Accessibility links

Халық санағына қатысқысы келмейтін тұрғындар "санатта жоқ болсақ, санақта неміз бар" дейді


Санақшылар Жалпыұлттық науқан басталар алдында мәжіліс өткізіп жатыр. Астана, 25 ақпан, 2009 жыл.
Санақшылар Жалпыұлттық науқан басталар алдында мәжіліс өткізіп жатыр. Астана, 25 ақпан, 2009 жыл.

Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бергі екінші Жалпыұлттық халық санағы жүргізіліп жатыр. Санақ анкеталарына діни сенімнен бастап, адамның жеке табысына қатысты 45 сауал енгізілген. Санақшылар алғашқы 10 күн бойына үй-үйді аралап шығады.

"КРАСНЫЙ ТРУДОВИК" САНАҚҚА БОЙКОТ ЖАРИЯЛАЙДЫ

Жалпыұлттық санақ басталған алғашқы бес күнде көрсеткіштер төмен болса, онда санақ тек қазақстандықтардың тұрғылықты жерінде ғана емес, жұмыс орындарында да жүргізіледі, - деп хабарлады Статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева, сәрсенбі күні Үкіметтің селекторлық мәжілісінен кейін.

Алматыдағы Алатау ауданына қарасты Красный Трудовик шағын ауданының тұрғындары Жалпыұлттық санаққа қатыспаймыз дегенді айтып отыр. 400- ден астам үй орналасқан елдімекенде баспана мәселесі әлі де ушығып тұр. Сондықтан осындай шараға баруға мәжбүрміз дейді тұрғындар. Солардың бірі Жұмағали Жесекпаев. Ол Жалпыұлттық санаққа, өзі де, «Красный трудовик -2» ықшам ауданының тұрғындары да қатыспайтындықтарын айтып отыр.
Красный Трудовик аулының тұрғыны Жұмағали Жесекпаев. Алматы, 2009 жыл.


- Он жылда бір келетін бұл шараның маңыздылығын түсініп-ақ отырмыз. Алайда, бізді қажет етпейтін мемлекеттің шарасына біз неге атсалысуымыз қажет? -дейді Жұмағали Жесекпаев.

Соңғы бірнеше жылдан бері Алатау ауданында баспана жағдайы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан аталмыш елді мекеннің тұрғындары осындай әрекеттермен биліктің назарын өздеріне аударуда. Жұмағали Жесекпаевтің «Красный трудовик» шағын ауданында өзі салған 4 бөлмелі үйінде 10 жан тұрады. Баспанасының жер телімі заңдастыруға лайық емес екендігі анықталып, енді отбасымен далада қалу қаупі бар екен.

«Мен бүгінде жұмысымды да тастап үйден шықпайтын халге жеттім. Үйге байланған ит сияқтымын, үйді күзетемін. Мен жоқ кезде бульдозермен келіп үйімді қиратып кете ме деп қорқамын», - дейді Жұмағали Жесекпаев.

Баспана мәселесіне байланысты бірқатар наразылық шараларын өткізген тұрғындар Жалпыұлттық халық санағын елеусіз қалдыруда. Осы мәселеге қатысты Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігіне хабарласқан болатынбыз. Аудан әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Әбдібеков санаққа қатысу- қатыспау әр азаматтың өз еркі екендігін айтқан болатын.

Алайда ол, санаққа қатыспау туралы шешімді тұрғындар өз еркімен қабылдап отырған жоқ деп есептейтіндігін жеткізді. Оның ойынша бұл - өздеріне ұпай жинап жүрген кейбір саяси топтардың әрекеті.

"Мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатын науқанға айналдырып, тұрғындар арасында кері үгіт жүргізіп жүр. Менің ойымша олар осындай әрекеттерімен мемлекеттің саясатына қарсы шығып жүргендер, – дейді Қайрат Әбдібеков.

Ал, «Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин егерде қоғамдағы бар процестер саясатпен араласып жатса, қалайша одан бөлінуге болады дегенді айтады.

«Жерің де, үйің де халықтың тұрмысы да саясат болса, тұрғындар қалайша саясаттан бөлектенеді. Бұл жерде мемлекет өз азаматтарына қатысты мәселелерді дұрыс шешпей отырғандығын айту керек. Сондықтан олар осы сынды шараларға барады, оларды да түсінуге болады», - дейді Жасарал Қуанышәлин.

Ал Алматы қаласы Статистика департаменті бастығының орынбасары Сәулехан Шыназбаева халық санағы әлеуметтік-демографиялық ахуалды байқап, болжауға мүмкіндік беретін маңызды ақпарат көзі болып табылатындығын айтады.

"Сондықтан әр азамат осы шараға атсалысқаны абзал. Алатау ауданының тұрғындарын түсінуге болатын шығар, алайда бұл шараның да маңыздылығын естен шығармаса деген ойдамын», - дейді Сәулехан Шыназбаева.

ХАЛЫҚ САНАҒЫН ӨТКİЗУДİҢ МАҚСАТЫ

Елдің ұлттық статистикалық жүйесінің ажырамас бөлігін құрайтын халық санағы - халық және оның тұрғын үй жағдайы туралы деректердің негізгі көзі болып табылады.

Санақтың мақсаты – пайдаланушылардың өңірлік, ұлттық және халықаралық деңгейдегі демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру. Бұл жолғы санақ азаматтарға қатысты түрлі мәліметтермен қатар, компьютерлік сауаттылық туралы да деректер жинайды.

Санақтың міндеті тұрғындардың осы күндегі нақты сипаттамасы, сондай-ақ оның тұрғын үй жағдайы туралы ақпаратты жинау, әзірлеу және ұсыну болып табылады. Санаққа әр адам өз еркімен қатысады.

«Красный трудовик» ықшам ауданының тұрғыны Жұмағали Жесекпаев бізді санаққа қатыспасақ та ешкім елейтін түрі жоқ дегенді айтады. "Алатау ауданындағы жер мен баспаналарды заңдастырумен айналысатын «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінде барлық тұрғындар туралы бүкіл ақпарат жиналған. Сондықтан біз санаққа қатыспасақ та, біз туралы мәліметтерді қағазға түсіре салатын сияқты," – дейді Жұмағали Жесекпаев.

Тәуелсіз Қазақстанда Жалпыұлттық санақ осымен екінші рет өткізіліп отыр. 1999 жылы Қазақстанда алғашқы ұлттық халық санағы өткізіліп, республика бойынша 14 миллион адам тіркелді. Биылғы санақ барысында республиканың әрбір тұрғыны 45 сұрақтан құралған сауалнамаға жауап беретін болады. Мамандардың айтуынша, оған білім деңгейі, діни нанымы, қызмет орны, жылдық табысы сынды сұрақтар енгізілген. Осылар арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына болжамдар жасалатын болады.

ХАЛЫҚ САНАҒЫНЫҢ ТАРИХЫНАН БİРЕР АҚПАРАТ

Халықаралық халық санағы орталық бюросының тіркеуі бойынша, әр секунд сайын Жер бетінде орта есеппен 4,2 нәресте дүниеге келіп, 1,7 адам қайтыс болады. Әр минутта 250 адам, әр сағат сайын 15 020 жан дүние есігін ашады. Соңғы санақтар бойынша, Жер шарының тұрғындары – 6 миллиард 725 миллион. Оның 0,22 пайызы біздің Отанның тұрғындары. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін халық санақтарынан алынған мәліметтер.

Қазіргі «Халық санағы» ұғымына сай келетін ең алғашқы ресми санақ 1790 жылы Америка Құрама Штаттарында өткен. Тұрақты әрі жүйелі түрде халық санағын өткізе бастаған тұңғыш ел Америка болған. 1790 жылы Сенатта қабылданған заңда онжылдық санақтық кезең мен санақ өткізудің формасы, әдістері мен тәртібі, сын сәті анықталды.

1800 жылы Швеция мен Финляндияда, 1801 жылы Англия, Дания және Норвегияда кісі есебі жасала бастады. ХХ ғасырдың орта тұсында бұл маңызды жұмыс ел-елді түгелге жуық қамтыды деуге болады.

1960 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынысы бойынша, халық санағы барлық мемлекетте кемі он жыл сайын өткізіліп тұрады

2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурыз аралығында өтіп жатқан Жалпыұлттық халық санағы реті бойынша 9-шы санақ.
1897 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстандағы халық саны – 4 млн. 147 мың болды. Негізгі ұлттың үлесі – 81,8 пайызды құрады.
1926 жыл. Қазақстан халқының саны – 6 миллион 196 мың адам.
1937 жылы халық саны – 5 миллион 126 мыңды құрады. Зұлматты жылдардағы аштық, ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін елдегі халық санын күрт кемітті.
1959 жыл. Қазақстандағы халық саны 9 млн. 310 мың адам.
1970 жыл. Қазақстан халқының саны - 13 миллион 008 мың адам. Осы жылғы санақ нәтижесінде Қазақстан халқының сауаттылық деңгейі 99,7 пайызға жеткені анықталды.
1979 жыл. Халық саны – 14 миллион 684 мың.
1989 жыл. Қазақстан халқының саны 16 млн. 464 мың.
1999 жыл. 14 млн. 953 мың адам.
XS
SM
MD
LG