Accessibility links

Геннадий Головкин – Астанада


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин. Нью-Йорк, АҚШ, 2 қараша 2013 жыл.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин. Нью-Йорк, АҚШ, 2 қараша 2013 жыл.

Кәсіпқой бокстағы 31 жекпе жектің барлығында жеңіске жеткен қазақстандық Геннадий Головкин бүгін Астанада жанкүйерлерімен кездесті. Азаттық боксшыны әлемдік спорт жұлдызына айналдырған факторларға шолу жасады.

32 жастағы Генадий Головкин боксты сегіз жасынан бастаған. Алғашында оны бокс үйірмесіне Вадим және Сергей атты ағалары ертіп барып жүрген. Кейін екі ағасы да әскерде жүрген кезде қаза табады. Жас боксшы 11 жасында облыстық турнирге қатысып жеңіске жетеді. 1999 жылы Қазақстан жасөспірімдер чемпионатын жеңіп алып, Венгрияда өтетін әлем чемпионатында да алтын жүлде иеленеді. Бұл – жас Головкиннің халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі еді.

ӘУЕСҚОЙ БОКСТАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРІ

2002 жылы екі жыл салып, ол ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы атанады да, Пусандағы (Оңтүстік Корея) Азия ойындарына барады. Бұл жарыста да ол барлық қарсыласынан басым түсіп, Азия ойындарының жеңімпазы болып шығады. Финалда Геннадий Головкин қарсыласы таиландтық Сурия Пхленчитаны екінші раундта нокаутқа түсіреді.

2003 жылы Бангкокта (Таиланд) өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында да Головкин барлық қарсыласын айқын ұтып, алтын алады. 75 килограмда бокстасқан ол ресейлік Матвей Коробевті, финалда украиналық Алексей Машкинді нокаутпен ұтады.

2004 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатының финалында филиппиндік Кристофер Каматты екінші раундта құлатып, тағы чемпион атанады. Осы жетістіктерінен кейін Головкин Афина олимпиадасына фаворит ретінде аттанды. Алайда ол олимпиада финалында ресейлік Гайдарбек Гайдарбековтен 18:28 есебімен ұтылып, күміс медаль иеленді. Спортшы қазақстандық басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Әуесқой рингте барлығы 401 кездесу өткізіппін. 396 кездесуде жеңіп, бесеуінде ұтылдым. Афинада жеңілдім деп айта алмаймын. Бірақ рингтегі жағдай солай болды» деген еді.

КӘСІПҚОЙ РИНГТЕ

2006 жылы Головкин кәсіпқой боксқа ауысып, алғашқы сегіз кездесуін уақытынан бұрын жеңіспен аяқтаған. Ал 2010 жылы колумбиялық Милтон Нуньесті жеңіп, WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) уақытша чемпионы атанады. 2011 жылы америкалық Лахуан Саймонды бірінші раундта-ақ құлатып, IBO (Халықаралық бокс қауымдастығы) тұжырымы бойынша чемпион атанады.

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин. Нью-Йорк, 2 қараша 2013 жыл.

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин. Нью-Йорк, 2 қараша 2013 жыл.

Ол WBA тұжырымы бойынша чемпиондығын 12 рет, IBO бойынша чемпиондығын 9 рет қорғап қалды. Биыл WBA Геннадий Головкинге «орта салмақтағы супер чемпион» атағын берді. Ол кәсіпқой бокста 31 кездесу өткізіп, барлығында жеңген. 28 кездесуді уақытынан бұрын аяқтаған. Биыл Головкин үш рет рингке шығып, барлығында нокаутпен жеңді.

Ақпанның 1-і күні Головкин Монте-Карлода ганалық Осуман Адамды үш рет құлатқан соң төреші жетінші раундта кездесуді тоқтатып, оның қолын көтерді. Шілденің 26-сында Нью-Йоркта Даниэл Гилді үшінші раундта, қазанның 18-і күні Лос-Анджелесте Марко Антонио Рубионы екінші раундта құлатып, жеңіске жетті.

«ГОЛОВКИН – ДҮЛЕЙ КҮШ»

Қазір Головкин P4P (pound for pound) рейтингінде алтыншы орында тұр. P4P – Boxcer.com сайты жасайтын әлемдегі ең үздік кәсіпқой боксшылардың рейтингі. Бұл рейтингте боксшылардың салмақтары есепке алынбай, тек жеңістері есептеледі. Головкин қазір әлемдегі ең мықты нокаутқа түсіргіш боксшылардың үштігіне еніп тұр.

Кәсіпқой бокс кештерін көрсететін HBO телеарнасының комментаторы, кәсіпқой бокстан бұрынғы әлем чемпионы кіші Рой Джонс өзінің бір эфирінде қазақстандық спортшыны: «Бұл жігіт монстр сияқты дүлей күш иесі. Ол кез келген қарсыласын құлатады. Ол – орта салмақтағы Майк Тайсон» деп бағалады.

Кәсіпқой бокста жүрген бірқатар боксшылар Геннадий Головкинмен кездесуді қалайды. Оның біразы гонорар үшін бокстасқысы келсе, енді бірі «Головкинді жеңген тұңғыш боксшы» болуды армандайды. Ал тағы бір топ боксшы есе қайтаруды ойлайды.

Геннадий Головкин (оң жақта) мен америкалық боксшы Габриэля Росадоның жекпе жек алдындағы суреті. 17 қаңтар 2013 жыл.

Геннадий Головкин (оң жақта) мен америкалық боксшы Габриэля Росадоның жекпе жек алдындағы суреті. 17 қаңтар 2013 жыл.

Мәселен, 2013 жылы Головкиннен ұтылған Габриэль Росадо Tofight сайтына берген сұхбатында «Головкинге есе қайтарып, оны жеңген бірінші боксшы болғым келеді. Мен енді оны қалай жеңу керектігін білемін» деді.

Ал Серхио Мора Boxingscene сайтына берген сұхбатында «Рубио Головкинмен шыққаны үшін 500 мың доллар, Гил 600 мың доллар алды. Егер маған дәл осындай гонарар төлесе мен де онымен рингке шығар едім» деді. Дәл осы сайтқа сұхбат берген WBC тұжырымы бойынша әлемнің экс чемпионы мексикалық кіші Хулио Сезар Чавес «Головкинмен көбі ақша үшін бокстасады. Ал мен оның атақтарынан айырғым келеді» деп мәлімдеді.

2013 жылы 2 қарашада өткен Геннадий Головкин мен америкалық Кертис Стивенстің жекпе жегі

Головкинмен кездесуге Евгений Хитров (Украина), Cергей Ковалев (Ресей), Мигель Котто (Пуэрто-Рико), Сауль Альварес (Мексика), Бернард Хопкинс пен Андре Уорд (екеуі де АҚШ-тан) сынды боксшылар да ниетті.

Ал Головкиннің проумоутері Абель Санчес соңғы сұхбаттарының бірінде: «Головкин Коттоны бесінші раундқа жеткізбейді. Ал Альварес пен Уордты оныншы раундқа дейін құлатады» деп мәлімдеді.

Танымал төрешілердің бірі Джо Кортес Tofight сайтына берген сұхбатында: «Головкин – талант. Ол шабуылды да, қорғанысты да тең ұстай біледі. Головкиннің танымалдылығы алдағы уақытта ағайынды Кличколардың атақ-даңқынан да асып түсетініне сенемін» деді.

Геннадий Головкин келесі кездесуін 2015 жылғы ақпанның 21-інде Монте-Карлода ұлыбританиялық Мартин Мюрреймен өткізеді. Ал одан кейінгі кездесуі 2015 жылдың мамырына жоспарланған. Бірақ бұл кездесудегі қарсыласы белгілі емес.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG