Accessibility links

Қазақстанның ақпараттық индексі Қытайдан озды


Абайдың қара сөздерінің "Abai45" мобильдік қосымшасын көрсетіп тұрған Қазақстан тұрғыны. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.
Абайдың қара сөздерінің "Abai45" мобильдік қосымшасын көрсетіп тұрған Қазақстан тұрғыны. Алматы, 11 қаңтар 2013 жыл.

Ақпараттық технологияның даму рейтингісінде Қазақстан 144 ел ішінде 43-орын алды. Тұрғындарының телефон саны жағынан алға шықса, инновация бойынша төменгі орында тұр.

Сәуір айында дүниежүзілік экономикалық форумның әлем елдеріндегі ақпараттық-технологияның дамуына арналған жылдық баяндамасы жарияланды.

ЧЕХИЯ МЕН ВЕНГРИЯНЫҢ ОРТАСЫ

Дүниежүзілік экономикалық форумның индексі - әлем елдеріндегі ақпараттық-технологияның дамуын 54 көрсеткіш бойынша бағалайды.

Көрсеткіштерді былай топтастыруға болады: мемлекетте ақпараттық технологияның дамуы үшін жасалған жағдай, азаматтар мен мемлекеттік органдардың ақпараттық технологияны меңгеруге ұмтылысы мен оны қолдану деңгейі, ақпараттық-технологияның экономика және әлеуметтік ахуалға әсері.

Рейтингтегі алғашқы ондыққа: Финляндия, Сингапур, Швеция, Нидерланды, Норвегия, Швейцария, Ұлыбритания, Дания, АҚШ және Тайвань кірген.

Өткен жылы 55-орын алған Қазақстан биыл 12 сатыға жоғарылап, 43-орынға жеткен. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Ресей инженерлері телебайланыс компаниясының ғарышқа шығарылатын спутнигін жасап жатыр. Ресей, Железногорск, 8 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей инженерлері телебайланыс компаниясының ғарышқа шығарылатын спутнигін жасап жатыр. Ресей, Железногорск, 8 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан көршілес Ресей (54) мен Қытайдан (58) озық тұр.

Қазақстанның алдында 42-орында Чехия тұрса, бір саты төмендегі 44-орынды Венгрия алыпты.

Қазақстан жалпы рейтингте 43-орында тұрғанымен, оның әрбір көрсеткіш бойынша деңгейі әртүрлі.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕТІСТІГІ МЕН ӘЛСІЗДІГІ

Ақпараттық технология саласында жаңа сервис пен өнім шығару (92 орын), аймаққа инновацияның жетуі (92 орын), технология дамуының экономикаға әсері (66 орын) бойынша да көрсеткіштер төмен.

Үкіметтің ақпараттық технология саласындағы келешекті болжай білу деңгейі бойынша Қазақстан 35-орынға ие болды.

Технология, коммуникация саласындағы инфрақұрылымның дамуы бойынша 63-орын алған Қазақстан интернет қолданушылар саны жағынан 62-орында тұр.

Әлем елдеріндегі интернет сапасын бағалаған ұйым Қазақстанды 55-сатыға орналастырған.

Қазақстанның ұялы байланыс жүйесі бойынша көрсеткіштері өте жоғары.
Германияда жасалған робот. Көрнекі сурет
Германияда жасалған робот. Көрнекі сурет

Мысалы, ұялы байланыс абоненттерінің саны бойынша 11-орында тұр. Мәлімет бойынша, Қазақстанның 100 тұрғынына 156 телефоннан келеді. Ұялы телефон байланысының тарифі бойынша 42-орын бұйырған.

Өткен аптада шыққан бұл рейтингте білім жүйесінің заман талаптарына жауап беруі (101 орын) жағынан және сот жүйесі қызметінің (94 орын) көрсеткіштері бойынша Қазақстан ең төменгі орындарда тұр.

Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингті сауалнама нәтижесі мен түрлі халықаралық ұйым баяндамаларындағы мәліметтерге сүйеніп құрастырған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG