Accessibility links

Құрылыс басындағы адам өлімі жиілеп барады


Қазақстан құрылысшылары. (Көрнекі сурет)

Қазақстан құрылысшылары. (Көрнекі сурет)

Мамандар «құрылыс компаниялары жұмысшылардың құқығын сақтамайды, қауіпсіздігіне мән бермейді» деп айыптайды. Компания өкілі оны жоққа шығарды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті бастығы Ахмади Сарбасовтың дерегінше, 2014 жылдың бірінші маусымында өндірісте қаза тапқандар көбейе түскен. Жыл басынан бері 69 адам осындай жағдайда көз жұмған. Олардың 17,5 пайызы - құрылыс басында мерт болғандар.

«АУЫР ЖҰМЫСҚА ЖАРАМАЙ ҚАЛДЫМ»

Құрылыста төрт жыл істеген алматылық Қуат. Б (өтініші бойынша есімі өзгертілді) - жұмыс орнында жүріп жарақат алған азаматтардың бірі.

Еңбек мигранттары құрылыста жұмыс істеп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай, 2010 жылдың мамыры. Суретті Валерий Калиев түсірген.

Еңбек мигранттары құрылыста жұмыс істеп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай, 2010 жылдың мамыры. Суретті Валерий Калиев түсірген.

«Алматыдағы ірі сауда орнының құрылысын салып жатқанда аяғыма цемент түсіп кеткен. Аяғым екі-үш жерден сынып, өкшемнің сүйектері үгітіліп кетті. Ауруханада 4 ай жатып шықтым. Қазір тобығым ойнымалы – сәл ауыр нәрсе көтерсем, шығып кете береді. Ауыр жұмысқа жарамағандықтан, сол құрылыс компаниясында күзетшілердің көмекшісі болып жұмыс істеймін» дейді ол.

Биылғы сәуір айында ғана Қазақстандағы құрылыс нысандарының басында адам өліміне және құрылысшының жарақаттануына себеп болған үш бірдей ірі оқыс оқиға республикалық БАҚ-тың назарына ілінді. Қуаттың сөзінше, іс жүзінде мұндай қайғылы жағдайлар әлдеқайда жиі қайталанып жатыр.

Қуат құрылыс басында талай адамның жарақат алғанын көргенін айтады. Оның пікірінше, «құрылыс компанияларының басшылығы жұмысшылардан көп жұмыс істеуді талап етіп, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпейді».

«Құрылысшылар жұмыс істеп жүргенде ештеңе талап ете алмайды. Олай етсең, бригадир «жұмыстан шығарамын» деп қорқытады» дейді Қуат.

«КОМПАНИЯЛАР ДЕРЕКТІ ЖАСЫРАДЫ»

«Қазақстанда көптеген құрылыс компаниялары қауіпсіздік ережелерін сақтауға қатысты заң бұзады» деп санайтындардың бірі – өндірістегі апаттарды зерттеп жүрген әлеуметтанушы Гүлсара Қадірова.

«Құрылыс орындарындағы көп оқиғалар ашылмай қалады, компаниялар оларды сыртқа білдірмей, жабуға тырысады. Сондықтан құрылыстағы өлім мен жарақат алу фактілері ресми статистикадан да көп. Құрылыста жүргендердің көбі – ауылдан ақша табуға келген жастар немесе еңбек мигранттары. Оларға айлықты уақытында алса, соның өзі – үлкен қуаныш» дейді зерттеуші.

Әлеуметтанушының айтуынша, құрылысшылардың сақтандыру полисі де жоқ – сондықтан олар қауіпсіздіктерін өздері қамтамасыз етуге мәжбүр.

«Кейбір компаниялар жұмысшыларға қарапайым касканы немесе қауіпсіздік белдігін де бермейді. Компаниялар лицензия аларда барлық құрал-жабдықтарды көрсетеді. Бірақ жұмыс кезінде ол жабдықтарды жұмысшыларға бермейді, тек тексеріс келгенде таратып, кейін жинап алады» дейді Гүлсара Қадірова.

Қазақстанның еңбек туралы заңы бойынша құрылыс компаниялары мен тапсырыс беруші жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау туралы келісімге қол қояды. Құрылыста кісі өлімі болса, компания басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Компаниялар жарақат алған жұмысшыға өтемақы төлеп, оның емделу шығынын өтеуі тиіс. Әр компанияда еңбек қауіпсіздігін бақылау орталығы болуы, құрылысшыларды қауіпсіздік ережесімен таныстыруы міндетті.


Талдықорған құрылысшылары. (Көрнекі сурет)

Талдықорған құрылысшылары. (Көрнекі сурет)

Заң ғылымдарының докторы Арықбай Ағыбаев бұл заңдардың көбі қағаз бетінде қалып жатқанын айтады.

«Қазір құрылыста жүргендердің көбі құрылысшылар емес. Компаниялар арзан жұмыс күшіне қызығады да, кез келген адамды ала береді. Заң бар, бірақ көбі заңға келгенде салғырттық жасайды. Сондықтан тексерісті және жауапкершілікті күшейту керек» дейді заңгер.

«КОМПАНИЯЛАР ЗАҢ БОЙЫНША ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ»

Алматыдағы құрылыс компанияларының бірінің Нұрлан есімді бригадирі бұл пікірлермен келіспейді. Ол «әрбір құрылыс компаниясы жұмысшылардың қауіпсіздігі сақталатынына кепілдеме беретінін» айтады.

«Әр компанияда жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөлім бар. Ол болмаса, компания құрылмайды. Тексеріс те жиі жүргізіледі. Сондықтан компаниялар заң жүзінде жұмыс жасайды» дейді құрылыс компаниясының өкілі.

Бригадир Нұрлан Азаттық тілшісінің құрылыс орындарындағы адам өлімі мен жарақат алу себебі неге жиілеп кеткені жайлы сауалына жауап беруден бас тартты.

Жұмыс орнындағы кісі өлімі мен жарақат алу оқиғаларының жиілеуіне еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі де назар аудара бастады. Жуырда министрлік Қазақстанда жұмысшылардың денсаулығы мен еңбек қабілетін сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісін және еңбек инспекциясының бақылау-қадағалау қызметін жетілдіру керек екенін мойындайтын мәлімдеме таратты.

Министрліктің дерегінше, елде жылына орташа есеппен 2 мың адам жұмыс орнында жараланады. Мысалы, 2013 жылы тек Астанадағы құрылыс орындарында 70-ке жуық суыт оқиға тіркеліп, 13 адам қаза тапқан, 58 құрылысшы жараланған.

Инфографика: Құрылыста болған апаттар
We are sorry, but this feature is currently not available
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG