Accessibility links

Қазақстанға франшиза басқа елдер арқылы келеді


Coca-Cola сауда белгісі жанында тұрған адамдар. Көрнекі сурет.
Coca-Cola сауда белгісі жанында тұрған адамдар. Көрнекі сурет.

Сауда маркаларының франчайзингі Қазақстанға тікелей келмегендіктен, тауарлар мен қызметтердің бағасы қымбат.


Сарапшылардың пікірінше, логистика саласындағы қиындықтарға байланысты жергілікті нарықта ірі брендтер жоқ.

«МҰҚАБАҒА ШЫҒУ ҮШІН»

Forbes Kazakhstan журналының бас редакторы Рашид Дүйсембаев Азаттық тілшісіне «Forbes журналының франчайзинг негізінде құрылған қазақстандық нұсқасы пайда болысымен, бұл басылымның ресейлік аналогының Қазақстандағы сатылу деңгейі түсіп кетті» дейді.

Forbes Kazakhstan - франшиза принципі бойынша шыққан басылым. Сондықтан кез келген бизнестің қалыптасуы үшін аса қажет жарнама сияқты маңызды элементке Forbes Kazakhstan басылымының көп қаржысы мен уақыты кеткен жоқ.

Forbes Kazakhstan журналының мұқабасы
Forbes Kazakhstan журналының мұқабасы
- Біздің басылым бірден өз оқырмандарын тауып, танымал болып үлгерді. Ісіміз өте жақсы жүріп жатыр. Тұтастай алғанда, біз америкалық Forbes журналының жалпы тұжырымдамасына сүйенеміз. Биыл мамыр айында әзірлеген «Ең бай қазақстандықтар» деген алғашқы рейтингіміз жұрттың қызығушылығын тудырып, көп талқыланды, - дейді Рашид Дүйсембаев.

Осы рейтингке енген адамдар, мысалы, шоу-бизнес продюсерлері бұл жаңалықты бастапқыда сақтықпен қабылдаған болатын. Енді редакцияға телефон соғып, «журналдың мұқабасына шығу үшін қанша ақша төлеу керек?» деп сұрайтын болды.

- Forbes журналын мысалға алсақ, франшиза принципі тиімді жұмыс істейді. Егер сіз маркасы белгілі фастфуд ашсаңыз, қауіп деңгейі бірнеше есе төмендеп, бизнесіңіз бірден өрлейді, - дейді Рашид Дүйсембаев.

БІЗГЕ ФРАНЧАЙЗИНГТІҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?

"Франчайзинг" ұғымын кең ауқымда алып қарасақ, франчайзер - өзінің сауда маркасын, бизнесті жүргізу технологиясы мен кеңестерін белгілі бір шартпен франчайзаға беретін серіктестік бизнес. Франчайза бұл интеллектуалдық меншікті өз кәсібін ашу үшін пайдаланады. Лицензияны беру жөніндегі мәміле дайын тауар өндіру мен қызмет түрлерін ұсынудан бастап, маркетинг жоспарын құруға дейін - экономиканың барлық саласын қамтуы мүмкін.
Алматыдағы KFC дүкені. 20 қыркүйек 2012 жыл.
Алматыдағы KFC дүкені. 20 қыркүйек 2012 жыл.

Бұл тұрғыдан алғанда, франчайзинг кез келген кәсіпкерге өзінің ойына алған жоспарларын инвестициясыз және қауіпсіз іске асырып, белгілі сауда маркасын пайдалану арқылы табысқа жету мүмкіндігін береді.

Экономикасы дамып келе жатқан ел ретінде Қазақстан - франчайзинг жүйесі негізінде бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндікке ие. Қазақстанның франчайзинг нарығы әлі толықпағандықтан, елге келетін жаңа бизнес-технологиялармен бірге шағын және орта бизнестің үлесі де ұлғаюы тиіс.

450 ФРАНЧАЙЗИНГ ЖҮЙЕСІ

Бекнұр Қисықовтың «Қазақстандағы франчайзинг» кітабы қазақ жеріндегі франчайзинг саласының даму тақырыбына арналған. Автор «Қазақстанда франчайзинг Coca-Cola зауыты ашылған 1994 жылы пайда болды» деп жазады. Бұл сауда маркасының сублицензиясының иесі - түрік лицензиары.
Бекнұр Қисықов
Бекнұр Қисықов

Ізінше халықаралық дәрежедегі бес жұлдызды «Рахат Палас» қонақ үйі, әлемге әйгілі өндірушілердің сәнді киімдерінің фирмалық бутиктері ашылды. Халықаралық франчайзинг орталығының деректері бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы айналымы бір жарым миллиард доллар болатын 450 франчайзинг жүйесі жұмыс істейді.

Қазақстанға франчайзинг жөніндегі ұсыныстардың басым бөлігі Ресейден түседі. Әріптестік желілер мен нысандарды дамыту жөніндегі ресейлік брендтермен жасалған мәмілелер де көп. Қазақстанның франчайзинг нарығында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия сияқты елдердің белгілі брендтері де бар.

ГЕОГРАФИЯ ЖӘНЕ ЛОГИСТИКА

Қазақстанға франшизаның төте жолмен емес, үшінші елдер арқылы келуін Бекнұр Қисықов географиялық проблемалармен байланыстырады:

- Франчайзингтің кіндігі Еуропа, АҚШ, Қытай, Корея, Жапонияда. Біз ол орталықтардан шалғай жатқандықтан, Ресей, Түркия арқылы сатып аламыз. Білесіз бе, жақында америкалық бір бренд сонау Кувейт арқылы келді. Жол шалғай болғандықтан біздегі тауарлар мен қызметтердің бағасы да қымбат, - дейді Бекнұр Қисықов Азаттыққа берген сұхбатында.

Тбилисидегі McDonald’s. Көрнекі сурет.
Тбилисидегі McDonald’s. Көрнекі сурет.
Ол «біздің елде 16 миллион ғана адам тұрады, қалалар бір-бірінен тым алыс орналасқан, халық сирек қоныстанған, яғни бізде логистика саласы дамымаған. McDonald’s немесе Subway сияқты ірі брендтердің біздің елге келмейтіні де содан. Олардың бизнеске құйған инвестициясын ақтауы қиын» дейді.

Қазақстанда франчайзингтің дамуы, тіпті Ресейдің өзінде жоқ заңдармен реттелгенімен, ел аумағында бұл процестерді үйлестіріп отыратын мемлекеттік орган жоқ. Франчайзингті дамытудың мақсатты бағдарламасы да жоқ. Осыған қарағанда, мемлекет франчайзингті индустрияландыру, жұмыспен қамту және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі түрлі бағдарламаларды іске асырудың бір жолы деп есептемейтін тәрізді.

Франчайзинг Қазақстанға жаңа технологиялар әкеле алады. Сөз жоқ, франшизаны сатып алу үшін кәсіп түріне қарай түрлі көлемде бастапқы капитал қажет. Шағын және орта бизнес үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен ұзақ мерзімге берілетін несие керек. Бұл арада банктер айрықша рөл атқаруы мүмкін.

Кез келген франшизаны, әсіресе өндіріске қатысты франшизаны енгізу үшін белгілі бір мерзім, кем дегенде, екі-төрт жыл керек. Кәсіпкерлердің франшизаға деген қызығушылығын тудыру үшін оларға осы мерзімге салықтық жеңілдіктер мен басқа да ынталандырулар қажет.

Интеллектуалды меншікті жеткіліксіз деңгейде қорғау мен Қазақстандағы кәсіпкерліктің ашық еместігі франчайзинг нарығын дамытуды тежейді.

Мақала материалдарын әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.
XS
SM
MD
LG