Accessibility links

«Шығу тәртібі бұзылған» газеттер көбейді


Баспагер Александр Краснев. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл

Баспагер Александр Краснев. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл

Журналистер мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігі сөз бостандығын шектеудің қитұрқы амалдарын қолдана бастады деп санайды.

Осы апта Алматыда уақытша тыйым салынған «Ашық алаң» газетінің шығарушылары қыркүйектің 6-сы күні өздеріне қатысты қолданылған шектеу амалдарының жай-жапсарын жария етті.

"САЯСИ ӘДІСТІ БЕЙСАЯСИЛАНДЫРУ"

Алматы қаласының әкімшілігі «шығу жиілігін бұзғаны» үшін (әкімшілік кодекстің 342-ші бап, 4-ші тармағы) «Ашық алаң» газетінің үстінен сотқа шағым түсірген. Редакция өкілдерінің айтуынша, газет шілденің 10-ы мен тамыздың 21-і аралығында демалысқа кетіп, бұл туралы газет бетінде оқырмандар мен әкімшілікті хабардар еткен. Газетті шығарушылардың бірі Жанболат Мамай әкімшіліктің бұл әрекетінде саяси астар бар деп болжайды.

- Бұған байланысты заңгерлермен сөйлестік, кеңестік. Газетте хабарлама болғандықтан ешқандай заңға қайшы әрекет жасалмаған. Біз осыны әкімшілік қызметкерлеріне түсіндірсек те, олар сөздерінен қайтпай отыр. Менің ойымша, билік газетті жабудың барлық амалдарын жасап жатқан сияқты, - деді Жанболат Мамай Азаттық тілшісіне.
Жанболат Мамай, "Рух пен Тіл" ұйымының жетекшісі, баспагер. Алматы, 9 наурыз 2011 жыл

Жанболат Мамай, "Рух пен Тіл" ұйымының жетекшісі, баспагер. Алматы, 9 наурыз 2011 жыл


Шыққанына бір жыл болған 20 мыңдық тиражы бар «Ашық алаң» газетінде негізінен саяси-экономикалық, қоғамдық тақырыптар қозғалады.

Осыған ұқсас жағдайға ұшыраған баспагерлердің бірі – бірнеше газет шығаратын Александр Краснев. Оның сөзінше, «газеттердің шығу деректеріндегі қателіктерді желеу ете бастаған әкімшілік операциясының ұшқыны» тек жарнама шығарумен айналысатын газетіне де тиген. Баспагердің пікірінше, бұл – «биліктің тәуелсіз басылымдармен күресу тәсілін жасыру амалы болуы да мүмкін».
Билік осылайша тек саяси емес, бейсаяси газеттерді де жауып жатқанын көрсеткісі келіп, науқанды бейсаясиландырғысы келеді.

- Тек жарнама ілумен айналысатын кішігірім газетімізде «құрылтайшы» мен «меншік иесі» сөзін ауыстырып қойыппыз. Сол үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төледік. Негізі газеттің шығу деректеріне мән беретіндер аз. Тек прокуратура газеттерді жапқысы келгенде ғана назар аударады. Менің ойымша, билік осылайша тек саяси емес, бейсаяси газеттерді де жауып жатқанын көрсеткісі келіп, науқанды бейсаясиландырғысы келетін сияқты, - дейді ол.

Біз Алматы қаласы әкімшілігінің ішкі саясат басқармасына хабарласқан кезде ақпарат құралдары бөлімінің Айбек есімді стажері қызметкерлердің ешқайсысының қолы бос емес екенін, кейінірек хабарласуды өтінді. Кейінірек хабарласқан кезде де басқарма өкілдерін орнынан таба алмадық.

«КҮШЕЙСЕ БОЛДЫ, ҚУДАЛАНАДЫ»

Қыркүйектің 6-сы күні Алматыда сөз бостандығына қатысты өткен жиында кейбір мамандар осы мәселені де қозғап, биліктің тәуелсіз БАҚ-пен күресуді жергілікті деңгейде жүргізуге баса мән беріп отырғанын айтты.

Тамыз айында Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «шығу деректерін жариялау тәртібін бұзды» деп қоғамдық-саяси «Правдивая газета» басылымының жұмысын үш айға тоқтатқан болатын. Жыл басында «жарияланым мерзімі бұзылған» деген айыппен «Правда Казахстана» газетінің де жұмысы уақытша тоқтаған еді. Бұл газеттердің үстінен шағымды сотқа Алматы қалалық әкімшілігінің ішкі саясат басқармасы түсірген.
"Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл

"Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл


«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева биліктің сөз бостандығын шектеу тәсілдері «әккілене» бастағанын айтады.

- 2002 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы болған кезде бір жылдың ішінде «шығу деректері» дұрыс болмағаны үшін билік 32 ақпарат құралын жазалаған. Олардың көбісі жабылып қалды. Жекеменшік басылымдар позициясын нығайтқан кезде осылайша оларға қарсы жаппай репрессиялар басталады, - дейді ол.

«Шығу деректері тәртібінің» бұзылуынан мемлекеттің ешқандай жапа шекпейтінін айтқан құқыққорғаушы Евгений Жовтистің сөзінше биліктің тәуелсіз басылымдарға қатысты көзқарасы өзгермеген.

- Егер мемлекет сөз бостандығын қорғағысы келсе, онда ақпарат құралдарының шығуына мүдделі болар еді. Мемлекет әу бастан-ақ оппозициялық басылымдарға теріс көзқарас ұстанып келеді. Сондықтан мұнда құқықтық жағын айтудың өзі артық. Бұл – саяси мәселе. Бұл – тәуелсіз басылымдармен күрес, - дейді ол.
Евгений Жовтис, құқық қорғаушы. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл

Евгений Жовтис, құқық қорғаушы. Алматы, 6 қыркүйек 2013 жыл


Жиында Тамара Калеева 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Қазақстанға адам құқығы мен сөз бостандығын жақсартуға байланысты көптеген ұсыныстар айтқанын, олардың көбі орындалмағанын айтты. Мысалы, бұған дейін өсек-аяң тарату, ар-намысына нұқсан келтіру әрекеттері үшін қылмыстық кодексте төрт бап қарастырылған болса, 2011 жылы «Елбасы туралы» заңның қабылдануына байланысты олардың қатарына тағы бір бап қосылған. Яғни азаматтар осы заңдағы «Елбасына ешкімнің тиіспеушілігі» туралы бапқа сәйкес Қазақстан президенті мен оның отбасы мүшелерінен жауап алып, я жеке басын тексере алмайды.

Жиын соңында құқыққорғаушылар, түрлі басылым редакторлары арнайы резолюция қабылдап, биліктен ақпарат құралдары мен журналистерді қуғындауды тоқтатуды талап етті. Олар елде ақпарат құралдарының ойын-сауық сипатына көшкенін, сараптамалық сапалы контент жасауға мүмкіндік берілу керектігін атап өтті.

Резолюцияда: «Цензура енгізіп, азаматтарды объективті және шын ақпарат алу құқығынан айырып, Конституцияны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ» деп жазылған.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда үш мыңға жуық ақпарат құралы тіркелген. Конституция бойынша мемлекет сөз және шығармашылық бостандығына кепілдік береді, әрі цензураға тыйым салады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG