Accessibility links

«Қазақстаннан жолданған ғашықтық хаттар»


Француз жазушысы Лавиния Аббот. Сурет жеке архивінен алынды.

Француз жазушысы Лавиния Аббот. Сурет жеке архивінен алынды.

Француз жазушысы, актриса және драматург Лавиния Аббот авторитарлық режимде өмір сүретін қарапайым қазақстандықтар туралы кітап жазып жатыр. Оның кейіпкерлеріне ең маңызды нәрсе - махаббат.

34 жастағы француз жазушысы, актриса һәм драматург жуырда Қазақстанға сапар шекті. Жас автор авторитарлық режим мен қарапайым адамдардың өмірі туралы кітап жазып жатыр.

Азаттық тілшісі жазушымен оның болашақ кітабы жайлы көбірек білу үшін сұхбаттасты.

Азаттық: - Аббот ханым, Қазақстан жайлы кітап жазуға қандай жайт шабыт берді? Кітаптың аты қандай?

Лавиния Аббот: - Қазақстанды кездейсоқ таңдаған жоқпын. Былтыр Лұқпан Ахмедьяров және Болат Атабаевпен, елдегі коррупция мен адам құқығын бұзуға қарсы күресіп жүрген басқа азаматтық белсенділермен кездесуден бұрын да Қазақстан жайлы аз-маз хабарым болған. Биліктің қорқыту-үркітуіне де, шабуыл, қысымына да мойымаған олардың батылдығы мен ерлігіне тәнті болдым.
Кітабым "Қазақстаннан жолданған ғашықтық хаттар" деп аталады. Менің кітабымның кейіпкерлерінің жолдары тоғысады. Күтпеген жерден махаббат сезіміне бөленген олардың бүкіл дүниетанымына бұл сезім қатты әсер етіп, біртіндеп саяси көзқарасын өзгерте бастайды.

Солдан оңға қарай: Лұқпан Ахмедьяров, Маркус Ленинг, Людмила Козловская, Болат Атабаев. Германия, Бундестагтың адам құқықтары жөніндегі уәкілімен кездесу, 23 тамыз 2012 жыл.

Солдан оңға қарай: Лұқпан Ахмедьяров, Маркус Ленинг, Людмила Козловская, Болат Атабаев. Германия, Бундестагтың адам құқықтары жөніндегі уәкілімен кездесу, 23 тамыз 2012 жыл.

Батыста тұратын біз өзіміздің азаматтық құқық, бостандықтарымызды өмірімізден ажырағысыз, солай болуы тиіс деп ойлаймыз. Біз еркіндік үшін Қазақстандағыдай күреспейміз. Сондықтан мен өзіміздің құқығымызды басқа адамдардың құқығын қорғау үшін пайдалануға тиіспіз деп есептеймін.
Міне, мен сол себепті Қазақстандағы саяси жағдай туралы жайттарды жариялауға сәл де болса үлес қосқым келеді. Батыс ақпарат құралдарында көп елене қоймайтын жергілікті жердің бай тарихы мен мәдениетін де танып-білгім келеді.

Азаттық: - Кітабыңызды қашан аяқтауды жоспарлап отырсыз?

Лавиния Аббот: - Көздеген мақсатын тапқан кейіпкерлерім өздерінің «жеке» саяхатын аяқтап, тамаша адам болған сәтте менің кітабім де аяқталады. Оларға шамамен 10 айдай уақыт бермекпін.

Қазақстанды зерттеу үшін әлі көп жұмыс істеуім керек. Батыс жұрты Қазақстанмен көбінесе «Борат» фильмі немесе кейбір батыс авторларының мадақтау кітаптары арқылы ғана таныс ғой.

Британдық жазушы Джонатан Айткеннің Назарбаев туралы кітабын оқып шығып, әуелі «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қандай тамаша адам» деп ойладым. Бірақ азаматтық белсенділермен кездескеннен кейін кітаптағы көп жайттың шындық емес екенін түсіндім.

Азаттық: - Қырғызстан мен Қазақстанға жасаған қысқа сапарыңыз бұл елдер жайлы көзқарасыңызға қалай әсер етті?

Лавиния Аббот: - Орталық Азияда көбірек аялдап, бұл елдердің мәдениетін зерттемек болған ниетімізге уақыт тапшылығы кедергі болды. Сондықтан жолыққан адамдар мен аралаған жерлерден жалпы әсер ғана алдым. Қысқасы, қайда барсақ та бізді жылы жүзбен қарсы алды, көбінесе хостелге тоқтап отырдық.

Француз жазушысы Лавиния Абботтың Қарақол қаласындағы хостел қожайындарымен түскен суреті. Қырғызстан, 31 қазан 2013 жыл.

Француз жазушысы Лавиния Абботтың Қарақол қаласындағы хостел қожайындарымен түскен суреті. Қырғызстан, 31 қазан 2013 жыл.

Қырғызстанда такси жүргізушілерінен басқа ешкім турист ретінде бізден артық ақша түсіріп алуға тырысқан жоқ. Инфрақұрылымы жоқ болса да кейбір жерде далада қалмайтынымызға, жергілікті халық жәрдемдесетініне көзіміз жетті. Мысалы, Шолпан Атаға қонақ үйге алдын ала тапсырыс бермей келіп қалдық. Бірақ бізге «ол жақтың халқы қонақжай» деп ескерткен. Дәл солай болып шықты. Біздің ағылшын тілінде сөйлегенімізді естіген бір әйел көмектесті. Ол қонақүй мен дәмді тамақтануға болатын жерге жол сілтеп, бізге Ыстықкөлді көрсетті, жергілікті халықтың салт-дәстүрілерін, мәдениетін түсіндірді.

Меніңше, анықтама алатын орын жоқ, көшесінде жарығы жоқ жерге маршрутымызды алдын ала келіспей келіп қалсақ та, бұл сапарымыз әлдеқайда қызығырақ өткен сияқты. Қырғыз-қазақ шекарасынан өткенде бойымызда сәл қорқыныш болды. Қырғызстанға қарағанда мұнда полиция көп жүреді екен, адамдары да үркектеу көрінді. Алматыда аз ғана уақыт аялдадым. Келбеті Батыс қаласына көбірек келетін қаланың бір ерекшелігі - көшелерінде ел президенті бейнеленген алып постерлер іліп тастағаны. Батыс қаласында мұндайды көрмейсің.

Жол-жөнекей жолыққан туристер Алматының өте қымбат қала екенін айтқан. Алматы қонақ үйіндегі түнемелік бір орынның бағасын Бішкекпен салыстырып едік, айырмасы жер мен көктей болып шықты. Ас-су бағасы да Бішкекке қарағанда көп қымбат екен. Алматыда бір бокал шарап Қырғызстанмен салыстырғанда үш есе қымбат. Бірақ визаға ақша төлеп қойғандықтан, Қазақстанға тым болмаса бір күн арнауды жөн көрдік. Ал Қырғызстанға бару үшін визаның қажеті болмады.

Азаттық: - Мұнда қандай қиындықтарға тап болдыңыздар? Жергілікті мәдени ерекшеліктерге қайран қалған жағдайлар, былайша айтқанда «мәдени шок» болды ма?

Лавиния Аббот: - Көп қиындық туған жоқ, мәдени шок та болған жоқ. Тек, жергілікті тұрғындармен әңгіме барысында жалғыз байқағаным, салт-дәстүрлер адамдардың тағдырына қатты әсер етеді екен. Шолпан Атада көмектескен әйел осыдан көп жыл бұрын таңертең университетке бара жатқан жолда өзін бір жігіттің алып қашып кеткенін айтты. Ол қазір ол күйеуімен тұрмаса да, жат шаңырақта өткен бір жылдың салдары оның өмірінде әлі білінеді екен. Қырғызстанда қалыңдық ұрлағаны үшін жазаны күшейту туралы жаңа заң қабылдағанына қуаныштымын.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG