Accessibility links

Көшеден өтіп жатқан газды үйге кіргізу бағасы әртүрлі


Алматы облысы ауылдарының біріндегі газ құбыры. 13 қараша 2015 жыл.
Алматы облысы ауылдарының біріндегі газ құбыры. 13 қараша 2015 жыл.

Алматы маңындағы ауылдарға газ құбыры тартылып жатыр. Бірақ кей тұрғындар құбыр тартушы компаниялардың қызмет ақыларына наразы.

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Үшқоңыр ауылында тұратын Еркін есімді азамат елді мекенге дейін тартылған газ құбырын ары қарай үйіне дейін жеткізу ақысы қымбат екенін айтып наразы болып жүр.

– Бүгін үйіме газ кіргізейін деп құбыр жүргізуші «Сигма» компаниясына барып едім, барлығын қосқанда 582 мың теңге шығып тұр. Бірақ газ құбырын тартатын басқа компанияларда баға бұлай емес, – дейді Еркін.

«БАҒА АЛЫС-ЖАҚЫНДЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ»

Алматы облысы Қарасай ауданындағы газ құбыры. 31 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы облысы Қарасай ауданындағы газ құбыры. 31 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Үшқоңыр ауылына газ құбырын тартумен айналысып жатқан «Сигма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Ерлан «газ құбырын тарту құны жобаға байланысты әртүрлі болатынын» айтады.

– Шамамен 150-180 мың теңге аралығында ғана. Ал жаңадан түсіп жатқан ауылдарда үйлердің арасы екі шақырымға дейін болады. Ешқандай газ жоқ. Сол себепті ол жерлерде 500 мың теңгеге дейін шығуы мүмкін, – дейді ол.

Бір ауылдағы әр үйге газ тарту құны әртүрлі болатынын Үшқоңыр ауылдық округінің әкімі Әділбек Қамбарұлы да растайды.

– Газ құбырын тартушы компаниялардың жоғарғы жақта газ бойынша келісімшартқа отырған мемлекеттік мекемелері бар. Солардың бекітіп берген тарифтері бойынша баға белгіленеді, – дейді ол.

Азаттық тілшісі басқа мекемелердегі газ құбырын тарту ақысы қандай екенін білмекке Алматы қаласы маңындағы ауылдарға газ құбырын тартумен айналысатын «Алматыгазсервис» компаниясына хабарласқан еді. Мекеме өкілі Сырымбет Жылгелдиевтің айтуынша, газ құбырын тарту құны үйлердің негізгі газ трассасына алыс-жақындығына байланысты.

– Мәселен, қала сыртындағы ауылдарда газ құбырын тарту әр үйге 290-300 мың теңге аралығында айналып жатыр. Бұған бір ауылдан екінші ауылға дейінгі жүргізілген құбырлар, жұмысы, жобасы – барлығы кіреді. Кейде бір ауыл мен екінші ауылдың арасы бес шақырымға дейін кетіп қалады. Сонда ең қымбаты 300 мың теңгеге дейін барады, – дейді Сырымбет Жылгелдиев.

"Казтрансгаз" компаниясы жариялаған Қазақстандағы газ құбыры жүйесі схемасы. 2014 жыл. Сурет компанияның ресми сайтынан алынды.
"Казтрансгаз" компаниясы жариялаған Қазақстандағы газ құбыры жүйесі схемасы. 2014 жыл. Сурет компанияның ресми сайтынан алынды.

Алматы облысы әкімшілігі ресми сайтының мәліметінше, былтыр облыстың елді мекендерін газдандыруға жергілікті бюджеттен 270 миллион 700 мың теңге қаржы аударылған.

Ел үкіметі Қазақстанды газбен қамту үшін 2014 жылы 4 қарашада 1171-қаулысын шығарған. 2015-2030 жылдарға арналған ол жоба бойынша, газбен қамту обьектілерін салуға 15 жылда 656 миллиард теңге (2012 жылғы курс) жұмсалмақ. Елде Алматы қаласы мен тоғыз облыс қана газбен қамтамасыз етілген. Газ елдің батыс аймағының 90 пайызына (Маңғыстауда – 96,4 пайыз, Атырауда – 92,9 пайыз, Батыс Қазақстанда – 86,7 пайыз, Ақтөбеде – 79,9 пайыз) жеткен, ал басқа өңірлерде ол көрсеткіш аса төмен.

XS
SM
MD
LG