Accessibility links

Еуразиялық топтың Лондон биржасындағы беделіне сызат түсті


Александр Машкевич, ENRC компаниясының акционері. Астана, 18 мамыр 2011 жыл
Александр Машкевич, ENRC компаниясының акционері. Астана, 18 мамыр 2011 жыл

Дүние жүзіндегі металл өңдеу және тау-кен өнеркәсібі саласындағы ірі корпорациялардың бірі ENRC-дің қызметіндегі көлеңкелі тұстар көріне түсті деп жазады Financial Times басылымы маусымның 23-індегі санында.


Корпорация басшылығындағы ауыс-түйіс пен бірқатар мамандардың пікірі осыған саяды. Ұлыбританиядағы ең ірі елу компанияның қатарына кіретін ENRC-дің («Еуразия табиғи ресурстар корпорациясы») директорлар кеңесінде болған «төңкерісте» тәуелсіз атқарушы емес директорлар Ричард Сайкс пен Кеннет Олиса қызметтерінен түсіп қалды.

КОРПОРАЦИЯ АКЦИОНЕРЛЕРДІ АЛДАП КЕЛГЕН БЕ?

Табиғи ресурстар корпорациясы Совет одағы құлағаннан кейін пайда болған. Оған негізінен Қазақстан үкіметі мен қазақстандық деп саналатын үш бизнесмен иелік етеді. Корпорация Лондон қор биржасындағы капиталдандыруы жоғары арнайы 100 компанияның тізіміне енеді. Басылымның жазуынша, миллиондаған ұлыбританиялықтар өз зейнетақы үлестері мен жекелеген инвестициялары арқылы корпорацияның акцияларына ие болған.
Мені ашуландыратыны – тәуелсіз директорлардың 2009 жылы-ақ өздерінің жұмыс жасай алмайтын директорлар кеңесінде қызмет жасап жатқанын білгендігі болды. Бірақ олар сыртқа бәрін «ойдағыдай болып жатыр» деп көрсетті. Ал адамдар сол ақпаратқа сеніп, компаниямен істес болды.

Бірнеше жылдан бері ұлыбританиялық бірқатар ірі компаниялар түрлі шиеленісті жағдайларды бастан өткерді. Олардың ішінде басқарма төрағаларының басшылықтан босатылған, немесе инвесторлардың корпоративтік жоспарларға тұсау салған кездері де болды. Алайда, ENRC инвесторлары қор биржасында жұмыс жасаған 27 жылда акционерлер үшін дәл осындай жағдай болған емес дейді Financial Times. Бұл алты ай бойына директорлар кеңесінің өз ішінде алауыздықтар болғанын көрсетіп берді. 14 адамнан тұратын директорлар кеңесіндегі тәуелсіз жеті директор штаттан тыс қызметі үшін жылына 250 мың еуро алып келсе де, өз еріктерімен отставкаға кетуге асықпаған.

Financial Times «директорлар кеңесі дұрыс жұмыс істей алмайды» деген пікірді корпорациямен істес болғандардың барлығы қолдайды деп жазады. Бұдан төрт жыл бұрын ENRC-дің біртұтас корпорация болып құрылуына атсалысқан банкирлердің бірі басылымға: «Мені ашуландыратыны – тәуелсіз директорлардың 2009 жылы-ақ өздерінің жұмыс жасай алмайтын директорлар кеңесінде қызмет жасап жатқанын білгендігі болды. Бірақ олар сыртқа бәрін «ойдағыдай болып жатыр» деп көрсетті. Ал адамдар сол ақпаратқа сеніп, компаниямен істес болды» деген.

1990 ЖЫЛДАРДАҒЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ КӨЛЕҢКЕЛІ ТҰСТАРЫ

Осы айда Лондондағы Қазақстанның ең ірі тау-кен өндірісі компаниясының шатқаяқтағаны естіле бастағанда Астана билігі ресми түрде өзін одан алшақ ұстай бастағанын атап өтеді басылым. Алайда ENRC-де 12 пайыз үлесі бар Қазақстан үкіметі маусымның 8-і тәуелсіз екі директорды орнынан алған сайлауда инвесторларды қолдап дауыс берді.

Қазақстан оппозициясы билікке жақын топтар өз жағдайын жақсартып алған 1990 жылдардағы жекешелендірудің көлеңкелі тұстарына зерттеу жасауға шақырды. Билікке жақын ондай топтардың бірі ENRC-ді құрған үш олигарх – Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алимжан Ибрагимов болды. Бұлар Қазақстанда капитализм орнатылып жатқан алғашқы жылдары металл және тау-кен өнеркәсібі, энергетика мен қаржы саласындағы активтердің басым көпшілігіне бақылау орнатып алғанын айтады басылым.

Financial Times «дегенмен 2007 жылы корпорацияның акциялары Лондон қор биржасына шығарылған кезде олардың бұрынырақта жүргізген бизнестеріне қатысты түйткілдер туындап, оларға басқармадан орын берілмеді» дейді. Бельгия оларға "қаржы жымқырды" деп айып таққан, ол іс әлі аяқталған жоқ. Ал олигархтар ол айыпты жоққа шығарады.

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ТОПТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ҚЫЗМЕТІ»

Өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанда соншалықты үлкен бизнес құруда қалайша саяси ықпалға ие болғандығы әлі күнге белгісіз. Алайда, Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының ғылыми қызметкері Марта Брилл Олкотттың айтуынша, Александр Машкевич 1990 жылдардың соңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен тым жақын байланыста болып, оған Лондондағы әйгілі Versace дүкеніне ертіп баратын жағдайда еркінси жақындасып кеткен. Іскерлік қабілеті мен билікпен тығыз байланыста болуының арқасында олар жекешелендірудің алғашқы жылдарында ENRC-дің негізін қалаған Қазақстанның хром, темір рудасы және аллюминий глиноземі активтеріне бақылау орнатты. Кей кездері олар үкіметтің шетелдік тау-кен өнеркәсібімен айналысатын топтармен тартысы кезінде басып алған активтерді иеленді дегенді де айтады басылым.
Қазақстанның болат зауытын басқаруды өзі иелік ететін ArcelorMittal компаниясына өткізіп беруге «көмек көрсеткені» үшін Миттал Патох Шодиевпен байланысты топқа 100 миллион АҚШ долларына тең «сыйақы» берген.

Үш олигарх Нұрсұлтан Назарбаевқа металлургия және тау-кен өнеркәсібі саласында сауда келісімдерін жасауда делдалдық қызмет атқарды деп те айтылады. 2002 жылы ENRC-дің атқарушы директоры болып тұрған кезінде Йоханнес Ситтард (қазіргі кезде төраға) BBC телеарнасына 1990 жылдары үндістандық миллионер Лакшми Митталдың қол астында жұмыс істеп жүргенде мынадай жайтқа куә болғанын айтып қалады. Сол кезде Қазақстанның болат зауытын басқаруды өзі иелік ететін дүние жүзіндегі ірі металлургиялық ArcelorMittal компаниясына өткізіп беруге «көмек көрсеткені» үшін Миттал Патох Шодиевпен байланысты топқа 100 миллион АҚШ долларына тең «сыйақы» берген.

Financial Times ENRC-дегі жағдай ұлттық компаниялардың акцияларын жеңілдетілген бағамен «халықтық IPO» бағдарламасына шығаруды жоспарлаған қазақ үкіметі үшін қолайсыздық туғызып отырғанын жазады. «Қарапайым азаматтар үшін мемлекеттің байлығын пайдалану үшін берілген мүмкіндік деп жарияланған бағдарлама көптеген қазақстандықтардың жанын ауыртқан жекешелендірудің көлеңкелі тұстарын жауып жіберу үшін жасалып отыр» деген пікір білдіріпті басылым. Ал «Азат» оппозициялық партиясын құрушылардың бірі Болат Әбілов басылымға ENRC-ді жекешелендіруді тоқтатып, оның активтерін халыққа қайтару керектігін айтқан.

КОРПОРАЦИЯДАҒЫ ҚИТҰРҚЫЛЫҚТАР ЛОНДОН БИРЖАСЫНА КЕСІРІН ТИГІЗБЕК

Басылымның жазуынша, компанияны басқаруды өз қалауынша жүргізу шағын ғана алпауыт акционерлердің әлеуеті өздерінен төмен акционерлердің құқықтарын аяққа таптайтын компанияның құрылуына әкеп соққан. Корпорацияда ұлыбританиялық өзге компаниялардай емес, ішкі нарықтағы ұжымдық басқарудың британдық үлгісі қалыптаспағандықтан одан ши шығатыны ықтимал болатын. Өйткені директорлар кеңесінің 14 мүшесі басқару билігін уысында ұстай алмады. Корпорацияны құрушы Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов үшеуінде 14.6 пайыздан, ал «Қазақмыс» 26 пайыздық үлеске ие болғанымен, олардың ешқайсысы директорлар кеңесіне кірмейді.
Ұжымдық басқару дамып келе жатқан халықаралық қаржы саласы мен нарық жүйесінде бұл қазақстандық компанияға ендігі жерде қандай сенім артуға болады деген сұрақ туған.

Александр Машкевич ENRC акциялары биржаға ілінгенге дейін өзі атқарған қызмет - төрағалыққа отырғысы келген. Бірақ корпорацияның құрылуына демеушілік жасаған Morgan Stanley мен Deutsche Bank компаниялары Бельгия қозғаған іске байланысты төраға болмауға кеңес берген дейді Financial Times. Соған қарамастан компания жұмысынан жақсы хабардар бір тұлға Машкевичтің директорлар кеңесіндегі бос орынға белсенді араласып, өзінің акция пакетін бақылап отыратынын айтады. Ал «Қазақмыс» болса мүдделер қақтығысы тууы мүмкін деген қауіппен директорлар кеңесіне қатыстырылмаған. Осыдан ENRC-дің директорлар кеңесінде алпауыт төрт акционерге орын тимеген. Кеңеске 12 пайыз акция пакетіне ие қазақ үкіметі мен Алиджан Ибрагимовтың өкілі сайланған.

ENRC-дің айналасындағы әңгіме Лондон биржасына қатысты сұрақтарды туындатып отыр. Ұжымдық басқару дамып келе жатқан халықаралық қаржы саласы мен нарық жүйесінде бұл қазақстандық компанияға ендігі жерде қандай сенім артуға болады деген сұрақ туған. Дүние жүзінде қызметі бұлыңғыр компаниялардың акцияларын сатылымға шығара беретін биржалар бар. Егер ұзақ мерзімді мүддесі бар Лондон биржасы қысқа уақытта табыс табатын солардың қатарына еніп кетсе, өкінішті болмақ деп түйіндепті басылым өз мақаласын.
XS
SM
MD
LG