Accessibility links

Азаматтық қоғамды дамытуға қомақты қаржы бөлінеді, ал баяндамашылар ұлт лидері идеясынан аспайды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Азаматтық форум өткен Тәуелсіздік сарайы. Астана, 24 қараша, 2009 жыл.

Азаматтық форум өткен Тәуелсіздік сарайы. Астана, 24 қараша, 2009 жыл.

Азаматтық форумға қатысатын президентке үнімізді жеткіземіз деп келген 700 делегат мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың ұлт лидері жайындағы қанатты сөздерін тыңдап қайтты. Ал үкіметтік емес ұйымның өкілдері форумда айтылғандарды «іске аспайтын бос сөздер» деп қабылдап отыр.

Азаматтық форумның екінші күні президенттің қатысуымен өтеді деп күтілген еді. Алайда, мемлекет басшысы болған жоқ. Сол себептен де, Тәуелсіздік сарайындағы үлкен залды толтыру форумды ұйымдастырушыларға қиынға соқты. Таңертеңгі сағат 10.00-ға жоспарланған жиын, жарты сағатқа кешігіп басталды. Онда да, ығы-жығы халықтың орындарына отыруы қиын болды.

Әншейінде, президенттің қатысуымен өтетін отырыстарда журналистерді залға кіргізбейтін. Бұл жолы бос орындарды толтыру үшін, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері залға кіргізіліп, тіпті алдыңғы орындарға отырғызылды.

АҚОРДАНЫҢ БАСЫНА ҚОНҒАЛЫ ТҰРҒАН БАҚ

Дегенмен де шулаған залдың ортасында вице-премьер Өмірзақ Шөкеевтің сөзін бастап кетуіне тура келді. Өйткені, қаншама рет ескерту қоңырауы соғылғанымен, оны тыңдар халық болмады.

Ақордадан президенттің құттықтау сөзін жеткізуге келген мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың өзі де үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен көп отырмады. 20 минөттік баяндамадан соң, аз уақыт Шөкеевпен шүйіркелесіп, үзіліс жариялады да шығып кетті.

Сондағы мемлекеттік хатшы әрі сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың айтқаны – 55 жылда бір рет берілетін бақты Қазақстан бір аптадан кейін қолына қондырғалы отыр. Ол – тура бір аптадан кейін Грекия астанасы Афиныға барып, ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдап алу.

Сосын, келесі жылы, ЕҚЫҰ деңгейінде, Астанада азаматтық форум өтеді екен.

«Сол кезде елдегі үкіметтік емес ұйымдарға осы уақытқа дейін қандай дәрежеге жеткенімізді көрсететін уақыт туады», – деді Қанат Саудабаев.

Мұнан басқа, мемлекеттік хатшының айтуынша, алдағы үш жылда азаматтық қоғамды дамытатын институттарға мемлекеттік бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлініпті.

АЗАМАТТЫҚ ФОРУМҒА АЛАЛАП ШАҚЫРУ

Осымен төртінші рет өтіп отырған билік пен қоғам арасындағы диалог болуға тиісті Азаматтық форумның жұмысы «жасанды» деп баға береді Қазақстан еңбек конфедерациясының президенті Серік Әбдірахманов. Оның айтуынша, форум «мұзды жарып шыққан бәйшешек» секілді ұйымдарға шынайы қолдау білдіруі керек еді.

– Өкінішке қарай, билік әлі де болса азаматтық форумға ұйымдарды теріп-теріп шақырады. Себебі, билік тек бір қалыпқа үйреніп қалған. Көтерген мәселелері жүзеге аса ма, жоқ па, бір құдай біледі. Көбі жүзеге аспайды. Өйткені, билік билігінен айрылғысы келмейді. Тек өзіне пайдалы жағын ғана жүзеге асырғысы келеді. Азаматтық ұйымдарға еркіндік беру керек. Ал оның ар жағында саяси партиялардың еркіндігі, ашық сайлау жатыр. Билік осыдан қорқады, – дейді Серік Әбдірахманов.

Бұрынғы мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов сонымен бірге форумға президенттің қатыспағанына да өкініш білдіреді.

– Президент үкіметтік емес ұйымдардың мәселелерін өз құлағымен естуші еді. Оның жанындағы «тілмаштары» бұрып жеткізетіні белгілі. Алдымен өзін келіп мақтайды. Сосын шет жағасын айтады. Осы жағы өкінішті, – дейді Серік Әбдірахманов.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің Азаматтық форумға бірінші рет қатысуы екен. Ол жиынға министрлердің қатысуы таңдандырды дейді. Сол себептен де Азаматтық форум қоғам дамуына қозғау салады деген үмітте. Бірақ үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға монополиялық топтың иелік ететінін айтып отыр.

«Мұның астарында да үлкен қылмыс жатыр» деп атап көрсеткен ол бұл мәселе зерттеуді қажет ететіндігін айтты.

Жалпы ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 35 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркеліпті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG