Accessibility links

Неміс театрына ақыры ғимарат салып беретін болды


Неміс драма театры актерлері. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.

Неміс драма театры актерлері. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.

Алматы қаласындағы неміс драма театрының ғимаратсыз қалғанына жеті жыл болды. 23 жыл ішінде Алматыда театрға арнап бірде-бір ғимарат салынбаған.

Алматыдағы неміс драма театрының (DTK) тозған ғимаратын кезінде жөндей бастаған еді. Бірақ DTK-ның бұрынғы басшылығы жөндеуге бөлінген қаржыны қолды еткен. Айыптылар жазаланғанымен, жөндеу жұмыстары тоқтап қалған.

Сол кезден бері DTK қойылымдарын көбінесе «АРО» мәдениет үйінің сахнасында қойып келген. «Гетто» пъесасының премьерасы осы сахнада өткені туралы Азаттық жазған еді. Сәуір айында парламент депутаты Мұрат Ахмадиев Қазақстан премьер- министрінен театрға орын тауып беруді өтінген. Бір айдан кейін Кәрім Мәсімов мәдениет министрлігіне қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, аймақтық даму министрліктері және Алматы әкімдігімен бірлесіп DTK проблемасын шешуді тапсырған.

Театр ұжымы ескі әрі жөнделіп бітпеген ғимараттың орнына жаңасы салынады деп үміттенеді. Театр басшылығы жаңа ғимарат құрылысының жобалау-сметалық құжаттарына тапсырыс әзірлеп жатыр.

УАҚЫТША ПАНА

Қазір DTK декорацияларын Сәтпаев көшесіндегі ескі, қираған ғимаратына апарып жатыр. Оны темір тормен қоршап, терезелерін бекіткен.

Ал 25 спектакльден тұратын репертуарды қоятын орын табу қиын болып тұр. Олар қаладағы Лермонтов атындағы орыс драматеатры мен ұйғыр театрында өтіп жүр. Бірақ жуырда ұйғыр театры жөндеуге жабылады. Ал жалғыз Лермонтов театрының сахнасы тарлық етеді. DTK-ның көркемдік жетекшісі Ирина Симонова Азаттық тілшісіне:


DTK көркемдік жетекшісі Ирина Симонова (сол жақта) мен директоры Марсель Крон. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.

DTK көркемдік жетекшісі Ирина Симонова (сол жақта) мен директоры Марсель Крон. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.

– Көшіп-қонып жүрген бізге қалауымыздағы сахнаны кім берсін. «Үйі жоқтың күйі жоқ» болғасын, жаңа спектакль қою да өте қиын. Театр өлместің күнін кешпей, өнермен айналысуы тиіс қой, - дейді.

Ирина Симонованың айтуынша, театрдың күйі болмаса да, соңғы кезде көрермендері көбейген. Бірақ ол қалада театрға жарамды ыңғайлы ғимарат жоқ екенін мойындайды.

ТЕАТР МӘСЕЛЕСІ

Егер DTK ұжымының жаңа ғимаратқа қатысты үміті ақталса, бұл жақсылықтың нышаны болмақ. Пост-советтік кезеңдегі 23 жылда мемлекеттің Алматы қаласында театрға арнап ғимарат салғаны есте жоқ. Ары кеткенде, театрға әлдебір ескі мәдениет үйін немесе кинотеатрды беретін, болмаса бұрынғы ғимараттарын жаңартатын. Лермонтов театрының реконструкциясы үш жылға созылды. Ал мемлекеттік қуыршақ театрының толық жаңартылған тарихи ғимараты - архитектуралық ескерткіштің сырты адам танымастай өзгеріп кеткен.

23 жылдың ішінде Алматыда жаңа театрлар да пайда болды. Бірақ олар жеке меншік театрлар болғандықтан, мемлекет оларды қолдаудың керегі жоқ деп тапты. Мысалы, «АРТиШок» театры паналап отырған ғимараттың қапырық жертөлесінде көрермендер спектакльді ағаш орындықтарда отырып көреді.

"Ақсарай" театры тұтқындалған бас режиссері Болат Атабаевты қолдау мақсатында "Көшкін" спектаклін қойды. Алматы, 25 маусым 2012 жыл.

"Ақсарай" театры тұтқындалған бас режиссері Болат Атабаевты қолдау мақсатында "Көшкін" спектаклін қойды. Алматы, 25 маусым 2012 жыл.

Жұмыс істегеніне сегіз жыл болған жастар театрының өз ғимараты жоқ. Болат Атабаевтың «Ақсарай» мюзикл театры да өз сахнасына қол жеткізе алмады.

Алматының пост-советтік тарихында театрларды ғимараттарынан айырған мысалдар да болған. 1990 жылдары Актерлер үйінің ғимаратында жаңа театр ашылды. Бірақ ғимаратты Израиль елшілігіне беретін болып, театрды шығарып жіберді. Театрдың қиын жағдайын естіген Ресейдің Елец қаласының мэрі шақырған соң, театр бүкіл құрамымен сонда көшіп кетті.

Бірнеше жыл бұрын белгілі режиссер Борис Преображенскийдің спектакльдері кезінде аншлагпен өтетін орыс ТЮЗ-інің (ЖКТ) ЦУМ-ның маңындағы «Новая сцена» театры да жертөледегі сахнасынан айырылып қалған. Марқұм Борис Преображенскийдің Санкт-Петербург қаласына көшіп кетуінің бір себебі де осы. Ол «Алматы қаласы билігі муниципалдық камералық театр ашамыз деген уәдесін орындамады» деп қынжылған еді.
XS
SM
MD
LG