Accessibility links

Алматыда енді АИ-95 талонмен сатыла бастады


Жанармай құю бекеті алдында тұрған көліктер. Алматы, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жанармай құю бекеті алдында тұрған көліктер. Алматы, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Тамыз айының басынан бері АИ-92 бензині қат болып, көптеген қазақстандық жүргізушілер еріксіз қымбатырақ түрін тұтынуға көшкен. Енді талонмен сату АИ-95 маркасына да жетті.

Алматы қаласында тамыздың 28-інен бастап АИ-95 маркалы бензин тек талонмен сатыла бастады. Рысқұлов даңғылының бойында орналасқан «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты №54 жанармай құю бекетінің қызметкері Азаттық тілшісіне қала бойынша байқалған жайтты растап: «Бүгіннен бастап АИ-95 маркалы бензинге шектеу қойылды. Тек талонмен ғана сатылады» деді. Алайда не себепті шектеу қойылғанын білмейтінін айтты.

«Бізге не үшін екенін айтпайды. Басшылық ертеңнен бастап талонмен сатасыңдар деп кеше ескерткен болатын» деді жанармай құю бекетінің қызметкері.

Азаттық тілшісі «ҚазМұнайГаз өнімдері» компаниясының мұнай өнімдерін сату департаментіне хабарласқан еді. Аты-жөнін жарияламауды өтінген департамент қызметкері: «Басшылық Алматы қаласындағы компанияның жанармай құю бекеттерінде АИ-95 маркалы бензиннің сатылуын шектеп, талонмен сату туралы шешім қабылдады. Бірақ бұл облыстарға қатысты емес» деп түсіндірді.

«ҚазМұнайГаз өнімдері» өкілі: «Қазір мұнай өңдеу зауыттарында бензин өте аз өндіріліп жатыр. Соның кесірінен АИ-95 маркалы бензин түрі компанияның барлық жанармай құю бекеттерінде жоққа тән» деді.

Азаттық тілшісінің «бензин бағасының тағы өсетіні туралы» қауесетке қатысты сауалына «ҚазМұнайГаз өнімдері» өкілі: «Осы қыркүйек айында бағада еш өзгеріс болмайды. Бірақ қазан айында өзгеруі мүмкін» деп жауап берді.

Trans-Asia бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің литрі 127 теңгеден сатылып жатыр. Алматы, 28 тамыз 2014 жыл.

Trans-Asia бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің литрі 127 теңгеден сатылып жатыр. Алматы, 28 тамыз 2014 жыл.

Бұған дейін Қазақстандағы Royal Petrol компаниясына қарасты жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынына шектеу қойылып, талонмен сатыла бастаған болатын. Тамыз айының басында ресейлік «Газпромнефть» жанармай құю бекеттерінде де АИ-92 бензині талонмен сатылған. Қазір Алматыда АИ-92 бензинінің тапшылығы сезіледі. Сол себепті жүргізушілердің көпшілігі еріксіз бағасы қымбаттау, сапасы күштірек саналатын АИ-95 маркалы бензин алуға мәжбүр екендерін айтады.

Әзірше Алматыда АИ-95 бензинін тек «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты жанар-жағар май бекеттері талонмен шектеп сатып жатыр. Ал «Газпромнефть» АИ-95 маркалы бензинді екі түрлі бағамен, 153 және 163 теңгеден ұсынады, Helios компаниясында бензиннің бұл түрі 158 және 168 теңге тұрады.

Тамыздың 27-і күні БАҚ өкілдері алдында мәлімдеме жасаған энергетика министрінің орынбасары Ұзақбай Қарабалин Қазақстандағы бензин бағасының өсуін көрші елдердегі мұнай өнімдерінің қымбаттауынан көрген.

Ұзақбай Қарабалин: «Мен бір рет болжам жасаймын деп аузым күйіп қалды. Қазір нақты айта алмаймын. Осы бір-екі аптаның ішінде көреміз. Осы баға нарыққа мұнай әкелетін компанияларға жеткілікті болатын болса, онда өзгеріс болмауы керек» деген.

Қазір Қазақстандағы мұнай базаларындағы АИ-92 маркалы бензиннің көлемі 95 мың тонна деп хабарланды. Энергетика министрі орынбасарының айтуынша, Қазақстанда бір жылда тұтынылатын бензиннің 30 пайызы Ресейден жеткізіледі. Қазақстанда соңғы 3 жылда жүргізушілер көп тұтынатын АИ-92 бензинінің бағасы бірнеше рет өсіп, бір литрінің құны 128 теңгеге жетті.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG