Accessibility links

Қазақстандағы партияларды қаржыландыру көздері


«Нұр Отан» партиясының мүшелері парламент сайлауындағы жеңістерін тойлап жатыр. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«Нұр Отан» партиясының мүшелері парламент сайлауындағы жеңістерін тойлап жатыр. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы саяси партиялардың көбінің қаржы көзі жұрттан құпия. Әдетте партиялар кірісі мен шығысы туралы ақпаратты жарияламағанды жөн көреді.

Журналистік зерттеу жүргізген Азаттық тілшісі партия жетекшілерінің «қаржыландыру көзі» туралы сұраққа берген жауаптарынан әлдебір ұқсастықты аңғарды. Президентшіл партиялар да, оппозициялық партиялар да қаржыландырудың негізгі көзі ретінде "қатардағы партия мүшелерінің рухы мен мүшелік жарнаны" көрсеткенді жөн санайды. Бірақ партия мүшелері төлейтін жарна болмашы тиын-тебен ғана.

Тағы екі ұқсастық байқалады. Партия жетекшілері оларды қаржылай қолдайтын әлдебір, әсіресе «ірі демеуші бар» деген ойдың өзінен ат-тонын ала қашады. Қысқасы, партия жетекшілері мен функционерлері тілшінің «Ақша қайдан түседі?» деген қарапайым сұрағына жауап беруден қашқақтайды.

«НҰР ОТАН», «АҚ ЖОЛ», «АЗАТ» ЖӘНЕ ЖСДП

Партия бюджетінің көздері жайлы сұраққа «Нұр Отан» билік партиясынан да, президентшіл «Ақ жол» партиясынан да жауап алу мүмкін болмады. Азаттық тілшісі «Нұр Отан» партиясы төрағасының (төраға - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев) бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен қаржы мәселелерін қадағалайтын партия хатшысы Эльдар Сыздықовқа хабарласа алмады.

«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының съезіне қатысушылар.. Астана, 16 қараша 2012 жыл.
«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының съезіне қатысушылар.. Астана, 16 қараша 2012 жыл.
Офис-менеджерінің айтуынша, Эльдар Сыздықов мәжілістен қолы тимегендіктен кабинетінде отырмайды екен. «Нұр Отанның» баспасөз қызметінің басшысы Гүлшат Суындықпен де хабарласу мүмкін болмады.

Интернеттен де ешқандай дерек табылмады. «Нұр Отанның» екі сайты бар екен. Бірақ Ерлан Қарин партия хатшысы деп көрсетілген ескі сайттан да, жаңа сайттан да (онда Ерлан Қаринның аты-жөні жоқ) партияның бюджеті туралы ақпарат табылмады.

Тағы бір парламенттік-президентшіл партия «Ақ жолдың» бюджетіне қатысты да ешқандай ақпарат кезікпеді. Партия жетекшісі Азат Перуашевтің ұялы телефоны да, баспасөз қызметі бастығының жұмыс телефоны да жауап бермейді.

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Людмила Жуланова (оң жақта), Астана, 23 ақпан 2009 жыл.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Людмила Жуланова (оң жақта), Астана, 23 ақпан 2009 жыл.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Людмила Жуланова Азаттық тілшісіне бұл мәселеден хабарсыз екенін айтты. Партия баспасөз қызметінің Гүлімай есімді қызметкері Азаттық тілшісіне партия бюджеті туралы ақпарат наурыз айында «Жас қазақ үні» газетінде жарияланғанын хабарлады. «Ақ жол» партиясының сайтында партия бюджеті туралы ақпарат жоқ болып шықты.

Партия бюджетінің жариялылығы туралы мәселе жөнінде оппозициялық жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) мен «Азат» партияларының жетекшілерімен де байланысу мүмкін болмады. ЖСДП мен «Азаттың» сайтынан мұндай ақпарат табылмады.

ПРЕЗИДЕНТШІЛ ҚКХП

Президентшіл Қазақстанның коммунистік халықтық партиясын (ҚКХП) парламенттік партия ретінде мемлекет қаржыландырады. Партия бюджетін жыл сайын қаржы министрлігі, кейін парламент бекітеді.

– Саяси партиялар туралы заң бойынша, парламентке өткен партиялардың бәрі сайлауда алған дауысына қарай белгілі бір пайыз алады. Біздің партияға ай сайын шамамен 21 миллион теңге (140 мың доллардай) бөлінеді, - дейді Азаттық тілшісіне Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының құрметті төрағасы, парламент депутаты Владислав Косарев.

Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының құрметті төрағасы, парламент депутаты Владислав Косарев. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.
Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының құрметті төрағасы, парламент депутаты Владислав Косарев. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.
Оның айтуынша, қазір ҚКХП-ның демеушілері жоқ. Бірақ ол парламентке өткенге дейін демеушілердің қолдауы қатты қажет болғанын жасырмайды.

– Ол кезде ақшаны демеушілерден сұрадық, өзіміз де ұсақ-түйек тірлікпен айналыстық. Қазір оны қойдық, - дейді Владислав Косарев.

Оның айтуына қарағанда, демеуші де, мемлекеттік қаржыландыру да болмаған кезде жолаушы тасып ақша табуға тура келген. «Астана мен Көкшетаудың арасында алты жыл бойы жолаушы тасыдым» деген Владислав Косарев қазір парламент депутаты ретінде айына 550 мың теңге (3 мың 700 долларға жуық) жалақы алатынын айтады.

– Бұл – қыруар ақша, - дейді Владислав Косарев.

ПАТРИОТТАР ПАРТИЯСЫ

Азаттық тілшісімен тілдескен кейбір партия жетекшілері партиясының қаржы көздерін өзінше түсіндіреді.

Қазақстан патриоттары партиясының жетекшісі Ғани Қасымов.
Қазақстан патриоттары партиясының жетекшісі Ғани Қасымов.
Қазақстан патриоттары партиясының жетекшісі Ғани Қасымовтың айтуынша, ол басқаратын саяси ұйым – «мүшелерінің қаражатына күн көріп отырған жалғыз партия». Оның айтуынша, партияда ешкім жалақы алмайды.

– Біздің партия – өз мүшелерінің қажыр-қайратының арқасында тіршілік етіп келе жатқан жалғыз партия. Кейде өз арамызда жылу жинағанымыз болмаса, ешқандай кіріс те, қаржының басқадай көзі де жоқ. «Жылу жинау» сөзі сізге жақсы таныс болуы керек. Партия ешкімге ешқашан алақан жайып көрген емес, — деді Ғани Қасымов Азаттық тілшісіне.

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ

Партия жетекшісі «бізді мемлекет қаржыландырмайды, бай демеушілерге алақан жаюға партиялық принциптеріміз жібермейді» дейді.

– Ақша беруге әзір бай демеуші табылады, бірақ олар ақша берсе біздің платформамызды қолдамай қояды, - дейді партия төрағасы Ғани Қалиев.

Оның айтуынша, «Ауыл» партиясының басшылары қалтасында ақшасы жеткілікті
Мақтануға тұрарлық бюджетіміз жоқ, сондықтан жұртқа жар салмауға тырысамыз
Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы
фермерлер, кәсіби қызметі ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің мүддесімен сәйкес келетін аграрлық саланың ғалымдары болғандықтан, партиядан жалақы алмайды. Партия сайлаудан сайлауға дейін мүшелерінің есебінен күн көреді.

– Демеуші де, қолдаушы да - өзіміз. Арасында партия мүшелерінен ақша жинаймыз, - дейді Ғани Қалиев.

«Ауыл» партиясы өз бюджетін баспасөз бен интернетте жариялауды жөн көрмейді.

– Мақтануға тұрарлық бюджетіміз жоқ, сондықтан жұртқа жар салмауға тырысамыз, - дейді Ғани Қалиев.

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ҚКП

Оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының (ҚКП) тұрақты қаржы көзі жоқ. Партия жетекшісі Ғазиз Алдамжаровтың айтуынша, партия негізінен
Оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров. Алматы, 27 наурыз 2012 жыл.
Оппозициялық Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров. Алматы, 27 наурыз 2012 жыл.
қаржылық көмек көрсетуге шамасы бар мүшелерінің ақшасына күн көреді. Ара-тұра ақшалай қарасуға құлықты демеушілер биліктің партияны қуғын-сүргінге салуынан қорқады.

– Тіпті өз кеңсеміз де жоқ. Оны жалдауға менде ақша жоқ. Биыл ЖСДП жетекшісі Жармахан Тұяқбай кеңсесінен бір бөлме босатып беріп, ҚКП басшылығы сонда отыр. Қаржысы болмаса да, қайратымен жұмыс істейтін партия қызметкерлері коммунистік идеяны мұрат тұтып жалақы алмайды. Жұртқа жар салып, баспасөзде жариялай қоятындай бюджет жоқ, - деді Азаттық тілшісіне Ғазиз Алдамжаров.

«АЛҒА» ПАРТИЯСЫ

Оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеевтің айтуынша, партиялардың бюджетін жалпақ жұртқа ашық жариялау – авторитарлық елдерді қойып, демократиялық елдердің өзінде іске аса қоймайтын арман.

– Әсіресе демократиялық емес, авторитарлық елдерде билік партиясынан басқалардың партиялық немесе саяси жұмыс жүргізе алуы мүмкін емес, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының кеңсесі. Алматы, 29 қараша 2012 жыл.
Тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының кеңсесі. Алматы, 29 қараша 2012 жыл.
«Партияның қаржы көзінің жариялылығы сияқты өте күрделі мәселеде шатаспас үшін оның заңдық формасы мен нақты саяси мәнін айырып алған жөн. Мысалы, жабылған оппозициялық «Алға» партиясын алайық. Мұндай партия заң жүзінде тіркелмегенімен, іс жүзінде саяси күш болғанын билік те, халық та біледі» дейді Жүкеев.

Оның айтуынша, «Алға» партиясын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов қаржыландырғанын билік те, басқалар да сезеді. Бірақ партия қаржы көзіне бола жабылған жоқ. «Әуелі партия жетекшісі Владимир Козлов сотталып, мүлкі тәркіленді. Сосын партияның меншігін, оның ішінде әр түрлі қалаларда Козловтың атына жазылған пәтерлерді осы ресми негізбен тартып алды» деп түсіндіреді Жүкеев.

– Бірақ әлдебір партияны қаржылық заң бұзушылық үшін немесе қаржыландыру көзіне бола жабу оқиғасы бұған дейін болып көрген емес, - дейді саясаткер.

Қазақстандағы саяси партиялар ашық қаржыландырылмайтынын тәуелсіз журналист Сергей Дуванов та айтады.

– Қазақстанда партияны заңды жолмен ұстау мүмкін емес. Қазына толтырып тастайтындай партия мүшелері байлар емес. Олардың төлеген жарнасы, ары кетсе қағаз-қарындаш сатып алуға ғана жетеді. Партиялар басқа ақшаға өмір сүреді. Меніңше, қаржы көзі онша заңды болмағандықтан, олар бұл туралы ақпаратты жұртқа жарияламауға тырысады, - дейді Сергей Дуванов.

Журналистің сөзінше, Қазақстандағы кез келген саяси партия жетекшісі өзі басқарып отырған партияның ақшаны қайдан алатыны туралы бүкіл шындықты айта алмайды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG