Accessibility links

Алматыда жарылған бензовоз: 1968 жыл хроникасы


1968 жылы Алматыдағы апаттан қаза тапқан солдаттар. Сурет сол жылы "Красная звезда" газетіне жарияланған.
1968 жылы Алматыдағы апаттан қаза тапқан солдаттар. Сурет сол жылы "Красная звезда" газетіне жарияланған.

Маусымның 27-сі күні Алматыда болған өрт 45 жыл бұрынғы оқиғаны еске түсіреді. Сол жолы да жанар-жағар май таситын көліктің тежегіші істен шыққан. Жарылыстан екі солдат опат болған.

Бұл оқиға 1968 жылдың маусым айында, сәрсенбі күні болған. Қала көшелерінде қозғалыс қайнап жатты. Сағат түскі бірлер шамасында Ленин даңғылымен түсіп бара жатқан кезде дизельді отын тиеген әскери көліктің тежегіші істемей қалды. Рульде қатардағы жауынгер, 20 жастағы Юрий Директорчук отырған. Онымен бірге кабинада 22 жастағы солдат Анатолий Духович болған. Олардың біреуі әскерге - Қостанай, екіншісі Шығыс Қазақстан облысынан шақырылған.

ҚҰЛДИЛАУ

ЗИЛ көлігі 5 тонна жанармайды белгіленген жерге жеткізуге тиіс болған. Олар Түркістан әскери аумағы санаториінің құрылыс аумағынан шығып, Ленин даңғылына бұрылған. Көлік Ленин даңғылына бұрылған мезетте моторы өшіп, тежегіші істен шыққан. Оқиғаны көргендер машинаның қауіпті жағдайда екені туралы ескертуді Абай алаңының маңында естігендерін айтады.

Сол кездегі «Красная звезда» газеті «ЗИЛ Ленин даңғылына түскен соң, тоқтай алмай еңіспен кете берген. Алда солдаттардың тағдырын шешкен 5 шақырым жол жатты» деп жазады.

Духович көлік тепкішегінде тұрып, гимнастеркасын бұлғап, «Тежегіш жоқ! Сақтаныңдар! Қашыңдар!» деп айқайлаған.

ЗИЛ-157 жүк көлігі.
ЗИЛ-157 жүк көлігі.
Абай алаңына келгенде жанармай тиеген көлік троллейбус пен жолаушылар автобусына соғылып қала жаздаған. Олардың арасынан өтіп кету мүмкін емес еді. Жүргізуші рульді солға қарай қатты бұрып жібергенде ЗИЛ троллейбусқа соғылмай өте шыққан. Бірақ троллейбустың артында келе жатқан «Москвич» автокөлігін соғады. Осы сәтте ЗИЛ-дің қосымша доңғалағы ұшып кетіп, өзі автобусқа беттейді. Бірақ Директорчук рульді дер кезінде бұрып, жүк көлігі автобусты жеңіл ғана сырып өткен. Кейінірек осы автобустың жүргізушісі ЗИЛ-дегі солдаттың сабырмен қимылдағанын еске алды. Сол кездегі бір газет «ЗИЛ төмен қарай сағатына 140 шақырым жылдамдықпен құлдилады» деп жазды.

ЗИЛ-де отырған солдаттардың не ойлағанын білу қиын. Мұндай үлкен жылдамдықта ауыр көлікті қауіпсіз жағдайда тоқтату мүмкін емес еді. Олардың алдында 28 панфиловшылар паркі жатты. Бірақ ол кездегі Ленин атындағы көше (қазіргі Достық даңғылы) мен Советский көшесінің (қазіргі Қазыбек би көшесі) қиылысы бүгінгісінен басқаша болған. Паркте Панфиловтың ескерткіші жоқ еді. Ескерткіштің ту сыртындағы әскери байраққа ұқсайтын есік те болмаған. Бірақ оның орнына басқа қақпа тұрды. Паркке кіретін есік те сол жерде еді.

Алматыдағы Достық даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысында бұрылып жатқан жолаушылар автобусы. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы Достық даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысында бұрылып жатқан жолаушылар автобусы. (Көрнекі сурет)
Қақпалардың арт жағында жас қарағайлар, бұтақтар, гүлдер өсіп тұрды. Егер солдаттар қиылыстан аман өткенде, бәлкім, сол бұталарға тіреп, көлікті тоқтатуға болушы ма еді. Бірақ осы сәтте жолдың оң жағынан жолаушы автобусы шығады. Паркке қарсы бетте Талдықорған облысынан каникулға келген бір топ оқушы келе жатты. Арада он-ақ метр қалған еді. Юрий Директорчук ЗИЛ-ді қалың ағаш өсіп тұрған жолдың сол жағына бұрып жібереді. Қатты соққыдан жанармай жарылып, екі жауынгер сол жерде опат болған.

КУӘГЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Сол оқиғаның куәгері Юрий Добрышкин Достық пен Төле би даңғылдарының қиылысындағы үш қабатты ескі үйде тұрады.

- Ол кезде 18-де едім. Диванда кітап оқып, институтқа түсуге дайындалып жатқанмын. Кенет көшеден айғай-шу естілді. Терезеден қарап едім, паркке қарай жүгіріп бара жатқан адамдарды көрдім. Мен де отыра алмай далаға жүгіріп шықтым, - деді ол Азаттық тілшісіне.

1968 жылы 19 маусымда болған апаттың куәгері Юрий Добрушкин. Алматы, 2 шілде 2013 жыл.
1968 жылы 19 маусымда болған апаттың куәгері Юрий Добрушкин. Алматы, 2 шілде 2013 жыл.
Юрий Добрышкин оқиға болған жерді сызып, ЗИЛ соғылған теректер қайда болғанын қарамен бояп көрсетті.

Оның айтуынша, солдаттардың жанып кеткен денесі асфальт үстінде жатқан. Ол солдаттар жарылыстан ұшып кеткен деп ойлаған.

ЖАЙБАСАР ПРЕССА

Бұл қайғылы оқиға туралы әңгіме Алматыға тез тараған. Өйткені апаттың куәлері көп болған. Қала тұрғындарының сол кездегі оқиғаға қатысты реакциясы да Алматы қаласында биыл маусымның 27-сі күні болған апат кездегіге ұқсас. Ол кезде де солдаттарды батырға теңеп, олардың ісін ерлікке балаған.

«Красная звезда» газеті «Бүкіл Алматы тұрғындарының әңгімесі - екі солдат. Оларды пионерлер алау басында, солдаттар казармада еске алады. Кейбір адамдар Юрий Директорчук пен Анатолий Духовичтің ерлікпен қаза тапқан жеріне арнайы барып, рухына тағзым етіп жатыр» деп жазды. Сол кездегі ең ірі басылымның бірі - «Правда» газеті «Жүргізуші жауынгерлер ерлігі» деген мақала басты. Известия газеті де «Ерліктің 900 қадамы» (Абай алаңы мен паркке дейінгі қашықтық) деген материал жариялады.
Бүкіл Алматы тұрғындарының әңгімесі - екі солдат. Оларды пионерлер алау басында, солдаттар казармада еске алады.

Қала тұрғындарының көбі оқиға орнына гүл қойып жатты. Солдаттар ерекше құрметпен Алматыда жерленді. Сол кездегі газет ақпараттарына сенсек, оларды бүкіл қала шығарып салған.

Алайда қайғылы оқиға туралы әңгіме қалаға тез тарап үлгерсе де, баспасөз бетінде ақпараттар бірнеше күннен кейін ғана пайда болған. Оқиға жайлы 1968 жылы маусым айының 26-27-сі күндері бірнеше газет жарыса жазған. Бірақ кейбір газеттер тым кеш хабарлаған. Осының өзі совет және партия басшыларының оқиғаны жазу жайлы нұсқауы түспесе, ешкім ештеңе хабарламай отыра беретіндей әсер қалдырады. Сол кездегі советтік журналистиканың ерекшелігі де сол еді. Қазіргідей ақпаратты жылдам тарататын әлеуметтік желі болмаған.
«Өрт кезінде әлеуметтік желі арқылы келген көмек».

ҰМЫТУ

Бұл оқиғадан соң апат орнындағы теректер өсіп тұрған жерге бетон ыдыс орнатылды. Ол ыдысқа гүл егілді. Бірақ 1968 жылы маусымның 19-ы күні болған апатты ел ұмыта бастады.

19 жыл өткенде «Ленинская смена» газетінің жас журналисі Ирина Утеулина осы оқиғаны ел жадында қайта жаңғыртты. Оның очеркі де «Ұмытуға болмайды» деп аталады. Оның мақаласы Горбачевтің «қайта құруы» қызған шақта, аталмыш оқиғаға басқа қырынан қарауға мүмкіндік туған кезде ғана, 1987 жылы сәуірдің 25-і күні басылды.

1968 жылғы апат орнына қойылған ескерткіш тас. Алматы, 2 шілде 2013 жыл.
1968 жылғы апат орнына қойылған ескерткіш тас. Алматы, 2 шілде 2013 жыл.
1968 жылы маусымның 19-ы күні не болғанын анықтау үшін очерктің авторы сол кездегі баспасөзді шолып шыққан. Таңғаларлығы – оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған екен. Онымен әскери прокуратура айналысқан. Ирина Утеулина осы қылмыстық істің құжаттарын көрген ең бірінші және ең соңғы журналист болса керек. (Бір жылдан соң ол істің жойылатын мезгілі жеткен)

Іске байланысты құжаттарға қарап, мамандардың көлік ақауының себебін сол күйі анықтай алмағанын білуге болады. Себебі жарылыс пен өрттен көлік бөлшектері күйіп кеткен.

«Красная звезда» газетіне басылған очерктің авторы «апатқа ұрынған ЗИЛ соның алдында ғана толық жөндеуден өткен» деп жазған. Автордың жазуына қарағанда, «көліктің руліне Алматы сияқты жер бедері күрделі қалада көлік айдау тәжірибесі аз, жас жігіт отырған». Кейін Директорчуктің ЗИЛ руліне апаттан төрт-ақ күн бұрын отырғаны мәлім болды. Оның көлікті айдап үйренуге уақыты да болмаған.

«Ленинская смена» оқиға жайлы мақала басқан соң, көп ұзамай апат болған жердегі бетон ыдыстың жанына граниттен жасалған тақта орнатылды. Тасқа қаза тапқан жауынгерлердің аты-жөні мен туған жылдары жазылды. Онда «Орталық Азия әскери округінің екі жауынгері адамдар өмірін сақтап қалу үшін қаза тапты» деп жазылған. Бірақ олар Орталық Азия әскери округінің емес, Түркістан әскери округінің солдаттары еді.

2000 жылы алматылық бір мүсінші солдаттардың бюстін жасап, тастың қасына апарып қойған. Білетіндердің айтуынша, жарты жылдан соң жергілікті басшылар ол бюстті солдаттар жерленген зиратқа апарып орнату туралы бұйрық шығарған.
XS
SM
MD
LG