Accessibility links

ТМД-да Жеңіс символының түсі әртүрлі


Лента таратып жүрген адамдар. Беларусь. Гомель, мамыр 2012.

Лента таратып жүрген адамдар. Беларусь. Гомель, мамыр 2012.

Украинадағы дағдарыстан кейін кейбір постсоветтік елдерде Георгий лентасын сепаратизм белгісі санайтын жандар көбейді. Ал кейбір елдерде фашизмді жеңудің 70 жылдығы қарсаңында лентаға қатысты дау шыққан жоқ.

Георгий лентасына қатысты дау ТМД елдерінің кейбірінде былтыр басталған. Кейбір елдер оны ұлттық аналогқа ауыстырды немесе заң жүзінде тыйым салды, өзгелерінде дау әлі жүріп жатыр.

Георгий лентасын тарату акциясын СССР-дің фашизмді талқандаған жеңісінің 60 жылдығы қарсаңында ресейлік РИА «Новости» ақпараттық агенттігі қызметкерлері мен «Студентер қауымы» жастар қозғалысы белсенділері алғаш бастаған болатын. Сол кезден бері постсоветтік елдерде бұл символ 9 мамыр – Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні қарсаңында жыл сайын таратылады.

МӘНІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРГЕН?

Лента «Атамның жеңісі – менің жеңісім», «Жадыңда ұста! Лента тақ!», «Есімде! Мақтаныш тұтамын!», «Біз – Ұлы Жеңіс мұрагеріміз!», «Жеңімпаз атама тағзым етемін» сияқты ұрандармен қазір де таратылады.

Тарих ғылымының кандидаты әрі Азаттықтың Орыс қызметінің халықаралық шолушысы Ярослав Шимовтың пікірінше, Украинаның шығысында соғыс қимылдары басталған кезден бері символдық белгінің мәні өзгеріп кеткен.

— Георгий лентасы «Антимайдан» қозғалысы мен оны айырым белгісі ретінде пайдаланатын Украинаның шығысындағы сепаратистер символына айналды. Оның қазіргі идеологиялық қитұрқы астарының тарихи символға ешқандай қатысы жоқ. Патша тұсындағы жауынгерлік орденнің түсі қазіргі Ресей билігінің идеологиялық ойыншығына айналып кетті, - дейді Ярослав Шимов.

Сарапшы «лентаның тарихи мәнін идеологиялық құралдан анық айырған жөн» деп санайды.

Өткен аптада Украина премьер-министрі Арсений Яценюк мемлекеттің лауазымды тұлғалараның арасында бірінші болып украиналықтарды екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығына орай өтетін мерекелік іс-шаралар кезінде Георгий лентасын тағудан бас тартып, орнына қызыл мак гүлін тағуға шақырған.

Қазақстанда Георгий лентасы бұрынғыдай көп таратылады. Сәуірдің 10-ы күні Алматыда бір топ азаматтық белсенді мектептерде Георгий лентасын таратуға тыйым салуын сұрап, қала әкімінің атына хат тапсырды. Белсенділер оның орнына жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қазақтың алтын түсті ою-өрнегі бейнеленген көгілдір түсті ленталарды таратуды ұсынды. Қазір волонтерлер Қазақстан туы түстес ленталарды жергілікті биліктің мақұлдауымен ел аймақтарында таратып жатыр.

ӨЗ ЕЛІНІҢ ТУЫ ТҮСТЕС ЛЕНТАЛАР

Қырғызстанда да ұлттық ту түстес балама ленталар Георгий лентасымен қатар таратыла бастады. Бішкек мэриясы құрған арнайы комиссия астананы мемлекеттік ту түстес - қызыл-сары түспен безендіруді бұйырды.

Ортасында алма ағашы гүлінің суреті бар қызыл-жасыл ұлттық лентаны биылдан бастап Беларусь билігі де ресми қолдана бастады.

Қырғызстандағы ұлттық ту түстес балама лентаның нұсқасы.

Қырғызстандағы ұлттық ту түстес балама лентаның нұсқасы.

Тәжікстандағы «Азия-Плюс» агенттігінің атқарушы директоры Зебо Таджибаева Азаттыққа берген сұхбатында Тәжікстанда әлеуметтік желілерде Георгий лентасына қатысты дау жүріп жатқанын айтады. Георгий лентасын тағуға көбінесе жастар қарсы. Ал Таджибаеваның өзі фашизмді талқандаған жеңіс құрметіне лентаны жыл сайын тағып шығатынын мойындады.

— Тәжікстанда көбінесе жастар мен Совет одағы тарихын қайта зерделеп, қайта бағалайтын интеллигенция қарсы шығып жатыр. Қазір олардың Ресеймен арадағы қатынасқа деген көзқарасы да өзгерген. Георгий лентасына қарсылар екінші дүниежүзілік соғысты ортақ соғыс ретінде қабылдайды, бірақ олар Ресей бұл соғыстағы Тәжікстанның рөлін жеткілікті бағаламайды деп есептейді, - дейді Зебо Таджибаева.

Ал Өзбекстанда Георгий лентасын тағуға қарсы жандар Facebook желісінде парақша ашып, өзге елдерді мысалға келтіріп, жұртты лентадан бас тартуға шақырады. Елде ресми деңгейде ешқандай лента пайдаланылмайды. Бірақ Жеңіс күні мерекесінде гүлден өрілген веноктарда қызыл түстің орнына ұлттық тудың жасыл түсі пайдаланылады.

Әзербайжан, Грузия және Түркіменстанда халық Георгий лентасына мән бермейтін сияқты. Оны жаппай тағып жүрген ешкім жоқ.

Қаруына Георгий лентасын байлаған адам. Донецк, 23 мамыр 2014.

Қаруына Георгий лентасын байлаған адам. Донецк, 23 мамыр 2014.

Ал Арменияда Георгий лентасы 9 мамыр қарсаңында ғана көп таратылады. Сарапшылар мұны Ереванның ресейшіл позициясымен байланыстырады.

1769 жылы екінші Екатерина патшайым енгізген Әулие Георгий орденіндегі лента әуелі қара және сарғыш жолақтармен көмкерілген болатын. Орден Ресей империясының территорияға таласқан басқыншылық соғыстарында көрсеткен жауынгерлік еңбегі үшін берілетін.

Ресейдің өткен замандағы әскери жетістіктерін сарбаздардың есіне салу және армияға рух беру үшін Совет үкіметі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Георгий лентасын қайта жаңғыртты. Символдық белгі СССР-дің әскери наградаларында жиі пайдаланыла бастады. Мысалы, Даңқ орденіндегі лента мен «Германияны жеңгені үшін» медалы кезінде патша армиясы солдаттары марапатталған «Георгий кресі» медалындағы лентамен түстес.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG