Accessibility links

Freedom House: Қазақстан – еркіндігі шектелген ел


Полиция қызметкері азаматтарға ескерту жасап тұр. Алматы. 18 қараша 2013 жыл.
Полиция қызметкері азаматтарға ескерту жасап тұр. Алматы. 18 қараша 2013 жыл.

Қазақстанның еркіндік ахуалы биыл да өзгерген жоқ. Сарапшылардың бірі елдің еркін болмау себебін «азаматтардың енжарлығынан» деп түсіндіреді, екіншісі «еркіндікті шектеген – билік» деп біледі.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы «Әлемдегі еркіндік – 2016» есебін жариялады. Бұл есепте 195 елдегі саяси және азаматтық бостандық ахуалы «еркін», «жартылай еркін» және «еркін емес» ретінде бағаланған. Ұйымның бұған дейінгі бірнеше жылғы есептерінде «еркін емес» ел қатарында аталып келген Қазақстан биыл да сол орнынан табылды.

Freedom House Қазақстандағы саяси еркіндік ахуалын – 6 ұпай, азаматтық еркіндік жайын 5 ұпай деп бағалаған. (Мұндағы ең төменгі ұпай – 1 «еркіндік ахуалы өте жақсы» деген, ең жоғарғы ұпай – 7 «еркіндік ахуалы өте нашар» деген мағынаны білдіреді).

Азаттық саясаткер Маржан Аспандиярова мен саяси ғылымдар докторы Сейілбек Мұсатаевтарға хабарласып, Freedom House «еркін емес» деп бағалаған Қазақстандағы еркіндік ахуалын сипаттап берулерін сұрады.

«ЖОЙЫЛҒАН ОППОЗИЦИЯ, ЖАБЫЛҒАН БАҚ, ӨТПЕГЕН ЖИЫН»

Азаттық: – Freedom House ұйымының еркіндік жайлы есебінде соңғы бірнеше жыл бойы «еркін емес» елдер қатарынан шыға алмаған Қазақстанның биылғы рейтингін түсірген нақты қандай жағдайлар?

Маржан Аспандиярова​: – Қазақстанда демократиялық құндылықтардың жылдан-жылға кері кетуі байқалады. Азаматтық еркіндік, саяси еркіндік, сөз бостандығы – осылардың кез келгенінде кері процесс жүріп жатыр. Соңғы жылдары елде оппозициялық партиялар толығымен жойылды. Оппозициялық демей-ақ қояйық, тіпті тәуелсіз басылымдардың жайы өте қиын болды. «Адам бол» журналы жабылды, басқа тәуелсіз басылымдар қудалауға ұшырады. Сот газет-журналдарды жабуда биліктің тапсырмасын орындап жатыр.

Азаматтардың еркін жиналу мен ойын білдіруге қатысты заңдық жағынан бекітілген талаптар да еркіндік рейтингіне әсер еткен.

Сейілбек Мұсатаев: – Елдегі 2015 жылғы бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне байланысты жағдайлар Қазақстанның рейтингіне кері әсер етті. Қазақстанда 2015 жылы ratel.kz сайтын билікті сынайды деп жауып тастады. «Адам бол» журналы, оппозициялық бағыттағы «Республика» газетінің сайты жабылып қалды. «Аңыз адам» журналына қатысты даулар болды. Азаматтардың еркін жиналу мен ойын білдіруге қатысты заңдық жағынан бекітілген талаптар да еркіндік рейтингіне әсер еткен.

«БИЛІКТІ НЫҒАЙТҚАН, БӘСЕКЕЛЕС БОЛМАҒАН САЙЛАУ»

Азаттық: – Қазақстан Freedom House-тың биылғы есебінде Әзербайжан, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстанмен бірге «оппозициямен және өзгеше ойлаушылармен өтірік сайлаулар арқылы күресетін ел» ретінде сипатталған. Елдегі еркіндік ахуалына 2015 жылы сәуірде мерзімінен бұрын өткен президент сайлауы қаншалықты әсер етті?

Маржан Аспандиярова​: – Ол сайлау биліктің қалыптасқан жағдайын нығайтып, сақтап қалу үшін ғана өтті. Былтырғы президент сайлауының ауыртпашылығы тек халыққа түсті, ол халықтың қалтасынан қаржыландырылды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жеңісі үшін өткен концертке қызы Дариғамен келген сәті. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы жеңісі үшін өткен концертке қызы Дариғамен келген сәті. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Сейілбек Мұсатаев: – 2015 жылы өткен президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары дауыс алатыны бесенеден белгілі жағдай еді. Өйткені сайлауға түскен басқа азаматтар президент Назарбаевпен бәсекелес болады деп айтуға келмейтін кандидаттар болатын. Әрине, олар дауыс жинай алмайтын еді, халық арасында беделдері де болмады.

БИЛІКТІҢ ӨЗ АЗАМАТТАРЫНАН "ҚОРҚУ-ҚОРЫҚПАУЫ"

Азаттық: – Freedom House ұйымы «алауыздық тудырды» деп айыпталған азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин жуықта, қаңтардың 22-сі күні 3 және 2 жылға сотталған кезде «белсенділерді интернеттегі сын пікіріне бола түрмеге қамау –биліктің өз азаматтарынан қорқуы» деп мәлімдеген. Қазақстан билігінің өз халқынан қорқатындай нендей себептері бар?

Маржан Аспандиярова​: – Елде 20 шақты жылдан бері бір адамның билігін сақтап қалу саясаты жүріп жатыр. Билік осы жылдарда көптеген мықты, беделді, сауатты, ел қамын ойлайтын, халық арасында танымал, бірақ билікке қарсы шыққан азаматтарды жоюмен айналысты. Шынымен сөз бостандығы болса, бұқаралық ақпарат құралдары бетіне еркін шығардай мүмкіндік болса, билікті сынап қарсы сөз айта алатын, халықты ерте алатын азаматтар баршылық. Бірақ азаматтар пікірлерін еркін білдірсе, ол билікке өте қауіпті. Билік содан қорқады, сондықтан пікірін ашық білдірген адамдар қудалауға түсіп жатыр.

Қазақ полициясының наразыларды ұстап жатқан сәті. (Көрнекі сурет)
Қазақ полициясының наразыларды ұстап жатқан сәті. (Көрнекі сурет)

Сейілбек Мұсатаев: – Кез келген билік өзінің легитимділігін, тұрақтылығын сақтау үшін күреседі. Сондықтан кез келген елде арнаулы органдар болады. Қазақстанда қазіргі дағдарыс жағдайында бұл мәселе – тіпті өзекті. Дағдарыс қысқан сайын халық арасында қарсылық көңіл-күй көбейеді. Халық қиналған сайын түрлі арандатушылыққа бой алдырғыш болады. Мемлекет қауіпсіздік шарасын бұрынғыдан да бетер күшейтеді. Биліктің ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдаймен күресуін халықтан қорқу деп түсіндіру – қате.

«НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?»

Азаттық: – Қазақстандағы еркіндік ахуалы жақсаруы үшін ел азаматтары не істей алады, билік не істеуі керек?

Маржан Аспандиярова​: – Билік қарапайым азаматтардың еркіндік жолындағы бар мүмкіндіктерін шектеп тастады. Билік қазір кімде-кім шындықты айтып, ашық сөйлесе, соған жан-жақтан қысым көрсетіп, үнін шығармай, өшіріп тастаумен ғана айналысып жатыр.

...сөз бостандығы, тәуелсіз сот қажет, оппозициялық партиялардың жұмысына мүмкіндік беру керек...

Ал билік не істеуі керек дегенге келсек, саяси реформа қажет, сөз бостандығы қажет, тәуелсіз сот жүйесі керек, оппозициялық саяси партиялардың жұмыс жасауына мүмкіндік беруі керек, биліктің өзі ауысуы керек.

Сейілбек Мұсатаев: – Елдегі азаматтық қоғамның жағдайын жақсарту үшін әр адам саясатқа қатысуы керек, өзін азамат ретінде сезініп, ұстанымын білдіріп, қоғамдық істерге араласуы керек. Қазақстанда азаматтық қоғамның дамымауының бірден-бір себебі – халықтың саяси санасы мен белсенділігінің төмендігінде, енжарлығында. Азаматтық ұйымдардың бастамаларына халық қолдау көрсетпейді, саясатқа қатыспайды.

Қазақстан билігі «азаматтық қоғамды дамыту керек, азаматтық қоғам болмаса демократия дамымайды» дегенді жиі айтады, азаматтық форумдарды да өткізеді. Бірақ билік елдегі еркіндік ахуалын жақсартқысы келсе, әуелі халықтың әл-ауқатын оңалтуға назар аударуы керек.

Азаттық: - Сұхбат бергендеріңізге рахмет.

XS
SM
MD
LG