Accessibility links

Freedom House басшысы: журналистер өз кодексін өздері жазуы тиіс


Дэвид Крамер, Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының жетекшісі. Алматы, 25 шілде 2012 жыл.

Дэвид Крамер, Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының жетекшісі. Алматы, 25 шілде 2012 жыл.

Шілденің 25-і күні Алматыда Freedom House жетекшісі Дэвид Крамер журналистермен кездесіп, Қазақстандағы адам құқығы мен демократияның жағдайына тоқталды. Жиында Жаңаөзен жайы да сөз болды.

Қазақстанға екі күндік (25-26 шілде) сапармен келген Freedom House («Фридом Хауз») президенті Дэвид Крамер елдегі азаматтық қоғам өкілдерімен және Астанадағы билік өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр.

Ол шілденің 25-індегі Алматыда өткен баспасөз мәслихатында адам құқығы саласындағы Қазақстанның жағдайын сөз етті.
Крамердің айтуынша, 2012 жылғы «Әлемдегі еркіндік» рейтингінде Қазақстан «еркін емес» елдер қатарына еніп отыр.

- Бұл рейтинг елдегі саяси құқықтар мен азаматтық еркіндік ахуалына қатысты анықталады. Біздің есепте көрсетілгендей Қазақстан дәл осы талаптар бойынша «еркін емес» елдер қатарында, - деді Дэвид Крамер.

Бұдан бөлек, «сот жүйесі мен баспасөз еркіндігіне қатысты да Қазақстан «еркін емес» елдер тобына кірген.

Сонымен қатар Крамер Freedom House-ті Қазақстанда «биліктің бір қолға шоғырлана түсуі мен мен саяси бәсекелестіктің жеткіліксіздігі» де алаңдататынын жеткізді.

ЖАҢАӨЗЕН ЖАЙЫ

Freedom House басшысы «өткен жылдың желтоқсанында Жаңаөзенде болған оқиғаға да алаңдайтынын» айтты. Ол бұл оқиғаға қатысты тәуелсіз зерттеу қалай жүріп жатқандығын жайын білгісі келетіндігін де жасырмады.

- Бұған дейін Freedom House Қазақстан үкіметін Жаңаөзен оқиғасына халықаралық ұйымдарды қатыстыра отырып тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырған. Мен енді Астанада үкімет өкілдерімен кездесіп, Жаңаөзен оқиғасына тәуелсіз зерттеу жүргізуге қатысты не істелгенін сұрамақ ниеттемін, - деді Дэвид Крамер.

Ол Владимир Козловтың ісі сияқты бірнеше тергеу-тексеру амалдарының орындалу барысын да қадағалап отырғанын білдірді.

- Бұл іске (Владимир Козлов ісіне – ред.) қатысты ашықтық болуы маңызды екендігін айтқым келеді, - деді Freedom House басшысы.

Тіркелмеген «Алға!» партиясының жетекшісі Владимир Козлов Жаңаөзен ісі бойынша айыпталып, қамауға алынған еді.

Жаңаөзен мен Шетпеде 2011 жылы 16-17 желтоқсанда болған оқиғалар кезінде ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, 100-ге тарта адам жараланды. Жаңаөзен қаласындағы оқиғаларға қатысы бар деп айыпталған 13 адам 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

ЖУРНАЛИСТ ЭТИКАСЫНЫҢ КОДЕКСІ

Алматыда өткен баспасөз маслихатына қатысқан журналистер Дэвид Крамерден Қазақстанда жуырда сөз болған журналист этикасының кодексіне қатысты пікірін білген еді.

Бұл ұсынысты қолдамайтындығын айтқан Freedom House президенті, бұл ұсыныс іске асқан күнде де мұндай құжатты мемлекеттік орган дайындамауы керек деген пікір айтты.

- Журналистер өз кодексін өздері жасауы қажет. Өйткені үкімет немесе министрлік дайындаған кодекстер – ерікті емес жоғарыдан келген жарлық сияқты қарастырылады, - деді Дэвид Крамер.

Оның атап өтуінше, журналистер «қауіпсіз және қысымсыз ортада» жұмыс істеуі тиіс.

Шілденің 10-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәдениет және ақпарат министрлігіне журналистік этика кодексін жасауды тапсырды.
Назарбаевтың басылымдарда жариялаған Қазақстанда әлеуметтік модернизация жүргізу туралы мақаласында «бұқаралық ақпарат құралдары оқырмандарға бұрмаланған және күмәнді ақпарат таратпай, ұлттық журналистік этика және заң шеңберінде жұмыс істеуі тиіс» деп жазылған.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG