Accessibility links

«Үш зауыт жаңғыртылған соң тапшылықтан құтыламыз»


Жанармай бекеттерінің біріндегі АИ-92 бензині жоқ екені жайлы жазу. Алматы, 18 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жанармай бекеттерінің біріндегі АИ-92 бензині жоқ екені жайлы жазу. Алматы, 18 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Энергетика министрлігінің өкілі елдегі бензин тапшылығының бірнеше себебі бар екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның сырттан әкелетін жанармайға тәуелді болмайтын күні жақын.

Қазақстанда биыл жаздан бастап әуелі халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензин, кейін АИ-95 маркалы бензин тапшылығы байқалып, жанармай қымбаттай бастаған.

Қазақстан энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрбек Амангелдіұлы Азаттыққа берген сұхбатында бензин тапшылығының бір себебі «ішкі нарықтағы сұраныстың 30-40 пайызы сырттан келетін өнімге тәуелділігінде» екенін айтты.

Азаттық: – Қазақстандағы бензинге сұраныстың жартысына жуығын импорттық өнім тұрақты түрде қамтамасыз етіп келген болса, биылғы бензин тапшылығына не себеп?

Нұрбек Амангелдіұлы: – Осы күнге дейін Ресейден әкелінген бензинмен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп келгенбіз. Қазір Ресейдегі кейбір мұнай өндіру зауыттарының тоқтауына, сондай-ақ Ресей теориториясының ұлғаюына байланысты бізге келетін бензин көлемі төмендеді. Соның салдарынан бізде қазір бензин қат болып тұр.

ВИДЕО: Нұрбек Амангелдіұлы бензин тапшылығы жайлы

Азаттық: – Қазақстандағы бензин бағасының Ресейдегіден арзан болғаны бұл тапшылыққа әсер етпеді ме?

Нұрбек Амангелдіұлы: – Коммерциямен айналысатын компаниялардың көбісіне қазір Ресейден Қазақстанға бензин әкелу тиімсіз. Өйткені біздегі шекті баға Ресейдің шекті бағасынан өте төмен. Сол себепті қараша айында индикативті балансқа (Ресейден кедендік алымсыз тасымалданатын бензин көлемі жайлы құжатқа – ред.) қол қойылайын деп жатыр. Ол индикативті баланста мұнай өнімдерін Қазақстанға жеткізу қарастырылмақ.

Жанармай құю станциясында кезекте тұрған көліктер. Алматы, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жанармай құю станциясында кезекте тұрған көліктер. Алматы, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық: – Ол келісім Қазақстандағы бензин бағасына әсер етпей ме?

Нұрбек Амангелдіұлы: – Бұл жерде баға туралы да айтылды. Келер айда баға тұрақты болады.

Азаттық: – Қазақстанға сырттан әкелінетін жанармайдың сапасы қандай?

Нұрбек Амангелдіұлы: – Бензин сапасын техникалық реттеу және метрология комитеті деп аталатын жеке мемлекеттік орган өздерінің жоспарлы кестесі бойынша тексеріп отырады.

Азаттық: – Елдегі бензин тапшылығын жою үшін тағы қандай шаралар атқарылып жатыр?

Өзіміздің үш зауыт қайта жаңғыртудан толық өткеннен кейін бензин тапшылығынан толық құтыламыз.

Нұрбек Амангелдіұлы: – Қазақстан үкіметі ішкі нарықтағы мұнай өнімдері көлемі бір қалыпты болуы үшін отандық мұнай өнімдерін өңдеу зауыттарын толығымен жұмыс істетіп жатыр. «Шымкент» мұнай өңдеу зауытының қазан айындағы кезекті жөндеу жұмыстары 2015 жылдың наурыз айына ауыстырылды. Сондай-ақ 2012-2014 жылдар аралығында Қытайдан толлинг (шикізатты апарып, өңдеу ақысын төлеп, дайын өнімді кері әкелу жүйесі – ред.) бойынша 285 мың тонна бензин жеткізілді. Енді бұл жүйені 2017 жылға дейін жалғастыру қарастырылып жатыр. Бұл отандық үш зауытты – Атырау, Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын қайтадан жаңғырту мерзімінің аяқталу кезеңіне дейін жетеді. Өйткені өзіміздің үш зауыт қайта жаңғыртудан толық өткеннен кейін бензин тапшылығынан толық құтыламыз.

Қазіргі кезде үкімет [бензин тапшылығын болғызбас үшін] бүкіл шараларды қолданып жатыр.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG