Accessibility links

Қазақстандағы гейлердің жағдайы


Жыныстық азшылық өкілі Мақсат.
Жыныстық азшылық өкілі Мақсат.

Алматы қаласының 30 жастағы тұрғыны Мақсат пен оның серігі «қарым-қатынасымызды жұрттан жасырмай өмір сүретін күн туса» деп армандайды.

Мақсат (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) – желілік администратор, серігі – жеке меншік компанияда менеджер. Ол бірге тұрып жатқандарына екі жыл болғанын айтады.

Мақсаттың айтуынша, Қазақстандағы гейлер өзін де, қоғамды да алдап, жұрттан жасырын өмір сүруге мәжбүр.

Мақсат: – Гей екеніңді ешкімге айтпағаның дұрыс. Әйтпесе басқаларға қарағанда саған ақшаны да аз төлейді, қызметің де өспейді немесе кемсітушілікке ұшырауың мүмкін.

Мектепте де балалар мазақтап күн көрсетпейтін. Түрімнің басқа балалардан еш айырмашылығы болған жоқ. Бірақ 15 жасқа қарай жасөспірімдер қыздармен достаса бастайды, ал менде дос қызым болған жоқ. Сондықтан мектепте жүргенде балалардың талай мазағына қалғанмын.

Азаттық: – Гей екеніңізді туыстарыңыз біле ме?

Мақсат: – Әкем бұрындары қайтыс болған. Ал анам психолог еді – сезіп қойды. Екеуміз бұл жайында ешқашан ашық әңгімелескен емеспіз. Бірақ ол іштей сезеді. Өйткені басқа қазақтар сияқты «Қашан үйленесің?» деген сұрақтар қоймайды.

Бірақ біздің қоғам ескі көзқарасты ұстанады. Жұрт көбінесе гейлерді «дұрыс жолға салуға» тырысады немесе үйден қуады. Гейлер мен лесбилердің көбі өзін өзі алдап өмір сүреді, қоғам тарапынан күдік тумас үшін немесе «дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынас өкілі» екенін мойындағысы келмейді де тұрмысқа шығады, үйленеді. Сөйтіп өз өмірін қор қылады.
Гей-парадқа қатысып тұрған белсенділер.
Гей-парадқа қатысып тұрған белсенділер.

Азаттық: – Гей екеніңізді қашан түсіндіңіз?

Мақсат: – Бала кезімде. Жасым 10-ға толғанда маған қыздар емес, ұлдар ұнайтынын байқай бастадым. Бірақ қыздармен қысылмай сөйлесетінмін. Ал ұлдарға деген көзқарасым өзгешелеу болды. Тура кәдімгі адам сияқты, бірақ керісінше.

Азаттық: – Егер Қазақстанда гомосексуализм заңдастырылса, гейлердің жағдайы жақсарар ма еді?

Мақсат: – Жақсармас еді. Бірақ жыныстық таңдауы үшін адамды қудалауға болмайтыны туралы заң шықса, жұрттан қорықпай, алаңсыз өмір сүрер едік. Зорлық-зомбылықсыз, қудалаусыз өмір сүруге әр адамның құқығы бар. Отбасын құру, бала сүю құқығы сияқты. Бірақ біз бір жыныстылардың некесін заңдастыруды, бала асырап алу құқығын талап етпейміз, біз қорқынышсыз өмір сүргіміз келеді.

Азаттық: – Қазақстанда тұратын гейлердің құқығына қатысты ахуалды қалай жақсартуға болады?

Мақсат: – Ол үшін гейлерді қысымнан, қудалаудан қорғайтын, гейлерге қарсы қылмыс жасағандарды әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тартуды қарастырған заң енгізу керек. Қазақстанда жәбір көрген гейлер құқық қорғау органдарына барып шағымдана алмайды. Полиция «қазір өзіміз ұрып жықпай тұрғанда табаныңды жалтырат» дейді. Біздің қоғамда гемосексуализм ауру деп есептелгенімен, оны «емдеу» әдістері жоқ. Кинода гейлерді анайы өмір салтын ұстанатын адамдар ретінде көрсетеді. Бірақ біздің өзгелерден айырмашылығымыз жоқ, кәдімгі жұрт сияқты өмір сүреміз.

Азаттық: – «Гейлер балаларды азғындыққа үйретеді» деген айыптауларға не айтар едіңіз?
Мораль мен адамгершілік принциптері – барлық адамға ортақ дүниелер. Гей емес адамнан да неше түрлі зұлымдық шығады.

Мақсат: – Гомосексуализмге тыйым салу үшін балаларды жиі сылтау етеді. ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) қауымына деген өшпенділік пен агрессияны бүркемелеу үшін «балаларды қорғау» дегенді желеу етеді. Гейлер қоғамды азғындататын жаңа ештеңе жасамағанына сенемін. Мораль мен адамгершілік принциптері – барлық адамға ортақ дүниелер. Жаратылысы гей емес адамнан да неше түрлі зұлымдық шығады. Ал гей болғанымен, өз елінің дамуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтар да бар ғой.

Азаттық: – Қазақстанда гейлерге қатысты қандай стереотиптер бар?

Мақсат: – Бізді «шетінен сәнқой, көрсеқызарлар немесе дизайнерлер» деп сөгеді. Жұрттан ерек сән қумаймыз. Қоғамдағы біз туралы жалаң пікірді гей-клубтар қалыптастырып жатыр. Жалаңаштанып тастап, сахнада тұрпайы шоу көрсететін үш жігітті көрген жұрт гейлердің бәрі осындай деп ойлайды. Ал шындығында бұлай емес. Натуралдар сияқты гейлер де бір некелі немесе көп некелі бола алады. Жалпы, бұл адамның ұстанымына байланысты.

Гейлердің бәрі байлар мен миллионерлер деп ойлайтындар да бар. Бұл да өтірік. Әдетте натуралдар «гейлердің IQ деңгейі натуралдарға қарағанда сәл жоғары» дегенді жиі айтады. Ешкімді кемсіткім келмейтіндіктен, мен мұнымен келіспеймін.

Қазақстан қоғамы бір жынысты некені ешқашан толық отбасы деп қабылдамайды. Сондықтан көптеген жұптар қосылмай, жалғыз-жарым өмір сүруге мәжбүр. Көбі шетелге, гейлерді аз қудалайтын елдерге кетеді. Мен де шетелге кеткім келетінін жасырмаймын. Қазақстанда гейлердің құқығына қатысты ахуал нашарлай түспесе, жақсара қоймайтыны анық.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рахмет.
XS
SM
MD
LG