Accessibility links

Шрёдер мен басқалар Астана лоббиімен байланысын терістейді


Германия президенті Хорст Келер (оң жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Берлин, 31 қаңтар 2007 жыл.

Германия президенті Хорст Келер (оң жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Берлин, 31 қаңтар 2007 жыл.

Германияның бұрынғы басшылары Spiegel журналының «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбевтың мүддесін көздеп, лоббистерді жалдауға тырысқан» деген мәлімдемесін жоққа шығарады.

ВВС сайты «Немістің Spiegel журналы мұқабасына Германияның бұрынғы саяси басшыларының суреттері шықты. Бірақ бұл - оларды құрметтеу белгісі емес. Полицияның жасанды суреттері сияқты бейнеленген олар Орталық Азиядағы репрессивті режимнің беделін көтеру үшін ақшаға сатылған деп айыпталады» деп жазады.

Олар – немістің ықпалды саясаткерлері – бұрынғы канцлер Герхард Шрёдер, бұрынғы президент Хорст Келер және бұрынғы ішкі істер министрі Отто Шили. Немістің Spiegel журналы дерегінше, Германияның бұрынғы басшылары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүддесі үшін лоббист ретінде жалдануға әзір болған.

Журнал мақаласында Қазақстан президентінің «кеңесшісі» ретінде жұмыс істеу үшін Герхард Шрёдер мен Хорст Келерге жылына 300 мың еуро ұсынған деп жазылған. Еуропаның көрнекті саясаткерлері Қазақстан билігі атына айтылған сынды «жуып-шайып», елдің жағымды имиджін қалыптастырумен айналысуы тиіс болған.

Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шрёдер Ресейдің "Газпром" компаниясы кеңсесінде баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. 2006 жылдың наурызы.

Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шрёдер Ресейдің "Газпром" компаниясы кеңсесінде баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. 2006 жылдың наурызы.

Spiegel журналы дерегінше, Хорст Келер әуелі ауызша келісімін берген, бірақ кейін ақшаны алудан бас тартып, БҰҰ-дағы жұмысына кіріскен. Болжам бойынша, Герхард Шрёдер де әуелі Астанаға келуге келіскен әрі консультациялық екі кездесуге қатысқан, бірақ соңынан мәмілені бұзған. Басылым дерегінше, бұл кездесулерге қатысқаны үшін оған сомасы белгісіз ақша төленген.

Шрёдер, Келер және Шилиден бөлек, неміс лоббистерінің қатарында Бундестагтың бұрынғы депутаты Петер Гаувайлердің де есімі аталады. Spiegel-дің жазуынша, соңғы екеуі Қазақстан президенті Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевті Австрияда қылмыстық қудалауға ықпал еткені үшін ақша алған. Журналдың хабарлауынша, екеуімен байланыс Австриядағы Lansky, Ganzger, partners адвокаттық кеңсесі арқылы орнатылған.

Австрия билігі Рахат Әлиевті Алматыдағы «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті қастандықпен өлтірген деген айыпқа қатысты тұтқындаған. Биыл ақпанда оның өлі денесі Вена түрмесіндегі бір кісілік камерадан табылып, «өзіне қол салған» деген болжам жасалды. Екі айдан кейін Венада екі банкирді қастандықпен өлтіру ісі бойынша сот басталып, жәбірленуші тарап - марқұмдардың жесірлерінің мүддесін Lansky, Ganzger, partners фирмасы қорғап жатыр.

Рахат Әлиев пен Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева. 4 желтоқсан 2005 жыл.

Рахат Әлиев пен Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева. 4 желтоқсан 2005 жыл.

Spiegel журналы Австриядағы адвокаттық кеңседегі ақпарат көзінің «Қазақтанның Еуропадағы мүддесі үшін жалданған лоббистер тобына кіретін» Австрия, Испания және Италияның бұрынғы премьер-министрлері мен бұрынғы президенттері сияқты саясаткерлерді атаған электрондық хабарламаларынан да үзінділер келтірген.

ВВС-дің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың мүддесін қорғау үшін тамыр-таныстарын пайдаланғанын Хорст Келер мен Отто Шили үзілді-кесілді терістейді. Ал бұрын Ресейдің «Газпром» компаниясы «лоббисі» деп және компанияға жұмыс істегені үшін сынға іліккен Герхард Шрёдер тіпті Spiegel журналын сотқа беретінін мәлімдеді.

ВВС сайтында жарияланған мақалада «Der Spiegel журналы тағып отырған айыптаулар қаншалықты рас? Олардың кейбірі нақты емес әрі тек электрондық хабарламаларға ғана негізделген сияқты. Бірақ мұнайға бай кейбір авторитарлық елдер Еуропадағы беделін арттыру үшін батыстағы лоббистеріне, жарнама науқандарына және жалған ғылыми орталықтарға қыруар ақша шашатыны шүбәсіз» деп жазылған.

ВВС сайтының жазуынша, «құрмет пен беделді сатып алуға» әзір ел жалғыз Қазақстан емес. Сайтта «Өзбекстан өзінің адам құқығын бұзу әрекетін Еуропаның лоббист ұйымдарының көмегімен бүркемелейді. Ал елдегі журналистер мен билікті сынаған жандарды түрмеге қамайтын Әзербайжан Батыстың консультациялық фирмаларын жалдайды әрі Eurovision және Еуропа ойындары сияқты қымбат шараларға рекордтық мөлшерде ақша жұмсайды» деп жазылған.

Анна Клевцова әзірлеген баспасөз шолуы орыс тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG