Accessibility links

Сыртқы және ішкі цензура қысқан БАҚ


Журналистер мен «жай киім киген адамдар» «Голос Республики» оппозициялық газеті тілшілерінің қарсылық акциясын суретке түсіріп тұр. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл.

Журналистер мен «жай киім киген адамдар» «Голос Республики» оппозициялық газеті тілшілерінің қарсылық акциясын суретке түсіріп тұр. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл.

«Журналистер күні» қарсаңында Азаттыққа сұхбат берген қазақтілді журналистиканы зерттеп жүрген маман Қазақстандағы билік пен БАҚ-тың қарым-қатынасы және сөз бостандығы ахуалы туралы ойларын айтты.

Маусымның 28-і «Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні» қарсаңында Азаттық журналист, сөз бостандығы мен БАҚ туралы бірнеше зерттеудің авторы Қуандық Шамахаймен сұхбаттасты.

Азаттық: - Қазіргі Қазақстандағы баспасөз бостандығының деңгейі қандай?

Қуандық Шамахайұлы: - Сөз бостандығының қай деңгейде екендігі, еркін ойдың, пікір алуандығының көрініс табу мүмкіндігі БАҚ-тың маңызды ақпаратты, яғни, қоғам өміріндегі шындықты халыққа жеткізу деңгейімен өлшенеді. Журналистердің кәсіби шеберлігі, құқықтық-экономикалық біліктілігі, БАҚ ұйымдарының саяси және қаржылық дербестігі түгелдей қоғамдық өзге институттардың іс-әрекетіне тәуелді. Мысалы, ресми органдардың қызметі қоғамға ашық, барлық ақпараты қолжетімді болмаса, журналист қоғам алдындағы міндетін толық атқара алмайды. Сол секілді әділ сот болмайынша журналист өзін құқықтық тұрғыдан қорғауға дәрменсіз. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстандағы баспасөз бостандығының деңгейін толыққанды немесе жоғары деуге келмейді. Балама ақпарат тарататын оппозициялық басылымдарға түрлі тәсілмен қысым жасалады. Газеттерді таратпай қою, тобымен сатып әкетіп өртеу, баспаханаларда бастырмай қою, біреулерге әдейі арыз-шағым жаздырып, сол арқылы жабу, жекелеген журналистерге шабуыл жасау, оларды қорқытып-үркіту сияқты тәсілдер жиі қолданылады.

Қосымша: Қазақстанның баспасөз еркіндігі рейтингісі нашарлады

Азаттық: - Өздерін тәуелсіз немесе оппозициялық басылым деп санайтын БАҚ-тардың ішінде қазақ тілінде шығатындары не себепті аз деп ойлайсыз?

Қуандық Шамахайұлы: - Оппозициялық басылым өкілдері оны қаржы тапшылығы және жалпы қазақтілді оқырмандарының аздығымен көбірек байланыстырады. Таралымды молайтудың тетігін тапса, газет маркетингін нарық талаптарына сай икемдесе оқырманын көбейте алады. Менің ойымша, негізгі себеп – оқырманның аздығында емес, әр басылымның ең алдымен көп жағдайда орыстілді билікке ықпал еткісі келетіндігінде және биліктің оларға қоятын шектеулерінде.

Азаттық: - Ал қазақтілді жекеменшік басылымдарға мемлекет қандай жолдармен ықпал етеді?

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қуандық Шамахайұлы: - Ең бергісін айтқанда, қазір журналистер арасында жарияланатын барлық шығармашылық байқауларға да мемлекеттік шенеуніктер сенімді адамдары арқылы ықпал етеді. «Сенімді адамдардың» миссиясы – билікке сын айтатын еркін ойлы журналистерді байқаудың жеңімпаздығынан, гранттардан аластау. Керісінше ортаңқол жазбалардың жағымпаздау авторларын ынталандыру. Соңғы жылдары биліктегі «Нұр Отан» партиясы «Нұр Сұңқар» атты байқау жариялап, ең атақты мадақ пен ода айтушыларға ерекше сый-сияпат жасайтын болды. Бұл да әрине, биліктің жекеменшік баспасөз бен азат ойлы журналистерге көрсеткен қыры іспетті. Мәселен, журналистер күні қарсаңында президенттік сыйлық алатындар алдын ала белгілі болады. Тәуелсіз журналистерге ол сыйлық берілмейтіні, тек қана билік саясатын насихаттаушыларға тиесілі екенін мәлім. Сол себепті сыйлық алғандардың көбін танымаймыз да. Билігі сайлауда әділ жолмен келген елдерде ынталандыру да әділ жүзеге асады. Қазір биліктің БАҚ-қа ықпалының артқаны соншалық, олардың денін «ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап» отыр деуге болады.

Азаттық: - Қазақ тілді журналистерде ішкі цензура бар ма?

Қуандық Шамахайұлы: - Болғанда қандай. «Журналистер жемқорлық, кедейшілік, қорқыныш пен үрей жайлаған қоғамда өмір сүрсе, онда ол жерде баспасөз бостандығы жоқ» деген халықаралық журналистикада кең тараған тұжырым бар. Егер ішкі цензура үрейден туса, ондай журналистен еркін ойлы мақала шықпайды. Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырауды, түрлі жаламен істі болуды айтпағанның өзінде журналистер үшін жұмыссыз қалу қаупі күшті. Бірақ БАҚ-тағы ең үлкен цензура – бас редакторлар. «Қызметімнен айырылып қалуым мүмкін» дейтін үрей редакторлардың өзіне де, редакцияға да шығармашылық еркіндік бермейді.

Азаттық: - Қазақстанда ішкі цензурасыз жас журналистер буынын қалыптастыруға үлес қосуы тиіс пост-советтік жоғары оқу орындарында журналистиканы оқытудың советтік жүйесі өзгерді ме?

Қуандық Шамахайұлы: - Қазір базалық мамандығы мен ғылыми дәреже-атағының журналистикаға еш қатысы жоқ, өмірінде бір рет телерадио студиясын көрмеген, газет-журнал редакциясының есігін ашпаған, елу жолдық заметка жазып көрмеген адамдар теориялық курстардан дәріс оқып, ғылыми жетекшілік ете беретін болды. Өз басым «қазақ журналистикасының қара нары» деп дәріптелетін ағаларымыздың да дәрісін тыңдап, түңіліп кете жаздағаным бар. Дәріс басталмай жатып, тақырыбынан ауытқып кететін, жастық шағынан естелік айтып кететіндер қаншама. Оның үстіне қазіргі заманғы журналистиканың бағыт-бағдарын, тенденциясын, заңдылығын білмейтіндер көп.

Қосымша: «Үкімет қайда қарап отыр?» науқаны туралы оқыңыз

Азаттық: - Қазақстандық жас журналистерге үгіт-насихат құралы мен бейтарап ақпарат таратушының айырмашылығын қалай түсіндірер едіңіз?

Қуандық Шамахайұлы: - Совет журналистикасының тағдыры үгіт-насихат құралына айналудың ақыры немен бітетінін дәлелдеді. Бірақ қазір сол әуені өзгерген жоқ. Жоғары жақтан рұқсат етілген тақырыптарды ғана алаулатып-жалаулатып қаузайды. Үкімет тапсырысы бойынша жазылатын мақалаларды, тендер арқылы ұтқан қаржыны ақтау үшін жасалатын бағдарламаларды да «үгіт-насихат жанрлар» тобына жатқызуға болады. Қазақстандық БАҚ-тарға бейтараптық – эмоциядан аулақ болу, нақты фактіні ұсыну, өз білермендігімен комментарий жасамау, барды бар, жоқты жоқ деу жетіспейді. Не біржақты жамандайды, не біржақты мадақтайды. Мәселен, әзіл-шыны аралас айтқанда, «Егемен Қазақстан» (орталық билік газеті – ред.) мен «Датты» (оппозициялық басылымдардың бірі – ред.) қосса, жалпыұлттық тәуелсіз басылым шығар еді.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG