Accessibility links

Қазақстанның әр аймағында «жуырда салынады» деп жоспарланған «әсем қалалардың» әдемі макеттер мен видео-роликтер түрінде қала беретіні неден? Азаттық тілшісі осындай «арнайы жобалардың» қазіргі жайын зерттеп көрді.

Биыл маусым айының басында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласының жанынан, Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қала салатын тарихи сәт туғанын мәлімдеді.

300 мыңның айналасында тұрғыны бар Қызылорда қаласының жанынан келешекте тағы да «90 мың адамдық қаланың пайда болатынын, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғын-үйдің көптеп салынатынын» республикалық басылымдар жағымды жаңалық ретінде таратты.

АҚТАУ-СИТИ

Аумағы үлкен болғанмен ірі қалалары аз Қазақстанда жаңа қала салынатыны туралы қуанышты хабарлар бұған дейін де бірнеше рет тараған. Соның ішінде Қазақстанның мұнайлы аймағының бірі, Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудың жанынан түсетін Ақтау-ситидің жарнамасы ерекше еді.

2009 жылы «Самұрық-Қазына» қорының қаржысы мен Біріккен Араб Әмірліктерінен тартылатын инвестицияға жаңа қала салынады» деп жарияланған. Зәулім үй, кең көшеге толы, қазіргі заманғы дамыған шаһардың жарқылдаған көріністері туралы видео-роликтер мен макеттер болашақ Ақтау-ситиді «арман қала» ретінде сипаттаған.

Сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Ақтау-ситидің құрылысын да «тарихи оқиғаға» теңеген болатын. Қазір Ақтау-ситидің орнында бірнеше тұрғын үй мен қаңыраған дала және Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының бедері бар ескерткіш белгі ғана тұр.

КЕНДІРЛІ

Маңғыстау облысында салынатын «халықаралық Кендірлі курортты қаласының» жарнамасы да Ақтау-ситидің насихатынан кем түскен жоқ. 2010 жылы республикалық басылымдардың жазуына қарағанда «2013-2015 жылдарда Каспий теңізінің Кендірлі шығанағында тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде баламасы жоқ, барлық халықаралық талаптарға сай демалыс орны ашылуы тиіс» болатын.

Назарбаев құрылыс жобаларын қарап жүр. "Егемен Қазақстан" газеті сайтындағы суретті скриншоты. (Көрнекі сурет)

Назарбаев құрылыс жобаларын қарап жүр. "Егемен Қазақстан" газеті сайтындағы суретті скриншоты. (Көрнекі сурет)

«Каспий жағасындағы курортты аймақта жылына 1 миллион адамға қызмет көрсететін алып әуежай және көздің жауын алатын жоғарғы сапада салынатын 23 қонақ үй, 4 мың вилла мен басқа да заманауи үлгідегі түрлі туристік қызмет көрсететін орындардың бой көтеретінін» ақпарат құралдары жарыса жазды.

Бірақ Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың биыл көктемде, сәуір айында өткен үкімет отырысында айтқан сөзіне қарағанда Қазақстан үкіметі Кендірлі курортының құрылысын тоқтатып, Бурабай курортына басымдық берген». Алик Айдарбаев бір кездері «әлемдік деңгейде баламасы болмайды» деп жоспарланған Кендірліні енді «жергілікті маңыздағы курортқа айналдыратынын» мәлімдеді.

«СПУТНИК ҚАЛАЛАР»

2007 жылдары Қазақстан үкіметі тұрғын саны күрт көбейіп, көлік кептелісінен көз ашпай қалған Алматының қасынан төрт серiк қала салу жоспарын таныстырып, оны «қарыштап дамып келе жатқан ел экономикасының белгісі» ретінде көрсеткен.

«Gate City» – iскерлiк және қаржы орталығы, «Golden City» – мәдениет және бiлiм орталығы, «Growing City» – өнеркәсiп және логистикалық орталық, «Gereen City» – туризм және демалыс орталығы деп аталатын 4 қала 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасына да енгізілген болатын.

Алматы мен Қапшағай қалаларының арасына түсетін қалаларды салу үшін оңтүстік кореялық құрылыс компаниясымен келісім-шарт та жасалып, бірінші серіктес қала бес жылда, қалғаны 15 жылда аяқталатын болған. Азаттық тілшісімен сөйлескен өңірлік даму министрлігі құрылыс комитетінің маманы Роза Әнешқызының айтуынша «Серіктес қала салу жоспары әлі де тоқтамаған. Бірақ алғашқы қаланы 2031 жылы аяқтау көзделген». G4City аталатын жобаның ресми веб-сайтында құрылыс жұмыстарының хроникасы 2009 жылмен аяқталады.

Қазақстанда жасалатын көп эскиздің бірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда жасалатын көп эскиздің бірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа макеті таныстырылыған қаланың бірі – Ақтөбе-сити. 2011 жылы желтоқсан айында Ақтөбе облысының Астанадағы күндерінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов таныстырған макет атауы көп ұзамай Нұр-Ақтөбе болып өзгерді.

Жергілікті басылымдардың жазуына қарағанда «Ақтөбенің шығыс жағынан 750 гектар жерге түсетін Нұр-Ақтөбені 300 мың адам мекендейтін болады. Қазір 377 мың тұрғыны бар Ақтөбе қаласына тең келетін жаңа қала 15-20 жыл ішінде салынуы мүмкін».

«ШАҒЫН ҚАЛАЛАР»

Қазақстанның қала салу тенденциясына қуана қарайтындар да, күдікпен қарайтындар да жеткілікті. Тәуелсіздіктен кейін түрлі пікірлерге қарамастан Астана құрылысының басталуы және оған бюджеттен ұдайы қомақты қаржы бөлінуі қоғамдағы басқа әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік бермей отыр деп санаушылар да бар.

Әйтсе де мұндай наразылық пікірлерге қарамастан Астана қаласындағы жаңа нысандар құрылысы тоқтаған емес. 2017 жылы өтетін халықаралық ЕХРО көрмесі үшін Астана шетінен салынатын, құны бірнеше миллиард долларлық қалашық, президент Назарбаевтың сөзіне қарағанда «болашақта Астана қаласының орталығына айналуы мүмкін». Бірақ Астанаға ұқсас «арман қалалардың» жуырда пайда бола қоюы неғайбіл сияқты.

Қазақстандағы шағын қалалардың жағдайы жөнінде үкіметке сауал жолдап жүрген парламент мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыровтың пікірінше, бір кездері тарихи жобалар ретінде насихатталған қалалардың салынбай қалуына 2007 жылдары басталған «әлемдік экономикалық дағдарыс тікелей ықпал еткен».

Депутаттың айтуынша, қазіргі урбанизация жағдайында қала салған дұрыс, бірақ Қазақстанда советтік кезеңде ірі өндіріс ошақтарының айналасына салынған қалалардың әлеуметтік жағдайына қараған да жөн.

1990 жылдары Қазақстанның құрылыс министрі қызметін атқарған Амалбек Тышанов ескі стильдегі қалаларды жаңартқаннан жаңа бағыттағы қала салған дұрыс деген пікірде. Бірақ оның айтуынша, әкімдер салынбаған қаланы алдын-ала жарнамалап, бірнеше жыл бұрын есеп беріп, науқанға айналдыратыны да байқалады.

Жезқазған қаласының орталығындағы тұрғын үй. 27 қараша 2013 жыл.

Жезқазған қаласының орталығындағы тұрғын үй. 27 қараша 2013 жыл.

«Алдын-ала шулатып, жоспарлаған қалалардың салынбай қалуы ертегідей қала салуға ерте екенін көрсетеді. Бәлкім әуелі экономикалық, әлеуметтік мәселелерімізді шешіп алғанымыз дұрыс шығар. Кезінде гүлденген шағын қалалар қирап жатыр емес пе» дейді ол.

Алматы, Астана және Байқоңыр қаласынан өзге 14 облыстың орталығы және санаулы ірі қалалары бар Қазақстанда советтік кезеңде қалалық үлгіде салынған поселкелік типтегі қалалардың проблемалары жиі айтылады.

Қазақстан үкіметі мұндай шағын қалаларды дамыту үшін ара-тұра бағдарламалар қабылдап қоюды ұмытпайды. 2004-2006 жылдарға арнап бір бағдарлама қабылдаған үкімет былтыр «Шағын қалаларды дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» тағы қабылдады. Оған тұрғын саны 50 мыңнан аспайтын Қазақстандағы 60 шағын қаланың 19-ы ғана енгізілген.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG