Accessibility links

Freedom House: Қазақстан - еркін емес ел


Полиция баспана мәселесіне байланысты наразылық білдірген тұрғындарды балаларымен бірге автобусқа күштеп мінгізіп жатыр. Астана, 6 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Полиция баспана мәселесіне байланысты наразылық білдірген тұрғындарды балаларымен бірге автобусқа күштеп мінгізіп жатыр. Астана, 6 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұйым есебінде Қазақстан биыл да «еркін емес» деп танылған елдер тізімінде тұр. Есепте бұл елдің саяси-әлеуметтік және экономикалық ахуалы да сипатталған.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемнің 195 елі мен 14 даулы аймағындағы еркіндік деңгейі туралы жыл сайынғы баяндамасын жариялады. Онда әр ел мен аумаққа саяси бостандық пен азаматтық құқық бойынша 1 (жақсы көрсеткіш) мен 7 (нашар көрсеткіш) аралығында ұпай берілген. Бұл екі категория аралығында 25 нақты көрсеткіш арқылы мемлекеттің «еркін», «жартылай еркін», «еркін емес» не «еркіндік деңгейі өте төмен» ел екені бағаланады.

Freedom House есебінде саяси құқық көрсеткіші 6-ға, азаматтық еркіндік көрсеткіші 5-ке бағаланған Қазақстан орташа 5,5 ұпаймен биыл да «еркін емес» деп сипатталған елдер қатарында аталған.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ

Ұйым «1991 жылдан бері бұрынғы коммунистік партия басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлденеше сайлауда жоғары дауыс алып басқарып келе жатқан» Қазақстандағы оппозиция ахуалын сөз етеді. «Президент басқаратын «Нұр Отан» билік партиясы заң шығару орындарында басымдыққа ие... 2012 жылғы мәжіліс сайлауында «Нұр Отанға» қоса «Ақжол» мен Қазақстанның коммунистік халық партиясы 7 пайыздық шектен өтіп, орын алды. Бірақ ешбірі оппозициялық партия емес» дейді есеп авторлары.

"Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

"Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Freedom House 2000 жылдан бері сайлау процестері халықаралық талаптарға сай өтпей келе жатқан елдегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділерін қудалау тоқтамай тұрғанына да алаңдайды. Ұйым Қазақстанда саяси партияны тіркеу үшін мүше саны 3 мыңнан 40 мыңға өсірілгенін, 2012 жылдан бері «Алға» және «Азат» партияларына қысым жасалғанын көрсеткен.

Есеп авторлары «Алға» партиясының жетекшісі болған Владимир Козловты соттауды, банкир Мұхтар Әблязовты қудалау және оның отбасын қамауға алу әрекеттерін, қоғамдық белсенді Вадим Курамшинге жасалған қысымды сынаған.

Freedom House Қазақстанда сөз бостандығына қысым көрсету, тәуелсіз басылымдарды жабу және қызметкерлерін қудалау әрекеттері тоқтамай тұрғанын, көптеген ақпарат құралдары мемлекеттің бақылауында екенін атап өткен.

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ АХУАЛЫ

Есеп авторлары елде 2011 жылы қабылдаған дін туралы заң негізінде көптеген азаматтар қудалауға ұшырағанын айтады. Олар «көзқарастары үшін мәжбүрлі түрде психиатриялық емделуден өткен» пастор Бақытжан Қашқымбаев пен атеист Александр Харламовтың оқиғаларын дәлел етеді.

Үйін бұзуға қарсы шыққан тұрғындарды полиция ұстап жатыр. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.

Үйін бұзуға қарсы шыққан тұрғындарды полиция ұстап жатыр. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.

​Ұйым есебіне қарағанда, кәсіпкерлік пен меншік құқығы заң жүзінде қорғалғанымен, елде бюрократиялық кедергі көп, экономиканың ірі сегменттерін кландық элита мен шенеуніктер бақылап отыр. Есепте Астанадағы үйі сүрілген тұрғындардың заң кепіл еткен өтемақыға жете алмағандары да сөз болады.

Freedom House Қазақстандағы әйелдердің кәсіби мүмкіндіктері шектелгенін, тұрмыстағы зорлық-зомбылық жазасыз қалатынын, әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеуді тыю әлі де шешімін таппай тұрған маңызды мәселе екенін айтады.

Ұйым есебінше, Қазақстанда билік органдары мен сот жүйесінен бастап көптеген салаларды жемқорлық жайлаған.

«Еркін емес» елдер қатарына Қазақстанмен бірге Ресей, Ирак, Ауғанстан, Куба, Тәжікстан, Иран, Таиланд, Камбоджа енген.

Ал Украина, Қырғызстан, Мексика, Индонезия, Түркия сынды елдер «жартылай еркін» елдер тізіміне кірген.

«Еркін» елдер тізімінде Моңғолия, Европа мемлекеттерінің басым бөлігі, Австралия, АҚШ, Канада, Бразилия бар.

«Еркіндік деңгейі өте төмен» елдер тізімінде Өзбекстан, Түркіменстан, Қытай, Сирия, Сауд Арабиясы, Сомали, Чад, Судан тұр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG