Accessibility links

Жауапкерді анықтау созыла түсті


"Голос Республики" газетінің журналистері сотта наразылық танытып тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2012 жыл

"Голос Республики" газетінің журналистері сотта наразылық танытып тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2012 жыл

"Голос Республики" газетіне қатысты өткен алғашқы сот отырысында прокуратураның шағымындағы қателік әлі түзелмеген болып шықты.

Желтоқсанның 6-сы күні Алматының Медеу аудандық сотында «Голос Республики» газетінің қызметін заңсыз деп тану туралы прокуратура шағымының негізінде сот басталды. Алғашқы сот отырысында жауапкерді анықтау мәселесі қайта көтерілді.

- Прокуратураның шағымында «Голос Республики» газеті – жауапкер ретінде көрсетілген. Алайда басылым, не азаматтық, не заңдық тұлға емес қой. Газет үшін оның иесі жауап беру керек. Біздің жағдайда газеттің меншік иесі "Медиа-консалт" ЖШС. Қарашаның 27-сі күні алдын ала тыңдау кезінде судья прокуратураға осы тұсты анықтап, шағымға газетті емес, меншік иесін жазу керектігін айтқан. Алайда олар ешнәрсе өзгертпепті, - деді басылым адвокаты Сергей Уткин Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың сөзінше, "прокуратура қателігін түсініп отыр, дегенмен газет адвокатының айтқанын орындау олардың шамына тиетін болуы керек". Бүгінгі отырыста судья Гүлмира Бейсенова "Республика" газетін процеске үшінші жақ ретінде қатыстыратындығын айтты. Сот бірнеше БАҚ иелерінің заңгерлеріне үшінші жақ ретінде қатысатын "Республика" газетінің өкілдері ретінде қарап отыр.

"ӨНІМ ТАРАТУДЫҢ ӨЗГЕ ЖОЛДАРЫН ЖАБУ"

Сот отырысында Сергей Уткин газеттің бас редакторы Татьяна Трубачеваның екі бірдей өтінішін түсірді. Біріншісі - сот аяқталып, белгілі бір үкім шыққанға шейін «Голос Республиканың» шығуына рұқсат беру. Оны судья қанағаттандырмады.

- Екіншісі, газетті тоқтату туралы соттың ұйғарымында «басылым өнімін өзге де жолдармен таратуға тыйым салу» деген сөз бар. Дәл осы сөйлемді сот орындаушылары «Голос Республики» газетінің қазіргі және бұрынғы журналистеріне өзге басылымдарға да мақала жазуға болмайды деп тәпсірлеп отыр. Біз судьядан осының мәнін түсіндіруді сұрадық, алайда прокурор бұл «айтпаса да түсінікті ғой» деп, судья оны қоштап, ақырында біздің бұл сұрағымыз жауапсыз қалды, - деді адвокат.
"Голос Республики" газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева Алматы қаласы Медеу аудандық сотындағы газет сататын жерде тұр. 27 қараша 2012 жыл. Сурет forbes.kz сайтынан алынды.

"Голос Республики" газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева Алматы қаласы Медеу аудандық сотындағы газет сататын жерде тұр. 27 қараша 2012 жыл. Сурет forbes.kz сайтынан алынды.


Қарашаның 30-ы күні оппозициялық "Голос Республики" газетінің материалдары оппозициялық "Азат" газетінде жарияланған еді. Судья газеттің электрондық және баспа түрінде жарық көруіне тыйым салғаннан кейін, «Голос Республики» шығарушылары осындай қадамға барған. Алайда сот орындаушылар «Азатты» да тәркілеген болатын.

«Голос Республики» газетінің өкілдері Алматы прокуратурасының шағымын бүгін ғана алып, таныса бастады. Осыған орай судья келесі отырысты желтоқсанның 13-іне белгіледі.

"ӘБЛЯЗОВПЕН БІРГЕ ҚАРАСТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ"

Сот процесін бақылауға келген ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов билік Мұхтар Әблязовты дұшпан көргесін оған жақын БАҚ-ты қуғындап жатыр деген пікір айтты.

- Мұхтар Әблязов пен БАҚ-ты бірге қарастыруға болмайды. Қазақстанның конституциясы бар. Оны ешкім өзгерткен жоқ. Сөз бостандығы туралы 20-бабы да орнында, - деді ол.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев телефон арқылы Азаттық тілшісіне конституция бойынша цензураға тыйым салынғанын атап өтті.

- Әблязов - бір басқа мәселе. Тіркелмеген ұйым - екінші басқа мәселе. БАҚ-тың бәрін бір лекпен емес, әр бөлек қарастыру керек. Қандай да бір басылымға қатысты шешім шығарарда конституция мен заң бұзылғаны жөнінде бұлтартпас дәлелдер қажет. Тиянақты сараптама жасалуы шарт, - деді ол.

Қарашаның 21-і күні Алматы қалалық прокуратурасы соттан 8 оппозициялық БАҚ пен 23 сайтты, оның ішінде "К-плюс" телеарнасын, "Взгляд", "Голос республики" газеттері мен "Голос республики", "Стан-ТВ" интернет-порталдарын және оларға тиесілі деп сипатталатын ондаған ресурстарды жабуды сұраған еді. Прокуратура "тіркелмеген "Алға" партиясы мен "Халық майданы" ұйымы қызметіне тыйым салуға да шақырған. Ұйым өкілі бұл талапты оппозицияшыл саясаткер Владимир Козловқа қатысты шыққан сот үкіміне негіздеген.

Бұл әрекетті жергілікті сөз бостандығы мен адам құқықтарын қорғау ұйымдары жаппай айыптап мәлімдемелер жасаған болатын.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG