Accessibility links

Голощекин басқарған жылдары қазақ халқының тең жартысы аштан қырылды


Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1925-1933 жылдардағы бірінші хатшысы Филипп Голощекин.

Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1925-1933 жылдардағы бірінші хатшысы Филипп Голощекин.

Осыдан 86 жыл бұрын, 1925 жылы 13 қыркүйекте Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшылығына Мәскеудегі орталық билік Филипп Исаевич (Шая Ицкович) Голощекинді жіберді.


1933 жылдың 21 қаңтарына дейін осы қызметте отырған Голощекин тұсында қазақ халқы өз тарихындағы ең ауыр кезеңді бастан өткізді.

«АША ТҰЯҚ ҚАЛМАСЫН»

«Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы» 1928 жылы 28 тамыздағы қаулы күштеп тәркілеуге ұласып, совет өкіметі ірі байлармен қатар орта шаруалардың малын да зорлықпен тартып алды.

Бұл советтік саяси науқан «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жүзеге асты.

1929 жылы Қазақстандағы мал басы 40 миллион болса, 1933 жылы 4 миллионға зорға жетті. Оның өзі де ашаршылық жайлаған республикаға
1930-жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар.

1933 жылдары сырттан жәрдемге әкелген мал есебінен құралды деген пікірлер бар.

Соның кесірінен онсыз да 1921-22 жылдардағы ашаршылықта 30 пайызынан айырылған қазақ халқы 1931-1932 жылдары тағы да жаппай аштыққа ұрынып, тең жарымы, яғни 2 миллион 500 мыңға жуық адамы қаза болды. Кейбір зерттеушілер аштан қырылғандар 3 миллионнан да асып түседі дегенді айтады.

Қазақ халқы 1723 жылдары жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «Ақтабан шұбырынды» мен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де дәл мұндай қырғынға ұшыраған жоқ.

«Кіші Октябрь» төңкерісін жасамақ болған Филипп Голощекиннің жосықсыз саясатына қарсы жергілікті халық талай рет бас көтерді. Кейбір дереккөздер мұндай көтерілістер мен толқулар Қазақстанның түкпір-түкпірінде бас-аяғы 372 рет болғанын көрсетеді. Кез-келген толқу күшпен басылып, қатаң жазаға тартылды.

Қазақстанға келгенге дейін-ақ шектен тыс қатыгездігімен танылған Филипп Голощекин Ақпан төңкерісінен кейін қамауға алынған ІІ Николай патшаны отбасымен бірге азаптап, ешбір сотсыз-ақ бір түнде қырып салғандардың бірі болатын.

Талай адамды «халы жауы» деп көрсеткен Филипп Голощекиннің өзі де 1939 жылы «антисоветтік ұйым құрды, Орталық комитетке қарсы күрес жүргізді, сондай-ақ гомосексуализммен шұғылданды» деген айыппен тұтқындалып, 1941 жылы 27 қарашада атылды. Бірақ сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар ретінде 1961 жылы ол да ақталды. Бірақ қазақтар «Қужақ» атап кеткен бұл адам халық жадында ашаршылықпен бірге қалды.

«ҚАЙРАТКЕРДІҢ ОРНЫНА – ҚЫЗМЕТКЕР»

Кейбір зерттеушілер қазақ халқын қырғынға ұшыратқан Голощекиннің төңірегіне топтасқан жауапты қызметкерлер «бұл жайға көз жұма қарады», «қара басының қамын халықтан жоғары қойды» деп жазады.

Сталиннің тікелей қолдауына ие болған Филипп Голощекин Қазақстанға келісімен кадр мәселесін қолға алып, республика басшылығындағы белгілі
1930-жылдардағы аштыққа ұрынған қазақ әйелі мен баласы.

қызметкерлер мен қазақ интеллигенциясын саяси қуғынға ұшыратты.

Алаш қайраткерлерінің 1920 жылдан кейін біртіндеп советтерге өтіп, билікте ықпалын күшейтуі «төңкеріске ерекше еңбек сіңірдік» дейтін кәнігі большевиктердің наразылығын туғызғанын оңтайлы пайдаланып, біріне бірін айдап салу, жікке бөлу әдістерін қолданды.

Иосиф Сталиннің «Ақ жол» газеті туралы 1925 жылы 29 мамырдағы хатынан соң Алаш қайраткерлерінің көпшілігі «шоқаевшылдар» ретінде партия және мемлекеттік қызметтерден аласталып, жаппай түрмеге қамалды.

Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов секілді азулы қарсыластарын Қазақстаннан ығыстырып, айналасына өзінің айтқанынан шықпайтын адамдарды жинады. Сөйтіп Қазақстанда билікке қайраткер тұлғаны емес қызметкер тұлғаны қою дәстүрін Филипп Голощекин бастап берді.

ГОЛОЩЕКИН ҚАЗАҚТЫ «ҮШКЕ БӨЛІП КЕТТІ»

1933 жылы қазақ өлкелік комитеті хатшылығынан босап, СССР Халық комиссарлар советі жанындағы мемлекеттік бас арбитр қызметіне кетіп бара жатқан Филипп Голощекин сол кездегі қазақ коммунистерін үшке бөліп сипаттайды. Біріншісі – «ұлтшыл-уклонистер». Бұлар советтік тәрбиеге илікпейтін, пайдалануға көнбейтін коммунистер. Екіншісі – жағдайға қарай бет пердесін өзгертіп отыратын «хамелондар».
Үшіншісі – барлық қателікті тек Голощекиннен көретін «арамзалар».

Зерттеуші Тұрсын Жұртбаевтың жазуынша, Лев Троцкийдің де қазақ коммунистерін үшке бөліп қарастырған екен: біріншісі – Голощекиннің маңындағылар, яғни жоғарының нұсқауын орындау үшін неге де болса, қашан да даяр тұратындар, екіншісі – «солшылдар», олар да Голощекинді қолдайды, бірақ аз-кем тәуелсіздігі бар топ, үшіншісі – «оңшылдар». Ал «солшылдардың» өкілдері де кейде «оңшылдарға» да қосылады.

ҚАЗАҚ ТАРИХШЫЛАРЫ ДА ҮШКЕ БӨЛЕДІ

Бір қызығы, Қазақстаннан жібі түзу адам көрмеген Филипп Голощекиннің бағасымен келіспейтін қазақстандық тарихшылар да сол кезеңде жауапты қызмет атқарған адамдарды үш санатқа бөлгенді дұрыс санайды.

Мәселен, тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков Филипп Голощекин төңірегіндегі қазақстандық большевиктер арасында оның озбыр саясатын тежеуге тырысқан және қазақ интеллигенциясын аға
"Алаш" партиясының көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан. (Көрнекі сурет)

ұрпақтың демократиялық дәстүрлері негізінде топтастырып, саяси аласапыранда қазақ халқының мүддесін ашық қорғауға күш салған «Алаш» қозғалысына бүйрегі бұратын азаматтар да болды деп есептейді.

Ол бұл топтың қатарына Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Жалау Мыңбаев, Санжар Асфендияров, Нығмет Нұрмақов, Асфендияр Кенжин, Сұлтанбек Қожанов, Ыдырыс Мұстамбаев, т.б. коммунистерді жатқызады.

Талас Омарбековтің жазуынша, қазақ интеллигент-большевиктерінің келесі тобын Филипп Голощекин төңірегіндегі басқарушы-бюрократтар, билік иелері құрайды. Жоғарыда аталған топтан бұлардың айырмашылығы – республиканың бірінші басшылығына ашық қарсы шықпау, оның ұстанған бағытын, жеке қызметін сынамау, Филипп Голощекиннен түскен нұсқауларды партиялық және мемлекеттік тапсырма ретінде бұлжытпай үлкен жауапкершілікпен мүлтіксіз орындау. Бұл адамдар өз халқының психологиясын, тұрмысын және мәдениетін терең білді және құрметтеді. Тәркілеу, күшпен ұжымдастыру секілді әлеуметтік және экономикалық процестерді жеделдету қазақ ауылына апат әкелетінін аңғарды, бірақ олар өз пікірлерін ашық айтпауға, республиканың бірінші басшысына қарсы шықпауға тырысып бақты.

Ораз Жандосов, Ұзақбай Құлымбетов, Абдолла Розыбакиев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Сара Есова, Әліби Жангелдин, Жанайдар Сәдуақасов, т.б. коммунистерді Талас Омарбеков осы қатарға қояды.

Сонымен қатар, тарихшының жазуына қарағанда, Ораз Исаев, Ғаббас Тоғжанов, Абдолла Асылбеков, Әбдірахман Байділдин, Ізтай Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Әбдірахман Әйтиев, Елтай Ерназаров, Хамза Жүсіпбеков сияқты сол кездегі жауапты қызметтегі коммунистердің «қызметқұмар болғаны, үкімет қызметіндегі мәртебелі орнынан айырылғысы келмей, лауазымды қызметті туған халқының мүддесінен жоғары қойғаны анық».

Голощекиннің тарихи бейнесі анықталғанмен, оның төңірегінде жауапты қызметтер атқарған қазақ большевиктер әлі күнге дейін әрқилы бағаланады. Оның тұсындағы ашаршылық пен қуғын-сүргінді «көрмеген» қызметкерлер жекелеген зерттеулерде ғана айыпталады. Ал оларды «мемлекет және қоғам қайраткері» деп санайтын жергілікті жерлер кейбіріне, тіпті, ескерткіш қойып, есімдерін қала көшелері мен оқу орындарына беріп отыр.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG