Accessibility links

Ұлыбританияда жылқы етінен шу шықты


Гамбургерлер құрамынан жылқы еті табылған соң тағам стандарттары агенттігі Солтүстік Англиядағы ABP азық-түлік зауытын тексеріп жатыр. 16 қаңтар 2013 жыл.

Гамбургерлер құрамынан жылқы еті табылған соң тағам стандарттары агенттігі Солтүстік Англиядағы ABP азық-түлік зауытын тексеріп жатыр. 16 қаңтар 2013 жыл.

Ұлыбритания мен Ирландия супермаркеттерінде сатылған бургерлерде жылқы еті табылып, шу шықты. Қазақстанда жылқы етін жеп үйренген британиялықтар бұл дауды түсінбейтіндерін айтады.

Ұлыбритания мен Ирландиядағы ірі-ірі Aldi, Iceland, Lidl және Tesco супермаркеттер желісіндегі сиыр етінен жасалған гамбургерлерде жылқы етінің ДНК-сы табылған соң оларды сатуға тыйым салынды. Өйткені бұл елде жылқы етін жемейді.

Ирландияның азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі (FSAI) бұл бургерлер Liffey Meats, Silvercrest Foods және Dalepak Hambleton өнімдері екенін анықтады. Агенттік жылқы етінің ДНК-сы табылған өнімдерді сатуға шектеу қойып, саудадан алып тастауды бұйырды.

«ЖЫЛҚЫ ЕТІН ЖЕМЕУ МӘДЕНИЕТІ»

– Жылқы етінің ДНК-сы табылған өнімдер адам денсаулығына еш зиян емес. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Бірақ жылқы етін жеу біздің мәдениетке сай келмейді, – дейді FSAI агенттігінің атқарушы директоры Алан Рейли.

The Guardian басылымының жазуынша, Tesco және Aldi супермаркеттері құрамында жылқы еті бар бургерлерді сөреден алып тастап, алдағы уақытта мұндай оқиға қайталанбайтынын айтқан.
Соғымға сойылған жылқы еті. Орталық Азия. (Көрнекі сурет)

Соғымға сойылған жылқы еті. Орталық Азия. (Көрнекі сурет)


The Independent газетінің мәліметінше, Tesco супермаркеті жылқы етіне байланысты шудан кейін 300 миллион фунт шығынға ұшыраған.

«Бұл сауда орнынан табылған бургерлердің қаптамасында «Құрамында 29% сиыр еті бар» деп көрсетілгенімен, ол жылқы еті болып шыққан» деп жазады басылым.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон де жылқы етіне байланысты шыққан дауға алаңдайтынын айтты.

– Бұл – өте маңызды мәселе. Халық «сиыр етінен жасалған» деп алған бургерде жылқы еті болады деп ойламайды. Азық-түлік стандарты агенттігінен бұл істі анықтауды сұрадым. Олар елге жылқы еті қалай келгенін тексереді, – деді премьер.

ЖЫЛҚЫ ЕТІН ЖЕЙТІН ШЕТЕЛДІКТЕР

Ал Қазақстанда ұшқыштарға ағылшын тілінен сабақ беретін ұстаз, Англиядан келгеніне үш жыл болған 53 жастағы Грэйем жылқы етін жақсы көретінін айтады. Ол жылқы етін әуелі Алматыдағы мейрамханалардың бірінде жеп көріп, қатты ұнатқан екен.
Ағылшын тілі оқытушысы Грэйем. Алматы, 18 қаңтар 2013 жыл.

Ағылшын тілі оқытушысы Грэйем. Алматы, 18 қаңтар 2013 жыл.


– Ұлыбританиядағы жылқы етіне қатысты шуды естіп жатырмын. Түсінбейтінім - Англияда жылқы етін не үшін жеуге болмайтынын ешкім білмейді. Себебін сұрап жатқан да ешкім жоқ. Ойларында «жылқы етін жемеймін» деген сөз қалыптасып қалған, – дейді ол.

Қазақстанға келгеніне үш жыл болған, Алматыда ағылшын тілі курстарында сабақ беретін, Кевин Бастерс әуелі тек сиыр және тауық етін жеп келгенін айтты.

– Кейін қазы-қарта жедім. Маған ұнады. Бірақ жылқы етін жейтінімді Кардифтегі достарым мен туысқандарым білмейді. Оларға айтсам, біртүрлі қабылдауы мүмкін. Ал негізі жылқы еті – өте дәмді. Шошқаның етінің зиян екені ғылымда дәлелденген. Ал жылқы еті зиян дегенді еш жерден таппадым, – дейді ол.

Ал қазақстандық компаниялардың бірінде жұмыс істейтін америкалық Оуэн есімді азамат жылқы етінің АҚШ-та да ашық сатылмайтынын айтады.
Ағылшын тілінің оқытушысы,америкалық азамат Оуэн, Алматы, 18 қаңтар 2013 жыл.

Ағылшын тілінің оқытушысы,америкалық азамат Оуэн, Алматы, 18 қаңтар 2013 жыл.


– АҚШ-та жылқы еті ірі супермаркеттерде сатылмайды. Тек ашық базарлар мен жер асты дүкендерінде сатылады. Мен жылқы етін алғаш үш жасымда жедім. Америкада жылқыдан жасалған гамбургерлер сиыр еті мен тауық етіне қарағанда арзан. Сондықтан халық оны базардан сатып алып жейді. Ашық сатылмағанымен, ешкім тыйым салмайды. Спортшылардың көбі жарыс алдында жылқының етін жейді, – дейді Қазақстанда тұрып жатқан америкалық азамат.

2012 жылы қыркүйек айында Франциялық ақпарат агенттігі екі дүркін олимпиада чемпионы атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің де жылқының етін жеу арқылы қажетті күшке ие болғанын жазған еді.

ВИДЕО: Жылқы етін жейтін ағылшын

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG