Accessibility links

Көзілдірік тағатын жастар


Арайлым Қоңқабаева, студент. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Арайлым Қоңқабаева, студент. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).

Қазақстанда көзілдірік тағатын жастардың қатары артып барады. Дәрігерлер көз нашарлаудың себебін компьютер мен телефоннан және көп қимылдамаудан іздейді.

Алматы қаласындағы №152 мектептің мұғалімі Ерболат Рахымжановтың көзілдірік таққанына бірнеше жыл болыпты.

– Анамның да көзі нашар көреді. Көзімнің сырқаты сол кісіден берілген. Негізінен жастардың көру қабілетінің нашарлауы – кітапты дұрыс отырып оқымау, компьютер мен теледидар алдында тым жақын әрі шектен тыс көп отырудың зияны, – дейді ол.

Жас мұғалім «көзілдірікті үнемі тағып жүр» деген дәрігерлердің кеңесін тыңдай бермейтінін, көзілдірікті қажет кезде ғана тағатынын айтты.

Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Арайлым Қоңқабаева көзілдірікті бала күнінен тағады.

– Қаным аз болғандықтан көзімнің көруі нашарлап кетті. Түрлі ем қабылдап та көрдім. Нәтиже шамалы, – дейді ол.

Ол қазір сабақтың бәрі интернетпен, жаңа технологиялармен байланысты болғаны да көзді күннен-күнге әлсірететінін айтты. Студенттің сөзіне қарағанда, «көзілдірікті сән үшін тағатын жастар да көп».

– Көзілдірікті жастардың 30-40 пайыздайы сәнге тағады. Осы күнгі көзілдіріктердің сапасы нашар. Сән үшін тағамын деп көзін нашарлатып алуы ықтимал. Дәрігерлер емдік әсері бар көзілдірік ұсынса, оның орны бөлек, – дейді Арайлым Қоңқабаева.

КӨЗІЛДІРІКТІҢ БАҒАСЫ МЕН САПАСЫ

Ақтөбелік жас инженер Қанат мүмкіндігінше қымбат көзілдірік киюді құп көретінін, өйткені «сапасыз арзан көзілдірік көзді құртатынын» айтты.

– Мен Polaroid (полярланған әйнек салынған – ред.) көзілдіріктерді тағамын. Бағасы 20 мың теңгеден жоғары болады. Ол ультракүлгін сәулелерден қорғайды, көлік жүргізіп келе жатқанда қарама-қарсы шыққан көліктің жарығы көзді қарықтырмайды, – дейді Қанат.

Ол өз қатарластарының арасында бағасы 48 мың теңгелік Roberto Cavalli, 34 мың теңгелік Swarovski көзілдіріктерін тағатын адамдардың бар екенін айтты. Қанаттың сөзінше, ондай көзілдіріктер тек көздің көру қабілетіне ғана әсер етпейді, күн сәулесінен де қорғайды.
Фарида Шакирова, көзілдірік сатушы. Алматы, 6 ақпан, 2013 жыл.
Фарида Шакирова, көзілдірік сатушы. Алматы, 6 ақпан, 2013 жыл.

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты жанындағы көзілдірік дүкенінің сатушысы Фарида Шакированың айтуынша, көзі нашарлап кеткен жастар мен балалар дүкенге жиі келеді. Кейде ата-аналары да келіп, балаларына компьютердің зиянды әсерінен сақтайтын көзілдірік әпереді.

– Бізде негізінен арзан көзілдіріктер сатылады. Үш мың теңгеден қымбат көзілдірікке тапсырыс беруге болады. Өздерінің имиджі үшін белгілі брендтерді іздейтін адамдар да бар. Танымал брендтердің балама нұсқаларын 15 мың теңгеден жасап береміз. Мысалы, Chanel-дің баламасын сапалы етіп шығарамыз. Үлкендер жағы көбіне арзан көзілдіріктерді таңдаса, жастар сәніне қарайды. Әсіресе қыз-келіншектер көзілдіріктің жарасымды болғанын қалайды. Тіпті 60-70 мың теңгеге көзілдірік іздейтіндер кездеседі, – дейді Фарида Шакирова.

«МЕКТЕП БІТІРГЕНШЕ ҮШ-ТӨРТ ОҚУШЫНЫҢ БІРІ КӨЗІЛДІРІК ТАҒАДЫ»

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, медицина ғылымының докторы Кәмила Кенжебаеваның айтуынша, «қазір әрбір үш не төрт баланың бірі мектепті көзілдірікпен бітіреді».

– Қазір балалар ақпараттың 90 пайызын тек көзбен қабылдайды. Бұрын балалар ертегі естіп, радио тыңдаса, қазір бәрі телеарналар мен компьютерде отырады. Мектеп талаптары да заманға қарай өзгеріп жатыр. Сабақтар да компьютер арқылы өтетін болды. Сондықтан көзі нашарлар күннен күнге көбейіп барады, – дейді ол.

Көз дәрігерінің айтуынша, балалардың біразының көзі әуелі 1-3 сыныптарда, одан соң жасөспірімдік кезеңде күрт нашарлайды. Кәмила Кенжебаева оның себебін «үзілісте көздерін демалтатын жаттығулар жасауы тиіс балалар керісінше iPhone, iPad-тарына жармасады» деп түсіндірді.
Кәмила Кенжебаева, көз дәргері. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Кәмила Кенжебаева, көз дәргері. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

– Мұның алдын алу жұмыстары қажет. Бұған гиподинамияны қосыңыз. Яғни балалар табиғатқа шықпайды, бұрынғыдай жүгіріп ойнамайды. Ертеден қара кешке дейін бір орында отыруы да көзге зиянын тигізеді, – дейді медицина ғылымының докторы Кәмила Кенжебаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде 285 миллион адамның көзі нашар көреді. Оның ішінде 45 миллионы мүлдем көрмейді. Көз ауруларынан зардап шегетін адамдардың 90 пайызға жуығы - дамушы елдердің тұрғындары. Ресми мәліметке қарағанда, Қазақстандағы жалпы мүгедек адамдардың саны 563 мыңнан асады (яғни халықтың 3,5 пайызы).
XS
SM
MD
LG