Accessibility links

Freedom House: Қазақстан – интернеті жартылай еркін ел


Әзербайжан суретшісі Гундуз Агаевтың интернет еркіндігі жайлы карикатурасы. (Көрнекі сурет)

Әзербайжан суретшісі Гундуз Агаевтың интернет еркіндігі жайлы карикатурасы. (Көрнекі сурет)

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы интернеттегі бостандық жайлы есебін жариялады. Қазақстан бұл тізімде бұрынғы бірнеше постсоветтік көршілерімен бірге тұр.

АҚШ-тағы Freedom House құқық қорғау ұйымы әлемде төртінші жыл қатарынан интернет бостандығы шектеліп бара жатқанын айтады. Интернетке қысым күрт артқан елдер қатарында Ресей, Украина мен Түркия тұр.

Freedom House ұйымы желтоқсанның 4-інде жариялаған "Желідегі бостандық - 2014" есебінде Иран, Сирия мен Қытайды интернетті шектеуі аса күшті елдер деп сипаттаған.

2013 жылдың мамырынан 2014 жылдың мамырына дейінгі аралықты қамтыған баяндамада 65 елдегі интернет пен сандық медиа бостандығы бағаланған (0-30 ұпай - еркін, 31-60 ұпай - жартылай еркін, 61-100 - еркін емес). Бұл елдердің 36-сында соңғы бір жылда жағымсыз ахуал қалыптасқан.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ИНТЕРНЕТТІ ШЕКТЕУІ

Азат Еуропа/Азаттық радиосы хабар тарататын аймақтағы екі ел - Грузия (26 ұпай) мен Армения (28 ұпай) ғана интернеті еркін елдер тізіміне енген. Ал Украина (33 ұпай), Қырғызстан (34 ұпай), Әзербайжан (55 ұпай), Ресей (60 ұпай) мен Қазақстан (60 ұпай) - интернеті жартылай еркін елдер қатарында тұр.

Freedom House ұйымының әлемдегі 2014 жылғы интернет еркіндігін карта арқылы сипаттауы. Көк - интернеті еркін, сары - жартылай еркін, қызыл - еркін емес елдер.

Freedom House ұйымының әлемдегі 2014 жылғы интернет еркіндігін карта арқылы сипаттауы. Көк - интернеті еркін, сары - жартылай еркін, қызыл - еркін емес елдер.

Есепте Қазақстанның 2014 жылы 28 қаңтарда қабылдап, 12 сәуірде күшіне енген заңы - төтенше жағдай кезінде уақытша шектеу мен қосымша шара қабылдау жайлы қаулысы да сөз болған. Freedom House бұл заң биліктің ақпарат құралдарын тоқтатуына не тыйым салуына құрал болғанын айтады.

2014 жылы 23 сәуірде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев байланыс туралы заңға өзгеріс енгізуді мақұлдап, соның арқасында билік сайттарды сот шешімінсіз бұғаттау немесе жабу құқығына ие болған дейді есеп авторлары.

Freedom House есебінде президент Назарбаев 2013 жылы мамырда қол қойған «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңнан кейін жемқорлық туралы жазған журналистерге енді мемлекеттік лауазымды тұлғалар құпиясын жариялады деген айып қаупі төнгенін айтады.

Ұйым 2014 жылы 13 ақпанда - теңге девальвацияға ұшыраған соң бірер күннен кейін Алматыда өткен наразылар шеруі кезінде WhatsApp және Viber сияқты хат-хабар алмасу қызметтері бір жарым сағат бойы істемей қалғанын да жазған. Байланыс операторлары оның себебін не түсіндірмеген, не "компанияға қатысы жоқ себептерге байланысты" деп сипатаған.

РЕСЕЙ МЕН УКРАИНАНЫҢ АМАЛЫ

Freedom House есебіне қарағанда, Ресейдің интернет еркіндігі көрсеткіші соңғы бес жылда 11 ұпайға төмендеген. Владимир Путин 2012 жылы қайтадан президент болған соң үкімет интернет контенттерді, билікті сынайтын немесе оппозициялық бағыттағы ақпарат құралдарын шектейтін заң қабылдаған. "Экстремистік" деп сипатталған материалы бар немесе қарсылық көрсетуге шақырған кез келген сайтты сот үкімінсіз бұғаттауға рұқсат еткен заңға Путиннің қол қойғаны да есепте айтылған. Freedom House ақпанда күшіне енген заң Ресейдің Украинадағы әрекетін сынаған сайтарға қарсы қолданылғанын баяндайды.

Ал Украинаның интернет еркіндігі рейтингі бес ұпайға төмендеген. Оған Еуромайдан қарсылық акциялары кезінде әлеуметтік желілер мен интернет-журналистикаға қарсы зорлық әрекеттері, биліктен кетірілген президент Виктор Янукович үкіметінің белсенділерді, журналистер мен саяси қарсыластарын интернетте аңдуы себеп болған.

Есеп авторлары Әзербайжанның интернетте жала жабуға жаза тағайындау бабын ұлғайтып жатқанын ескертеді. Онда Азаттықтық Әзербайжан қызметінің тілшісі Хадиджа Исмаилованың бірнеше рет арандатуға және гендерлік өсек-аяң кампаниясына ұшырағаны да айтылған.

Freedom House ұйымы есебінде интернет еркіндігі шектелген елдер қатарында Иран (89 ұпай), Өзбекстан (79 ұпай), Пәкістан (69 ұпай) мен Беларусь (62 ұпай) тұр.

Есепте Иранда реформашыл президент Хассан Роухани сайланған кезде оянған үмітке қарамастан ол елдің интернет еркіндігін шектеуші мемлекет қатарында қала бергені ескертілген. Ел билігі онлайнда сопылықты насихаттаған адамдарды, өзге де интернет белсенділерді ұзақ мерзімге түрмеге қамап, қатал жазаға кесіп жатыр дейді есеп авторлары.

Ал Пәкістанда тайпа соты ұялы телефон ұстағаны үшін жазықты деп тапқан әйелді 2013 жылы маусымда жергілікті ер адамдар таспен атқылап өлтірген.

Есепте Беларусьтің кейбір шектеулерді азайтқанымен, полициядағы жемқорлық жайлы жазған блогер тергеліп, одан соң психиатриялық тексеруден күштеп өткізілгені айтылған.

Freedom House дерегінше, 2013 жылдың мамырынан 2014 жылдың мамырына дейін 41 ел интернетте сөз еркіндігі үшін жазалайтын, ондағы контентке бақылауды күшейтетін не ауқымын арттыратын заң қабылдаған немесе ұсынған.

Интернеті еркін алты елдің қатарында аталған АҚШ былтырғыдан екі ұпай аз алған. Есепте ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің мәлімдемесінен соң америкалық бақылау заңдарын реформалау қарқын алғаны айтылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG