Accessibility links

ЕҚЫҰ Астанадан сайттарды бұғаттан босатуды сұрайды


ЕҚЫҰ-ның сөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович.
ЕҚЫҰ-ның сөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович.

ЕҚЫҰ Adam журналы, Nakanune.kz, Ratel.kz және Zonakz.net сайттарына қатысты соңғы жайттарға алаңдайды. Журналистер мақалаларын әлеуметтік желілерде жариялап жатыр, бірақ енді бұл платформаға да қауіп төнген.

Ratel.kz сайты Қазақстанда 9 қыркүйектен бері ашылмай тұр. Шетелде еш қиындықсыз ашылады, ал Қазақстанда прокси-сервер арқылы ашуға болады, бірақ әкімшілік панельге кірмей, сайтты жаңарту мүмкін емес.

Ratel.kz сайты редакциясы жұмысын тоқтатпаған әрі бұл жағдайдан шығу жолдарын қарастырып жатыр.

– Сайт қыркүйектің 9-і күні кешкі сағат 11-ден кейін өшіп қалды. Келесі күні https қорғаныс протоколын қойдық. Әлгі амалдан кейін сайт 50 минут ашылып тұрды. Сосын жаңа доменге көштік. Сайтымыз үш сағат ашық болды. Бұдан кейін ratel.su деген қосымша доменімізді қосып көрдік. Мұнымен бір тәуліктей амалдадық, бірақ қыркүйектің 17-сі күні сайтты онша жаңарта алмадық. Кейін IP-адрестер пакетін сатып алып қостық, оның әрқайсысысының күші орташа есеппен алты минутқа жетті, – дейді Ratel.kz сайтының редакторы Марат Әсіпов Азаттыққа.

Редакция бас прокуратура, ҰҚК, интернет-провайдер – «Қазақтелеком» компаниясына жүгінген.

– Бас прокуратура хатымызды инвестиция және даму министрлігіне қарасты байланыс және ақпарат комитетіне жолдапты. Қолдау сұрап жолдаған хатымызды ұлттық кәсіпкерлер палатасы да сонда жіберіпті. ҰҚК хатымызды ішкі істер министрлігіне, ал олар Алматы ішкі істер департаментіне жолдаған, ол жақтан Медеу аудандық полиция бөліміне түсіп, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Мұның шын тексеру немесе жай иммитация екенін білмеймін, бірақ әзірше еш себі тимей тұр, – дейді Марат Әсіпов.

Оның айтуынша, «Қазақтелеком» компаниясы оқырман сауалына «Ratel.kz сайтын интернет-провайдер бұғаттаған жоқ» деген жауап жолдаған.

ЕҚЫҰ ХАТЫ

Бес күн бұрын ЕҚЫҰ-ның сөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовқа хат жазған. Ол Қазақстан билігін соңғы жайттарға қатысты тексеру жүргізіп, Ratel.kz және Zonakz.net сайттарына салынған тосқауылды алып тастауға көмектесуге шақырған. ЕҚЫҰ өкілі «сайттарды бұғаттау – тым шектен шыққан шара, бұл еркін ақпарат ағынына тосқауыл қойып, баспасөз еркіндігін асыра шектеуге ұласуы мүмкін» деп мәлімдеген.

Дуня Миятович министр Ыдырысовқа жолдауында Adam журналы мен Nakanune.kz сайтына да араша түскен.

Журналист Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл.
Журналист Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл.

Соттың бірнеше шешіміне сәйкес, Adam журналы редакциясынан үлкен көлемде сома өндірілмек. Оның ішінде 50 миллион теңгесі – ҰҚК генерал-майорының ар-намысын қорғау туралы талап-арызына қатысты. Қазір редакция бұл шешімге қатысты шағымдануға тырысып жатыр. Соттың басылымды шығаруды үш айға тоқтату және мемлекеттік тіл туралы заң талабын бұзды деген айыппен 200 мың теңгеге жуық айыппұл төлеу туралы шешіміне қатысты Алматыда қаралып жатқан апелляциялық шағымнан әзірше нәтиже шықпаған.

Adam журналын былтыр желтоқсанда сот шешімімен жабылған Adam bol журналында (журналист Гүлжан Ерғалиеваның жобасы) жұмыс істеген журналистер ашқан.

"Накануне" сайтының меншік иесі Гузяль Байдалинова. Алматы, 8 маусым 2015 жыл.
"Накануне" сайтының меншік иесі Гузяль Байдалинова. Алматы, 8 маусым 2015 жыл.

"Қазкоммерцбанктің" талап-арызы бойынша Nakanune.kz сайты қожайынын 20 миллион теңге өндіру және сайттан талап-арыз түсіруге түрткі болған «Новые па в марлезонском балете “Казкома”» мақаласын алып тастауға міндеттеген Алматы қалалық сотының шешімі әлі күшінде. Nakanune.kz сайты – тыйым салынғанға дейін «Республика» газетінде жұмыс істеген тәуелсіз журналистердің жобасы.

ЕҚЫҰ-ның сөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятовичтің мәлімдеуінше, мұндай ұсақ-түйек әкімшілік заң бұзушылықтар шамадан тыс ауыр айыппұлдар салу мен БАҚ еркіндігі мен пікір плюрализмін шектеуге ұласады. Оның айтуынша, бұл жағдай журналистік қызметі үшін шамадан тыс үлкен айыппұлдар салуды тоқтататын құқық саласын дереу реформалау қажет екенін көрсетеді.

Ratel.kz сайты редакциясы енді мақалаларын Facebook желісінде жариялауға мәжбүр. Бірақ журналистер бұлай жұмыс істеу ыңғайсыз екенін айтады. Сайтты бизнес-жоба ретінде дамытуды көздейтін редакция шығынға ұшыраған. Марат Әсіпов «Екі ірі шартымыз тоқтап қалды әрі жаңа шарттарды бекіте алмай отырмыз» дейді.

Қазақстанда Facebook желісін де жабуы мүмкін деген қауіп бар. Жуырда Астанада киберқауіпсіздік мәселесіне арналған жиында бұл платформаны қазақстандықтарды экстремистік ұйымдарға үгіттеудің жолын кесуге кедергі келтіретін әлеуметтік желілер қатарына қосқан.

XS
SM
MD
LG