Accessibility links

«Азаттық» сыйлығына тұтқын, кәсіподақ белсендісі және қуғындағы банкир ие болды


Шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязовқа берілген «Азаттық» сыйлығының белгісі. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.

Шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязовқа берілген «Азаттық» сыйлығының белгісі. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.

Қазақстанда 2003 жылдан бастап «Демократия күні» ретінде аталып өтетін қаңтардың 19-ы күні жылдағы дәстүр бойынша «Азаттық» сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Биыл сыйлық Ермек Нарымбаевқа, Игорь Коловқа және Мұхтар Әблязовқа берілді.


Қаңтардың 19-ы күні Алматыда «Азаттық» сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.

Биыл бұл сыйлыққа қазірде түрмеде жазасын өтеп жатқан Ермек Нарымбаев, тіркелмеген «Алға» партиясының белсендісі Игорь Колов және шетелде қуғында жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязов лайықты деп танылды.


САЯСИ ТҰТҚЫН

Сәрсенбі күні марапаттау рәсімінде Ермек Нарымбаевқа берілген сыйлық оның әйелі Зоя Нарымбаеваға тапсырылды. Ол бұл туралы келесі аптада түрмедегі күйеуімен кездескенде оған жеткізетінін айтты.

«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев былтыр мамырдың 1-і күні Алматыда өткен демократиялық күштердің жиынында «Назарбаев, кет!»
Түрмедегі Ермек Нарымбаевқа берілген «Азаттық» сыйлығы оның зайыбы Зоя Нарымбаеваға табыс етілді. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.
деп ұран тастаған еді. Одан кейін жиынды өткізуге кедергі жасаған полицияның іс-әрекетіне наразылық ретінде аштық жариялады. Бірақ сол күні кешке оны полиция ұстап алып кетті.

Полиция үстінен әкімшілік іс қозғап, тәртіп бұзған деп танылған Ермек Нарымбаевты мамырдың 2-і күні Алматы әкімшілік соты 15 тәулікке абақтыға қамау туралы шешім шығарды. Ал кейіннен қамауда отырған оған қарсы қылмыстық іс қозғалды. Оған «сотқа құрмет көрсетпеді» және «полицейлерге қарсыласып күш көрсетті» деген айыптар тағылды.

Маусымның 26-сы күні Алматының Бостандық аудандық соты Ермек Нарымбаевты төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Тамыздың 11-і күні Ермек Нарымбаевтың апелляциялық шағымын қараған Алматы қалалық соты алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Қазақстандағы оппозициялық күштер Ермек Нарымбаевты билікке қарсы наразылық іс-әрекеттері үшін жазаланған саяси тұтқын деп санайды.


АБАҚТЫДАҒЫ АШТЫҚ

«Азаттық» сыйлығының тағы бір иегері болып Игорь Колов танылды.

Әлеуметтік және азаматтық құқықтар үшін күресімен танылған Игорь Колов бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, билік тарапынан қысымға ұшыраған.

- Ол өзінің табандылығымен, ерлігімен, жалпы азаматтық ұстанымымен көптеген азаматтарға үлгі бола білді. Бүгінгі бізде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан нағыз азамат болудың үлгісін көрсетті, - деді Коловқа сыйлықты табыс еткен тіркелмеген «Алға!» партиясы үйлестіру кеңесінің төрағасы Владимир Козлов.

Ұзақ жылдар бойы Қостанай облысында тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі болған Игорь Колов сонымен бірге тіркелмеген «Алға!» партиясының Қостанай филиалына жетекшілік етеді.
Игорь Колов - «Азаттық» сыйлығының иегері. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.


Былтыр қазан айының 4-і күні Қостанайда полицейлер оны ұстап, сол күні түнде Рудный қаласының соты оны «ұсақ бұзақылық жасады» деген айыппен үш күнге абақтыға қамауға шешім шығарды. Сот шешіміне келіспеген Колов абақтыда аштық акциясын жариялады.

Оппозиция белсендісінің өзі және пікірлестері соттың бұл шешімін Игорь Коловтың 2010 жылы қыркүйекте Алматыға, президент Назарбаевты отставкаға кетіру туралы мәселе бойынша өткен республикалық жиынға Қостанайдан адамдарды бастап апарғаны үшін билік тарапынан жазалау шарасы деп мәлімдеді.


ЕКІ МӘРТЕ ҚУҒЫНҒА ТҮСКЕН КӘСІПКЕР

«Азаттық» сыйлығы осымен екінші рет шетелде қуғында жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязовқа берілді. Алғаш рет бұл сыйлыққа ол 2002 жылы ие болған. Ол кезде Мұхтар Әблязов сот үкімі бойынша алты жылға түрмеге кесіліп, қамауға отырған еді. Қазақстан оппозициясы мен бірқатар халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар Мұхтар Әблязовты саяси көзқарасы үшін қудаланған адам деп таныды.

Мұхтар Әблязов 2001 жылы бірқатар азаматтармен бірге Қазақстанда саяси реформа жүргізуді мақсат тұтқан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрғандардың бірі.

2003 жылы президент Назарбаевтың атына жазған хатынан соң оның рақымшылығы бойынша түрмеден босатылған Мұхтар Әблязов саясатпен айналыспайтынын мәлімдеді. Ал 2005 жылы ол елдегі ірі банктердің бірі - БТА банктің басшысы болып тағайындалды.

2009 жылы ақпан айының басында Қазақстан үкіметі елдегі жекеменшік БТА
Шетелде қуғында жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязов.
банкінің басшысы Мұхтар Әблязовты жұмыстан босатып, банк акцияларын өз бақылауына алды.

Арада бірнеше күн өткенде прокуратура елден қашып кеткен Мұхтар Әблязовқа «ақша жымқырып, алаяқтық жасаған» деген айып тағып, оған қылмыстық іздеу жариялады.

Мұхтар Әблязовтың өзі бұл айыптауларды жоққа шығарып, бұның барлығын Қазақстан билік басындағылардың өзінен банкты тартып алмақ ниетімен жасалып жатқан іс-әрекет деп түсіндірді.

Содан берге өткен уақыт ішінде Әблязов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың жемқорлық істерін әшкерелейтін деректерді жариялап, бірнеше рет мәлімдемелер жасады.


ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫС СЫЙЛЫҒЫ

Қаңтардың 19-ы күні Алматыдағы кафелердің бірінде өткен марапаттау рәсіміне тіркелмеген «Алға» партиясының аймақтардағы өкілдерінен өзге Қазақстан коммунистік партиясынан Серікболсын Әбділдин мен Ғазиз Алдамжаров, «Жаса, Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин, «Күретамыр» қоғамдық қорының төрағасы ақын Айсұлу Қадырбаева, қазірде Тараз түрмесінде жазасын өтеп жатқан журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан Есіргепова, «Қауіп-қатер төнген журналистер» қорының басшысы Розлана Таукина, «Поколение» қозғалысының жетекшісі Ирина Савостиналар қатысты.

Марапаттау рәсімін ұйымдастырушылардың сөзінше, олар өзге де бірқатар ұйымдарға, соның ішінде «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына да шақырту жіберіпті. Алайда бүгінгі шарада «Азат» партиясынан ешкім көрінбеді.

Жыл сайын қаңтардың 19-ы күні Қазақстандағы демократияны дамыту және азаматтық қоғам құру ісіне үлес қосқаны үшін ел азаматтары мен шетелдіктерге тапсырылатын «Азаттық» қоғамдық сыйлығын 2003 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы тағайындаған.

Содан бері жыл сайын қаңтар айында өткен жылдың қортындысы бойынша лайықты деп танылған адамдарға «Азаттық» сыйлығын тапсыру дәстүрге айналды.

«Азаттық» сыйлығы тағайындалған сәттен бастап мына адамдарға берілді:

2002 – Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов, Сергей Дуванов;
2003 – Ермұрат Бапи, Игорь Винявский, Геннадий Бендицкий, Балташ Тұрсынбаев;
2004 – Мақпал Жүнісова, Жұмабай Доспанов, Асхат Шәріпжан (марқұм), Жармахан Тұяқбай;
2005 – Батырхан Дәрімбет (марқұм), Заманбек Нұрқаділов (марқұм), Галина Дырдина, Серікболсын Әбділдин, Болат Әбілов;
2006 – Алтынбек Сәрсенбайұлы (марқұм), Нұрболат Масанов (марқұм), Қазис Тоғызбаев, Евгений Жовтис, Ирина Савостина, Әлібек Жұмабаев;
2007 – Арон Атабек, Сергей Уткин, Герольд Бельгер;
2008 – Бақыт Түменова, Сағат Жүсіп;
2009 – Рамазан Есіргепов, Евгений Жовтис, Мұхтар Жәкішев;
2010 – Ермек Нарымбаев, Игорь Колов, Мұхтар Әблязов.


«Азаттық» сыйлығымен марапаттау рәсімінен түсірілген видео:

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG