Accessibility links

Германиядан депортацияланған мүгедек Алматы әуежайын мекендеуге мәжбүр


Германиядан Қазақстанға депортацияланған Николай Кублинский Алматы әуежайында тұрып жатыр. Алматы, 11 қазан 2009 жыл.

Германиядан Қазақстанға депортацияланған Николай Кублинский Алматы әуежайында тұрып жатыр. Алматы, 11 қазан 2009 жыл.

Қолында Қазақстан азаматы деген төлқұжаты бар Николай Кублинский осыдан екі апта бұрын Германиядан депортацияланып, Алматы әуежайына тап болыпты. Өздігінен тұра алмайтын мүгедек жан содан бері күту залында жатыр, айтуынша оның барар жері жоқ.

65 жастағы Николай Кублинский осыдан 12 жыл бұрын өзі туған Тараз қаласынан Германияға қоныс аударыпты. Әуелі үйреншікті мекеннен алысқа көшкім келмеп еді дейді ол, бірақ отбасының екіге жарылғанын қаламағандықтан әйелінің артынан еріп кете берген.

- Әйелім мен қызым 1994 жылы Германияға кеткен еді, үлкен балам екеуміз Таразда қалдық. Үш жылдан кейін әйелім келіп бізді де өзімен бірге алып кетті, - дейді ол.

ГЕРМАНИЯДАҒЫ НЕКЕ ҒҰМЫРСЫЗ БОЛҒАН

Елден кетуге асыққаны сонша, Кублинскийдің отбасы қаладағы үйін, мүлкімен қоса жұртқа тастап кеткен: шетелде тұрмыс бірден жақсарып кететініне көздері анық жеткен көрінеді. Германияға барған жылдың алғашқы күндері әкелі - бала босқындар лагерін паналаған, кейін барып әйелі мен қызының тұрғылықты мекеніне келіп қосылған.

Себебі сол кезде бұл отбасының тұтастығын заң негізінде дәлелдейдін құжат – неке қағазы жоқ болған. Алайда екеуіне ортақ балалардың анасының ұлты неміс болғандықтан, жергілікті билік оны баларымен қоса тіркеуге алған, ал ұлты орыс Николай Кублинский Қазақстан азаматтығында қала берген.
Германиядан Қазақстанға депортацияланған Николай Кублинскийдің әуежайда тұрып жатқанына екі апта. Алматы, 11 қазан 2009 жыл.


Осындай қиын жағдайларға кезіккен отбасы шаңырақтың берекесі үшін некелесуге бел шешіпті, бірақ бұл некенің ғұмыры ұзақ болмаған көрінеді.

- Әйелімнің ішкілікке әуестігі арта берді. Мен де одан қалыспайтынмын. Оның бір достары пайда бола бастады. Содан екеуміз жиі жанжалдасатынды шығардық. Ақыры ажырасып тындық...

Кублинскийдің айтуынша, оның келісімін сұрамастан зайыбы ажырасу үшін өзі арызданыпты. Осы тақырыпта екеуара әңгіме болыпты, әйелін арызды қайтып алуға көндіргенге ұқсайды Кублинский. Бірақ арызданушы шағымды қайтарып алған-алмағанынан ол әлі күнге дейін хабарсыз.

"АУРУДЫҢ АЗАБЫ ДА АРАМЫЗДЫ АЛЫСТАТТЫ..."

- Менің екі аяғыма операция жасаған еді: сол аяғым қалды да, екінші бөксеме салынған метал етпен бітіп кете қоймады. Ауруханаға түсіп қалдым. Соны білген әйелім маған қайтып соққан емес, - деді Кублинский.

Аурханадан оны мүгедектер үйіне ауыстырыпты. Соңғы екі жылын Кублинский сол жерде өткізген екен.

- Бір күні пәтерге он шақты адам кіріп келді, арасында полиция да бар. Сол жерде мені Германиядан шығаратындығы туралы қаулыны оқып берді.

Содан Кублинский Алматыдағы әуежайдан бір-ақ шыққандығын баяндайды. Отанына оралғысы келген, сағынғаны бар, бірақ дәл осындай жағдайда елге қайтарылғанына опа жеп отыр Қазақстан азаматы.

- Бұл жерде менің ешқандай туысым жоқ. Германияда маған жасаған әрекеті адамгершілікке жатпайды. Союзде туған екенсіз, союзде тұру керек екен. Әйелімнің артынан барғаным қателік болған екен, - деп қолын сілтейді Кублинский.

АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫНДАҒЫ ӘУРЕШІЛІК

Германиядан Қазақстанға депортацияланған Николай Кублинский Алматы әуежайындағы бұрышы. Алматы, 11 қазан 2009 жыл.
Қазір ол Германиядан депортацияланған екі аптадан бері Алматы халықаралық әуежайында күту залының бір бұрышында жатыр. Науқас өздігінен тұра алмайды, жатын орынның жайсыздығы былай тұрсын, медициналық көмектің аса қажеттігін Кублинский өзі айтпаса да көзге көрініп тұр.

Әуежай қызметкерлері депортацияланып келген, енді барар жері, басар тауы жоқ оны сол орыннан қозғамаған, бірақ онымен не істеу керектігін өздері де білмейді. Аты-жөндерінің аталмауын сұраған олар қаладағы қайырымдылық, әлеуметтік мекемелердің бірқатарына хабарласып көргендерін, бірақ олардың Кублинскиймен шаруасы жоқ екендігін айтып отыр.

Әуежай қызметкерлері оған тамақ тасиды екен, кейбір жолаушылар тиын-тебен тастайтын көрінеді. Бірақ оған назар аударып жатқандар аз, салқын түскен мезгілде қатары сиреген бірен-сараң шыбын-шіркейлердің маңайына үймелеп қалғаны болмаса...

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG