Accessibility links

Бензиннің неге тапшы болғаны тексеріле бастады


Жанармай бекеттерінің бірінде АИ-92 бензині жоқ екені жайлы жазу. (Көрнекі сурет)

Жанармай бекеттерінің бірінде АИ-92 бензині жоқ екені жайлы жазу. (Көрнекі сурет)

Бәсекелестікті қорғау инспекциясы Алматыда жанармайдың неліктен тапшы болғанын тексеруге кірісті. Ал мұнай компаниясы өкілдері оның бірнеше себебі барын айтады.

Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы инспекциясы қалада өткен айдан бастап әуелі АИ-92, кейінірек АИ-95 маркалы бензиндердің тапшы болу себебін тексеруге кіріскенін хабарлады.

«HELIOS-ТЫ ТЕКСЕРІП ЖАТЫРМЫЗ»

Инспекция бастығының орынбасары Асыл Құрманбекұлының сөзінше, мекеме мұнай өнімдерін Алматыға көтерме сауда жолымен жеткізушілердің тізімін алдырып, оны Алматы қалалық әділет басқармасына жіберген.

– Енді аталған басқарма арқылы бұл тізімдегілердің қайсысы орта, қайсысы шағын, қайсысы ірі кәсіпорынға жататындығын анықтаймыз. Өйткені орта және шағын бизнеске мораторий жарияланғандықтан оларға өз тарапымыздан ешқандай сұрау сала алмаймыз. Содан кейін барып ірі кәсіпорындарды тексере бастаймыз, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Асыл Құрманбекұлы Қазақстандағы мұнай өнімдерін жеткізуші бірнеше ірі компанияның бәрін бірдей тексере алмайтындарын да айтты.

Sinooil жанармай бекеті алдында тұрған көліктер. Алматы, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Sinooil жанармай бекеті алдында тұрған көліктер. Алматы, 22 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Өйткені «Қазмұнайгаз» компаниясының бас офисі Астанада орналасқан. Ал «Газпромнефть» компаниясына қарасты жанармай бекеті Алматыда бар-жоғы үш-төртеу ғана – оларда жанармайдың болу-болмауына келіп кетер ештеңе жоқ. Үшіншісі – ірі Sinoоil компаниясының Алматыдағы жанармай бекеттерінде бензин үзілмейді. Осы себептен аталған үш компанияға да тексеріс жүргізбейміз, – дейді бәсекелестікті қорғау агенттігінің Алматы қаласы бойынша инспекциясының өкілі.

Ол алғашқы тергеу амалдарын Алматы қаласында 51 жанармай бекеті бар Helios компаниясына қатысты жүргізе бастағандарын хабарлады.

– Тергеу, зерттеу жұмыстары енді басталғандықтан басы артық ештеңе айта алмаймын, – деді Асыл Құрманбекұлы.

Азаттық тілшісі бұл тексеруге байланысты пікірін білмек болып, Helios компаниясының Алматыдағы бас офисіне хабарласты. Бірақ компания басшылығы ешқандай комментарий бере алмайтындарын мәлімдеді.

МҰНАЙ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ УӘЖІ

Қазақстанда тамыздың ортасы шенінен бері жанар-жағармай мәселесі жұртты алаңдатып тұр.

Тамыздың 21-інде елдегі ірі мұнай компанияларының бірі «Қазмұнайгаз» компаниясы жанармай бағасы 10-15 пайызға өсетінін жариялаған. Компания директорының маркетинг бойынша орынбасары Ерлан Қойбағаров бұл қымбатшылыққа екі нәрсе – теңге девальвациясы және жанармай құнының маусымдық өсуі себеп болғанын мәлімдеген. Ал компанияның баспасөз қызметі өкілі Азаттық тілшісіне: «Зауыттарда бензин аз өндіріліп жатыр. Соның салдарынан кейбір жанармай бекеттеріне бензин жетпей қалады» деп түсіндірді.

"Газпромнефть" компаниясына қарасты жанармай бекеті. Алматы, 20 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"Газпромнефть" компаниясына қарасты жанармай бекеті. Алматы, 20 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыда бензин қымбаттай бастаған кезде ресейлік «Газпромнефть» АИ-92 маркалы бензинін шектеп сатуға кіріскен еді. Компанияның өзін Асқар деп таныстырған өкілі Азаттық тілшісінің бұл шектеу жайлы сұрағына «ештеңе айта алмаймын» деп жауап берген.

Бәсекелестікті қорғау агенттігінің тексерісіне ілінбеген компаниялардың бірінің – Sinooil компаниясының жанармай бекеті басқармасының Жанар бензиннен таршылық көрмейтіндерін айтады.

– Бізге АИ-92 және АИ-80 маркалы бензиндер Шымкенттен жеткізіледі. Тек АИ-95 қана Қытайдан тасымалданады. Осы уақытқа дейін біздің компанияның жанармай бекеттінде бензин тапшылығы болған емес, – дейді ол.

Годвиннің пайымдауынша, бұрындары ресейлік бензин экспорттаушылар Қазақстандағы баға арзанырақ болғасын өнімін сатуға тартынып келген.

Қазақстан, Ресей мен Украина нарықтарын зерттеуші ұлыбританиялық кәсіпкер Бенджамин Годвиннің өз блогында жазуынша, Қазақстандағы мұнай тапшылығына елдегі үш мұнай өңдеу зауытының (Атырау, Павлодар мен Шымкент) сапалы бензин өндіретіндей технологиялық модернизациядан өтпеуі себеп болған. Сондықтан Қазақстан мұнай өңдеу деңгейі жоғары Ресей зауыттарының өніміне мұқтаж болып келген (Қазақстан нарығындағы ресейлік жанар-жағар май көлемі 40 пайызға жуықтайды – ред.). Годвиннің пайымдауынша, бұрындары ресейлік бензин экспорттаушылар Қазақстандағы баға арзанырақ болғасын өнімін сатуға тартынып келген. Ал Ресейдегі соңғы қымбаттаудан соң екі елдегі бензин бағасы одан сайын алшақтап, ресейлік жанар-жағар май реализаторлары Қазақстанға өнім сатуға тіпті құлықсыз болып қалған.

Қазақстанда соңғы үш жылда көлік жүргізушілер көп тұтынатын АИ-92 бензинінің бағасы бірнеше рет өсіп, бір литрінің құны 128 теңгеге жетті.

Бензин қымбаттай бастаған кезде ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жанармай бағасының шегін белгілеп, дизель отынының бір литрінің бағасы – 115 теңгеден, АИ-80 маркалы бензин – 89 теңгеден, АИ-92/93 маркалы бензин – 128 теңгеден аспауы керегін ескерткен.

Қазір елдегі мұнай базаларындағы АИ-92 маркалы бензиннің көлемі 95 мың тонна деп хабарланды.

Елдегі үш мұнай өңдеу зауытының екеуі (Атырау мен Павлодар) биыл, біреуі (Шымкент) – 2016 жылы қайта жөндеуден өтіп, жаңартылады деп жоспарланған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG