Accessibility links

Қазақстандық төрт олимпиада чемпионы жарыстан шеттетілді


Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Лондон олимпиадасында жеңіске жеткен кезі. 4 тамыз 2012 жыл. Сурет олимпиада ойындарының ресми сайтынан алынды.

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Лондон олимпиадасында жеңіске жеткен кезі. 4 тамыз 2012 жыл. Сурет олимпиада ойындарының ресми сайтынан алынды.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Лондон олимпиадасы кезінде алынған сынамаларды қайта тексергенде он атлеттің допинг қолданғаны расталғанын хабарлады. Олардың арасында қазақстандық төрт спортшы бар.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) жариялаған «допинг сынамалары оң нәтиже берген» спортшылар тізімінде 2012 жылғы Лондон олимпиадасында алтын ұтып алған қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Мая Манеза бар.

Ақпартқа сәйкес, Светлана Подобедова мен Мая Манезаның сынамасынан рұқсат етілмеген станозол, Зүлфия Чиншанлоның қанынан станозол мен оксандролон, Илья Ильиннің сынамасынан дегидрохлорометилтестостерон препараты табылған.

IWF тізімінде төрт қазақстандықтан бөлек үш Беларусь атлеті және Ресей, Әзербайжан, Украинадан бір-бір спортшының аты-жөні аталған.

IWF ережесіне сай, он атлет тексеру толық аяқталғанға дейін ресми жарыстардан шеттетілді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (сол жақта) екі дүркін олимпиада чемпионы атанған Илья Ильинге мемлекеттік награда табыс етіп тұрған сәті. Астана, 17 тамыз 2012 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (сол жақта) екі дүркін олимпиада чемпионы атанған Илья Ильинге мемлекеттік награда табыс етіп тұрған сәті. Астана, 17 тамыз 2012 жыл.

Осыған дейін Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті Пекин мен Лондон олимпиадаларына қатысқан бес қазақстандық спортшының сынамасын қайта тексергенде допинг іздері табылғаны және В сынамасын тексеру процесі жүріп жатқанын хабарлаған еді. Халықаралық допингке қарсы ұйым (WADA) ережесіне сай, А сынамасында допинг табылған жағдайда В1 сынамасы тексеріледі. Егер В1 сынамасы оң нәтиже берсе спортшы уақытша жарыстан шеттетіліп, В2 сынамасын ашуға рұқсат беріледі. Бірақ В2 сынамасын ашу ақылы түрде жүргізіледі. Спортшы мен мемлекет В2 сынамасын тексертуге ниет білдірсе шығынын толық өздері көтеріп алуы тиіс. Қазір допинг дауына қатысты тексеру IWF пен Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан әлі жалғасып жатыр. Екі ұйым B2 сынамасын ашуға өтініш қабылдауға да уақыт береді.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы алдағы уақытта Халықаралық олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясының тыңдауы өтетінін, осы жиында төрт қазақстандық атлеттің Рио олимпиадасына қатысу-қатыспауы және Лондон медалін қайтарып беру мәселесі шешілетінін хабарлады.

IWF 2008 жылғы Пекин олимпиадасының да допинг сынамалары қайта тексерілгенін және оның қорытындысы алдағы күндері жарияланатынын хабарлады.

Лондон Олимпиадасының чемпиондары Майя Манеза (сол жақта), Зүлфия Чиншанло (ортада), Светлана Подобедованы (оң жақта) марапаттау шарасы. Талдықорған, 15 тамыз 2012 жыл.

Лондон Олимпиадасының чемпиондары Майя Манеза (сол жақта), Зүлфия Чиншанло (ортада), Светлана Подобедованы (оң жақта) марапаттау шарасы. Талдықорған, 15 тамыз 2012 жыл.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы ресми мәлімдемесінде «федерация, Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті мен Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі бірігіп спортшыларға барлық құқықтық көмектер көрсетеді» делінген.

Егер ХОК-тың тәртіптік кеңесі отырысында қазақстандық төрт атлеттің допинг қолданғаны түбегейлі дәлелденсе олимпиаданың үш алтыны ресейлік ауыр атлеттерге берілуі мүмкін. Лондон олимпиадасында Илья Ильин чемпион атанған 105 килограмм салмақ дәрежесінде Александр Иванов, Мая Манеза сынға түскен 63 килограмда - Светлана Царукаева, 75 килограмда Светлана Подобедовамен бәсекеге түскен Наталья Заболотная күміс жүлдегер атанған. Ал 53 килограмда Зүлфия Чиншанлодан жеңілген тайпейлік Сюй Шуцзин екінші орын иеленген еді.

Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло Лондон олимпиадасында алған алтын медальді көрсетіп тұр. Ұлыбритания, 29 шілде 2012 жыл.

Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло Лондон олимпиадасында алған алтын медальді көрсетіп тұр. Ұлыбритания, 29 шілде 2012 жыл.

Зүлфия Чиншанло мен Мая Манеза 2007 жылы Қазақстанға Қытайдан келген. Ал Светлана Подобедова 2006 жылы Ресей азаматтығын Қазақстан азаматтығына ауыстырған.

Допинг дауына ілінген қазақстандық төрт ауыр атлет те Рио олимпиадасына баратындардың тізіміне еніп, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан.

Қазақстан 2012 жылы Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола медальмен жалпы есепте 12-орын алған. Жеті алтынның төртеуін ауыр атлетика құрамасы иеленген еді.

Илья Ильин 2008 жылғы Пекин және 2012 жылғы Лондон олимпиадаларында алтын алып, Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі дүркін олимпиада чемпионы атанған.

Бұған дейін 2015 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында күміс пен қола жүлделер алған қазақстандық Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев та «допинг қолданды» деген айыппен уақытша жарыстан шеттетілген еді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG