менталитетіне жат идеяларды насихаттайтын ағым» деп жауап беріпті. Ал «Қарағандыда орналасқан «Грейс» шіркеуін не себепті «деструктивті ағым» деп санайсыз?» деген сұраққа ол түрлі ағымдардан 15-ке жуық адамның шағым айта келгенін, бірақ олардың кейбірі ол ағымдардың мүшелері емес, олардың туыстары екендігін айтқан. Ал аз ғана адамның нақты дәлелі жоқ арыз-шағымынан қалайша тұжырым жасайтынын білмек болған ұйымға Гүлнәр Оразбаева: «Бұл тек менің ғана пікірім емес. Өзге орталықтардағы әріптестерім де сондай пікірде» деп жауап берген.

ЗАҢДА ЖОҚ ТҰЖЫРЫМ

Қазақстандағы «Иегова куәгерлері» діни ұйымының заңгері Владимир Воеводин заңда деструктивті ағымдар туралы ешқандай тұжырым жоқ екендігін айтады. Діни ұйымның заңгері: «Біз заңды түрде тіркелдік екен, демек, өмір сүруге құқымыз бар. Ал біреуді жәбірленуші деп тану діни ағымдарға қарсы орталықтың емес, құқық қорғау орындарының құзырына жатады» деген пікір білдірген.
Мемлекет бір жағынан діни ұйымдарды тіркеп, салығын алып отырса, екінші жағынан олардың өзіне қарсы ұйым құрып, оған грант бөледі.

Елена Бурова және Гүлнәр Оразбаева өздерінің орталықтары құрылғалы бері мемлекеттен, мәдениет министрлігінен бірнеше грант алғандарын растаған. Бірақ оның нақты санын айтудан бас тартыпты.

Дінтанушы Артур Артемьев мемлекеттің діни ағымдарға қарсы орталықтарға грант бөлуі заңға қайшы екендігін айтады. Ол мұның себебін былай түсіндіреді: « Тіркелген діни ағымдар мен ұйымдар мемлекетке салық төлейді. Мемлекет бір жағынан діни ұйымдарды тіркеп, салығын алып отырса, екінші жағынан олардың өзіне қарсы ұйым құрып, оған грант бөледі. Яғни, салық төлеушіні өзінің салығымен жазалайды».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG