Accessibility links

Шахтерлердің өтемақы дауына үкімет араласты


«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының болат цехы. Теміртау, 26 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының болат цехы. Теміртау, 26 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қарағандыда 300-ден аса шахтердің денсаулығын жоғалтқаны үшін берілетін өтемақыны алмағанына жылдан асты. Жұмыс беруші мен сақтандыру компаниясы және шахтерлер дауына үкімет араласты.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мен «Альянс Полис» сақтандыру компаниясы соттасып жатқалы бірнеше ай өтті. «Альянс Полис» жұмысшыларды өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру үшін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен келісім-шарт жасасқан.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы шахталарында денсаулығын жоғалтып, мүгедек болып қалған кеншілерге өтемақы төлеу 2012 жылдың 1 қазанынан бастап тоқтаған. Дау осыдан шығып отыр. Кейбірі жұмысқа мүлдем жарамсыз болып қалған жүздеген мүгедек шахтердің күнкөрісі қиындаған. Жұмысшылар талай рет наразылық акцияларын өткізді. Өтемақы төлеу мәселесі Қазақстан үкіметі деңгейінде қаралды.

«АЛҒАШҚЫ ЕКІ АДАМ АҚШАСЫН АЛДЫ»

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атқарушы директоры Иво Хмеликтің ақпарат құралдарына мәлімдеуінше, премьер-министр Серік Ахметов «бас прокуратура ұсынысы негізінде «Альянс Полис» компаниясы өтемақыны еңбек мүгедектеріне 30 күн ішінде толық төлесін» деп, ұлттық банкке жарлық берген. Ұлттық банк - сақтандыру компаниялары қызметін қадағалаушы орган.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы. Теміртау, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы. Теміртау, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы еңбек мүгедектерінің пайдасына «Альянс Полис» сақтандыру компаниясынан мәжбүрлі түрде ақша өндіру жөнінде Алматы қаласы прокуратурасына арыз түсірген. Жуырда прокуратурадан жауап келген. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы көмір департаментінің заң бөлімі бастығы Рүстем Нұрғалиев:

- Прокуратураның хатында қазір Алматы қаласы сот үкімін орындаушы органдарында «Альянс Полис» компаниясынан өндірілуі тиіс 192 миллион теңгенің 106 атқарушы парағы жатқаны жазылған. Алғашқы нәтиже де бар - екі адам ақшасын алды, - дейді.

СОТҚА ЖҮГІНУГЕ ШАҚЫРУ

Мүгедек кеншілерді «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахтасында жұмыс істеп жүріп мүгедек болған Сергей Ищенко мен Александр Щербенкодан үлгі алуға шақырады. Компания басшылығы екеуін Теміртауда өткен «Регрессниктерге өтемақыны кім төлеуі тиіс?» деген баспасөз жиынына арнайы шақырды. Олар «Альянс Полис» сақтандыру компаниясы өтемақының бір бөлігін қалай төлегенін айтып берді.

- Өткен жылдың ақпан айынан бері мүгедекпін. Талайға дейін ақшамды ала алмай жүрдім. Ақыры шахта заңгерінен көмек сұрадым. Олар менің ісімді қолға алды. Биыл қыркүйек айынан бастап сақтандыру компаниясы ақшаны бөліп төлей бастады. Бұл істердің неге сағыздай созылып кеткенін түсінбеймін, жұрттың соттасқанына жылдан асты ғой, - дейді регрессник Сергей Ищенко.

Шахтада апат болған жағдайда жасалатын құтқару жұмыстарын пысықтау жаттығуы. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Шахтада апат болған жағдайда жасалатын құтқару жұмыстарын пысықтау жаттығуы. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Сергей Ищенко мен Александр Щербенко басқа мүгедек шахтерлерді жалғыз-жарым әрекет етпей, ақшаларын өндіріп алу үшін шахта заңгерлері көмегімен сотқа жүгінуге шақырады.

Қарағанды облысы соттарында еңбек мүгедектерінің өтемақы өндіру туралы шағымы негізінде қозғалған 80-нен аса іс жатыр. Шахтерлер бұл талап-арыздарды «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының заңгерлерінің көмегімен берген. Аудандық соттар сақтандырушы компанияны өтемақы төлеуге міндеттеген. Бірақ бұл істің соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ. Сақтандырушы компания аудандық соттың шешіміне қарсы шағым түсірген.

ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

«Альянс Полис»компаниясы бұрынғысынша «еңбек мүгедектеріне өтемақыны регрессниктер туралы жалған мәлімет берген жұмыс беруші төлеуі тиіс» дейді.
«Альянс-Полис» сақтандыру компаниясының сайтында «Сақтандыру жағдайларына қатысты өзіміз жүргізген статистика бар. Біздің статистика мен «АрселорМиттал Теміртау» берген мәліметтің арасында алшақтық көп. Келісім-шартқа сәйкес, сақтанушы берген мәліметтің рас-өтірігіне сақтанушының өзі жауап береді. Тендер құжаттарындағы деректердің растығын қайта тексеру үшін сақтандыру компаниялары құзырлы мемлекеттік органдарға сауал жолдай алмайды. Оларға бұл құқық келісім-шарт бекітілген соң ғана беріледі» деп жазылған.

«Альянс Полис» басшылығы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы бүкіл жауапкершілікті сақтандырушыға аударып, жұмысшыларды айтақтап отыр» деп есептейді.

«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары жұмыс орнындағы денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесіне арналған жиында тұр. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары жұмыс орнындағы денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесіне арналған жиында тұр. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Өндірісте жүріп денсаулығынан айырылғаны үшін тиісті өтемақы еңбек мүгедектеріне не себепті төленбегені Қазақстан кәсіподақтары федерациясын да алаңдатады. Олар бұл жағдай жанжалдасушы компаниялардың іскерлік беделіне ғана нұқсан келтіріп қоймай, жалпы жұмыс берушілердің әділдігіне қызметкерлердің күмәнін туғызады деп есептейді.

Федерация төрағасы Әбілғазы Құсайынов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бас директоры Виджай Махадеванға жазған хатында «Осыған байланысты және жанжалды одан әрі ушықтырмас үшін Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Альянс Полис» сақтандыру компаниясы жапа шеккен жұмысшыларға өтемақыны дереу төлеп, ал дауды өз араларында шешуі тиіс деп есептейді» дейді.

Бірақ жанжал ушығып кетті. Қазанның 17-сі күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Қарағанды қаласындағы көмір департаментіне келіп, сақтандыру өтемақысын талап еткен мүгедек шахтерлердің бірі жанғыш зат құйылған бөтелке лақтырды. Шыққан өрттен екі адам зардап шекті. Шығын көлемі 170 мың теңге деп бағаланды. Полиция сол күні үшінші топ мүгедегі Владимир Заряновты тұтқындады.
XS
SM
MD
LG