Accessibility links

Мұнайға бай Қазақстан – бензинге кедей


Атырау қаласындағы Жанармай бекеті. 9 қыркүйек 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Атырау қаласындағы Жанармай бекеті. 9 қыркүйек 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда қазан айында жанар-жағармайдың бағасы қымбаттады. Қазір дизель отынының бір литрі – 94 теңге, АИ-80 маркалы бензин – 89 теңге, АИ-92 маркалы бензин – 110 теңге.

Жеке меншік такси көлігінің жүргізушісі, алматылық Бауыржан "жолақыны қымбаттатпасам, бизнесімді жалғастыра алмай қаламын ба" деп қорқады.

- Бағаның өсуі мен сияқтыларға қатты тиді. Өйткені біз көлігімізге бензинді күнде құямыз ғой, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Қазақстандықтарды жанар-жағармаймен қамту мәселесі – мұнайдың мол қорына қарамастан, Қазақстан тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде әлі шешілмей келе жатқан проблема.

Бензиннің бағасы жыл сайын өседі. Тек соңғы алты жыл ішінде жанар-жағармайдың бағасы 20-50 пайызға өскен.

ШЫҒЫН

Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов мұнай өнімдерінің бағасының көтерілуіне жанар-жағармайдың бөлшек саудасымен айналысатындардың шығынға батуы себеп болғанын айтады.
Қазақстан мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев (сол жақта) Kazenergy ассоциациясының төрағасы Тимур Құлыбаевты тыңдап отыр. Астана, 4 қазан 2011 жыл.

Қазақстан мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев (сол жақта) Kazenergy ассоциациясының төрағасы Тимур Құлыбаевты тыңдап отыр. Астана, 4 қазан 2011 жыл.


Мұнай саласының топ-менеджері Сауат Мыңбаевтың айтуынша, егер Қазақстан мұнай экспортын азайтып, 7 миллион тоннаны ішкі нарыққа шығарса, ел бюджеті жылына 1 миллиард 800 мың доллардан айырылады. Демек, сыртқы нарыққа басымдық берілетіні айқын.

Тәуелсіз автомобилистер одағының басшысы Эдуард Эдоков Азаттыққа берген сұхбатында «Қазақстандағы бензин бағасы «өндіру – өңдеу – сату» тізбегіндегі алыпсатарлардың қаптап кетуінен өсіп барады» деген пікір айтты.

Қарапайым азаматтардың ойынша, мұнайлы елде бензин жеткілікті әрі арзан болуы тиіс. Ал Эдуард Эдоков «Қазақстандағы жағдай қисынсыз. Мұнай бағасы қалай құбылса да, баға бәрібір өседі» дейді. Эдоков қымбатшылықтың екінші себебі ретінде мұнай өндірісі мен өңдеу сатысын басқарудың тиімсіздігін атайды.

САЛЫСТЫРУ

Жанар-жағармай бағасы 2006-2011 жыл аралығында қалай өзгергенін төмендегі диаграммадан көре аласыз:


Мұнай өнімдерінің бағасы 2012 жылдың тоғыз айында төмендегідей болды: АИ-80 маркалы бензиннің бір литрі – 85,61 теңге, АИ-92 – 105,66 теңге, АИ-93 – 105,79 теңге, АИ-95 және АИ-96 – 138,47 теңге, ал дизель отыны – 90 теңге.

Баға көтерілердің алдында, яғни қыркүйек айында Қазақстанда Аи-95 маркалы бензин шамамен 0,72 евроға сатылған. Бұның қаншалықты қымбат екенін білу үшін басқа елдердегі бағамен салыстырып көрелік.

АИ-95 маркалы бензиннің 2012 жылдың қазан айының ортасындағы бағасы:

Мұнай өндіруші елдер Бағасы (евромен) Мұнай қоры жоқ елдер Бағасы (евромен)
Әзірбайжан 0,59 Австрия 1,51
Ұлыбритания 1,72 Беларусь 0,67
Дания 1,82 Бельгия 1,76
Нидерланды 1,89 Германия 1,63
Норвегия 2,05 Греция 1,74
Ресей 0,77 Италия 1,85
Румыния 1,32 Люксембург 1,42

Кестеден көрінгендей, белгілі бір елде мұнайдың бар-жоғы мұнай өнімдерінің бағасына ықпал ете алмайды. Оның үстіне, мұнай өндіруші Норвегия мен Нидерланды сияқты елдер өнімнің қымбаттығы жағынан алғашқы қатарда тұр. Ал мұнайы жоқ Беларусь халықты арзан бензинмен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жердегі тағы бір мәселе - халықтың әл-ауқаты. Кейбір елдерде бензин қымбат болғанымен, халықтың табысына қарай ол қатты батпайды.
«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


Бірақ жанар-жағармайдың бағасы қоғамның әл-ауқатының деңгейін де көрсете алмайды. Бұл арада мәселе халық тұрмысының көрсеткіштеріне, еңбекақы көлеміне, әлеуметтік бағдарламалардың тиімді жүргізілуіне байланысты.

Мысалы, Еуростаттың 2012 жылдың бірінші жартысындағы ең төменгі жалақы мөлшері жөніндегі деректерін алайық. Норвегиялық тұрғын ең төменгі жалақыға АИ-95 маркалы бензиннің 1 мың 205 литрін сатып ала алады. Люксембург тұрғыны – 1040 литр, бельгиялық – 748 литр, голландиялық – 713 литр, ағылшын – 661 литр, грек – 413 литр, румын – 209 литр бензин алуына болады.

Ал Қазақстандық тұрғынның елдегі ең төменгі жалақыға бар болғаны 125 литр бензин сатып алуға шамасы бар.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТАРДЫҢ ШЕКТЕУЛЕРІ

Мұнайға бай елде бензин бағасының қымбат болуына қазақстандықтардың көпшілігі наразы. Бензин бағасы қазіргіден екі есе арзан болуы тиіс дейтіндер Қазақстанның Кеден одағына мүше екенін, енді Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі жатқанын ұмытқандай. Қазақстан енді өз қағидаларын емес, демпинг саясатын жүргізуге жол бермейтін халықаралық ұйымның ережелерін ұстанады. Билікке енді халықтың әл-ауқатын арттырудан басқа амал қалмайды.

Жанар-жағармай бағасы қымбаттаған қазан айында инфляция өсімі 0,7 пайыз болды. Статистика агенттігінің деректері бойынша, өткен айда азық-түлік пен басқа тауарлардың бағасы 0,6 пайызға, қызмет көрсету бағасы 0,9 пайызға өскен. Көктемде де осындай жағдай болып, жанар-жағармай қымбаттағаннан кейін басқа тауарлардың бағасы да өскен еді.

Мақаланы дайындауға Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG