Accessibility links

Қоғамдық белсенді Тахир Мухамедзяновтың өлі денесі табылды


Қоғамдық белсенді Тахир Мухамедзянов.

Қоғамдық белсенді Тахир Мухамедзянов.

Маусымның 5-і Шахтинск қаласындағы пәтерден азаматтық белсенді Тахир Мухамедзяновтың жансыз денесі табылды. Әріптестерінің айтуынша, ол - жұмысшылардың, әсіресе шахтерлер құқығын қорғаумен айналысқан.


Тахир Мухамедзяновқа бірнеше мәрте қастандық ұйымдастырылып, талай мәрте қысым жасалған. Ол қылмыстардың бірде-бірі осы күнге дейін ашылмай келеді. Қазір Тахир Мухамедзяновтың өлімінің себептері тексеріліп жатыр.

БИЛІККЕ ЖАҚПАҒАН БЕЛСЕНДІ

Тахир Мухамедзянов 2009 жылдан бастап қоғамдық қызметпен айналысты. Ол - «Шахтер отбасы» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары, Қазақстанның социалистік қозғалысының тең төрағасы және «Жаңарту» кәсіподағы орталық комитетінің мүшесі. Биыл 52-ге қараған шағы екен.

Тахир Мухамедзяновтың артында үйлі-баранды екі қызы қалды. Әйелімен бұрынырақта ажырасып, жалғыз тұрып жүрген екен.

Оның сүйегі жалдап тұрып жатқан пәтерінен табылған. Өткен демалыстан кейін жұмысқа да шықпағанына алаңдаған әріптестері оны іздеп барса керек. Оның өлімі әріптестері мен басқа азаматтық белсенділердің күдігін тудырып отыр. «Белгісіз біреулер жақында оған тағы қоқан-лоққы жасағандықтан, бұл күдігіміз одан сайын ұлғайып отыр» дейді «Қазақстанның социалистік қозғалысының» өкілдері.

29 жыл шахтада жұмыс істеген Тахир Мухамедзянов 27 жылын жер астындағы ауыр жұмыспен өткізген. Соңғы жұмыс орны - «АрселорМиттал Темиртау» АҚ иелігіндегі «Тентек» шахтасы. Осы шахтада участок бастығының орынбасары болып істеген. Бірақ көп ұзамай Тахир Мухамедзянов жұмыстан шығарылған. Өзін жұмысқа қайта алу туралы сотқа арыз беріп, «Шахтер отбасы» қоғамдық ұйымынан көмек сұрапты. Бұл бірлестікті 2006 жылы Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан қаза тапқан шахтерлердің жесірлері құрған болатын. Сол жарылыс салдарынан 41 кенші қаза тапқан.

«Шахтер отбасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Томилова Азаттық радиосына бірінші сот Тахир Мухамедзяновтың жұмысқа қайта алу туралы талабын қанағаттандырғанын, бірақ шахтадағылар оны екінші рет жұмыстан шығарудың жолын тапқанын айтады.
"Шахтер отбасы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Томилова. Астана, 28 наурыз 2011 жыл.

"Шахтер отбасы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Томилова. Астана, 28 наурыз 2011 жыл.


- Бізден көмек сұрап келгенде жақынырақ таныстым. Сауатты, көпшіл, жауапты, ұрыс-керіске жоқ екенін аңғардым. Шахта жұмысының қыр-сырын жақсы білетін маман. Жұртшылықпен байланыс орнату жөніндегі орынбасарым болу туралы ұсыныс жасадым. Бізде істеген аз уақыт ішінде ол Қазақстандағы барлық қоғамдық бірлестіктермен байланыс орнатып үлгерді. Ашық мінезді, турашыл болатын. Ұрыс-керіске жоқ болғанымен, шындықты бетке айтатын. Кейде басу айтып, тоқтататынмын. Қазақстанда оны білетіндер көп. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінен қоңырау шалып, мән-жайды сұрап жатыр. Оның өлімін естімегендер де бар. Естіген соң не болатынын білмеймін. Үш ауысым бойы жұмыс істеп, үйіне келген бетте жүрек талмасынан қаза тапқан шахтер жайлы жазған мақаласын қазір ғана оқып шықтым. Құдды өзі жайлы жазылғандай. Сол бір шахтерге араша түскісі келіп еді, - дейді Наталья Томилова.

Наталья Томилова оның өлімінің себебін білмейтінін айтты. Медициналық сараптама әлі жасалмаған. Әйтсе де, кейбір жорамалдарын айтқан ол «Тахирдің өліміне не себеп болғанын білмеймін. Әлденендей қорытынды жасауға әлі ерте. Ұрып-соқса, зорлық белгілерін жасырып қалмасын деп өзім кірдім. Үйдің ішінде алыс-жұлыстың белгісі болса, байқалар деп едім. Бірақ ондай ештеңені көрмедім. Тек оның балкон түбінде жатқанын көрдім. Есік ашық екен, соққының іздері байқалмайды. Бірақ сарапшы емеспін ғой. Беті адам танымастай көгеріп кетіпті. Бастапқыда ұрған шығар деп қалдым. Артынан жүрек талмасы екенін айтты. Ол сенбі ме, жексенбі ме - осы екі күннің бірінде қайтыс болғанға ұқсайды» деді.

«Шахтер отбасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымының орынбасары ретінде Тахир Мухамедзянов қоғамдық ұйымдармен, қазір жұмыс істеп жүргені, бұрын істегендері бар - мүгедек шахтерлермен байланыс орнату міндетін атқарған.

- Шахтадағы жұмыстың қыр-сырын жақсы білгендіктен, шахтерлерге көп көмектесті. Оның айтқандарынан көп нәрсені үйрендім. Оның кеңестері шахтерлердің құқығын қорғап сот отырыстарында сөйлеген кезде көп пайда беретін. Іссапарға жиі шығып жүрді. Соңғы рет Жезқазғанға басшыларына талап қойған шахтерлерді қолдау үшін барып қайтты, - дейді Наталья Томилова.

Тахир Мухамедзянов таяуда Алматыға баруды жоспарлап жүрген екен. Наталья Томилованың айтуынша, ол «Жаңаөзен оқиғасы жайлы сөйлесу үшін» бір адаммен кездеспек болған. Бірақ іссапарға жетпей қайтыс болып кетті.

БЕЛСЕНДІГЕ БІРНЕШЕ МӘРТЕ ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ ЖАСАЛҒАН

Оның әріптестерінің айтуынша, Тахир Мухамедзяновқа жан-жақтан қысым болған. «Жаңарту» тәуелсіз кәсіподағының орталық комитетінің мүшелері:

- Тахир - қарапайым жұмысшылардың құқы үшін табандылықпен күрескен адам. Билік оған бірнеше мәрте қастандық ұйымдастырды. Соңғы кездері белгісіз біреулер оған үнемі қоқан-лоққы жасап жүрді, - дейді.
Тахир - қарапайым еңбекшілердің құқы үшін күрескен адам. Билік оған бірнеше мәрте қастандық та ұйымдастырды. Соңғы уақытта оған белгісіз біреулер үнемі қоқан-лоққы көрсетіп жүрді.

Осыдан бір жыл бұрын біреулер оның көлігі мен гаражын өртеп кеткен. Гаражға таяу маңнан Тахир Мухамедзяновтың құжаттары мен соңғы жылы жинаған мұрағаты табылыпты. Белсенділердің айтуынша, құжаттардың табылуы - жарылыстың ұйымдастырылғанының дәлелі. «Шахтер отбасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Томилова:

- Кінәлілерді таппады. Күдіктілердің кінәсін дәлелдеу қиын. Мұндай жағдайлардың барлығын біз қызметімен байланыстырамыз. Дұшпанымыз көп. Негізгі жауымыз - сот отырыстарында шахтерлер талабымен қалтасындағы миллиондаған қаржысынан айырылып жатқандар. Бұл істің қаншалықты күрделі екенін өзіңіз де білесіз ғой. Соттағы төрешілер мен прокурорлардың өздері жұмыс берушіні жақтап жатқанда, басқа не айтуға болады? Тахирге «шахтер отбасыларына жолама» деген талай қоқан-лоққы болды. Бірақ өжет адам еді. Тіпті жындыханаға да жауып тастағылары келген. Бірақ қызы келіп қалып, ойлары іске аспай қалды, - деп еске алады.

Бірлестік белсенділері былтырғы жарылыс марқұмның шахтерлер мен олардың жесірлерінің құқықтарын қорғау қызметімен тікелей байланысты деп есептейді. Қазақстанның социалистік қозғалысының да пікірі осындай.

Төменде Тахир Мухамедзяновтың «АрселорМиттал Темиртау» шахталарындағы тозығы жеткен құрал-жабдықтардың кесірінен жарылыс болып жататыны, шахтерлердің қаза табатыны жайлы жазған мақаласынан үзінді беріліп отыр:

«Шахтада күні бүгінге дейін тәртіп жоқ. Ұңғыдан 250-300 метр жүрсең болды - бәрін көресің. Шахта жолдары да әрең ілініп тұр. Шахтаға түскен комиссия, инспекциялар жаяу жүрмейді. Оларды тиісті жерге трамваймен апарады. Жандарында участок бастығы еріп жүреді. Шахталардағы жағдайдың оңатын түрі жоқ, керісінше кетеуі кетіп барады. Техникалық қауіпсіздік ережелерін орындаудағы кемшіліктерді жою үшін қыруар қаржы бөлінеді емес пе? Қайда кетіп жатыр? Жарылыс жиілеп кетті. Осы сорақылықты көріп-біліп жүрген шахтерлер басын қауіпке тігіп, күнде осында түседі. Олардың бүгінгі жұмыстан аман қайтарына сенімі жоқ. Ертең бала-шағасына аман-сау орала ма, жоқ па - білмейді. Тозығы жеткен, қоқысқа тасталатын жабдықтармен жұмыс істейді. Мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, ескі-құсқыны жөндеп, бояған болады да, қайтадан шахтаға түсіреді».

Азаттық радиосының тілшісі Қарағанды облысының ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жаңатай Сембековпен хабарласты. Ол «Кеше, маусымның 5-і күні сараптама белгіленген. Нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады. Зорлықпен өлтірілген белгілері жоқ» деді.

Youtube желісінен алынған мына видеода Тахир Мухамедзянов қандай қоқан-лоққы көргенін баяндаған. Видео 2010 жылы түсірілген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG