Accessibility links

Гранитныйдағы бүлік себебін анықтап жатқан сотқа белсенділер кіре алмады


Құқық қорғаушы Вадим Курамшин (сол жақта) және Роза Жұмағалиева (түрмедегі Арман Жұмағалиевтің анасы). Көкшетау, 17 тамыз 2011 жыл.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин (сол жақта) және Роза Жұмағалиева (түрмедегі Арман Жұмағалиевтің анасы). Көкшетау, 17 тамыз 2011 жыл.

Көкшетау қаласында Гранитный түрмесіндегі былтырғы бүлікке қатысты сот отырыстары өтіп жатыр.


Сот әу баста ашық өтеді жарияланғанына қарамастан оған қатысқысы келген қоғам өкілдері мен ақпарат құралдары колония қақпасынан әрі аса алмай, мекеме қызметкерлерінің тосқауылына тап болды.

«ЖАБЫҚ» СОТ

Осы уақытқа дейін колония басшылығы сотқа кіретін азаматтардың тізімін судьяның өзі бекітіп, сол бойынша енгізетінін айтқан. Алайда құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша, тамыздың 26-сы күнгі сот отырысына бұл тізімге енген азаматтар кіре алмай қалған.

- Сот хатшысы шығып, тізімді тексеріп, «барлықтарыңыз кіресіздер» деді. Вахта табалдырығын аттағанымыз сол еді, бақылау-өткізу пунктінен қылмыстық атқару департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Горнова
Арнайы көлік бүліктен соң ЕЦ-166/25 түрмесінен тұтқындарды әкетіп барады. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

шығып, бізді сот залына жеткізуге тыйым салды, - дейді ол жұма күні Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушының айтуынша, колония қызметкерлерінің қарсылығына тап болған топта азаматтық қоғам белсендісі Виктор Новиков, жергілікті мәслихат депутаты Марат Жанұзақов, тіркелмеген «Алға» партиясының белсендісі Бақытжан Қанапия да болған.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің бастығы Ғалымжан Хасенов оның себебін Азаттық радиосы тілшісіне:

- Менің білуімше, мәжіліс залында орын жетпей қалған, - деп түсіндірді.

«ПРЕЗИДЕНТТІ ЖАҚСЫ КӨРМЕЙТІН» ГАЗЕТ

Дәл осындай жағдай тамыздың 23-і күні де болған. Ол күні бұл азаматтармен қоса айыпталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Есламғалиев те сот залына кіре алмай қалған еді.

Адвокаттың айтуынша, түрме қызметкерлері оған «Свобода слова» газетінің соңғы нөмірін алып кіруге тыйым салып, өткізбей қойған. Бүгін де дәл осындай кедергіге тап болған Нұрлан Есламғалиев «тактиканы өзгерткенін» айтады.

- Барлық құжаттарымды, газетті соларда қалдырып, сот процесінде «қағаздарым жоқ болғандықтан істі дұрыс жүргізе алмаймын» дедім. Сот барлық заттарымды қайтарып, сотқа қайта кіргізуді міндеттеді, - дейді ол.

Адвокаттың айтуынша, түрме қызметкерлерінің бірі «Свобода слова» газетін «президентті жақсы көрмейтін газет» болғандықтан колония территориясына кіргізбейтінін айтқан.

Ал сотқа қатысқан айыпталушылардың туыстары сот өтіп жатқан ЕЦ 166/24 қоныстандыру колониясы қызметкерлері рұқсат қағазы бола тұра ата-аналардың бейнекамераларын тартып алғанын айтады.

КУӘЛАР СОТТАН ӨЗДЕРІН ҚОРҒАУДЫ СҰРАДЫ

Айыпталушылардың туыстарының айтуынша, тамыздың 26-сы күні өткен сот процесінде куәлар сотқа өздерін қорғау туралы өтініш жасаған. Олардың айтуынша, қазір қатты қысымға ұшырап жатыр. «Өйткені бұлар басшылық талап еткендей айыпталушыларға қарсы куәлік жасамай, керісінше басшылардың жемқорлық әрекеттері мен олардың қысым жасайтыны туралы бар шындықты сотта жайып салған. Енді сол үшін жазаланып отыр» дейді туыстары.

- Мен куәлар сөзімен айтайын. Куәлардың бірі «тіпті гестапоның өзінде де мұндай «жазалау әдістері» қолданылмаған» дейді. Мен мұнымен толық келісемін. Айуандық жағынан алғанда, фашистердің өздері мұнымен өркениетті түрде айналысқан шығар. Бұлар адамдарды қатты қинаған, - дейді Нұрлан Есламғалиев.

Алайда айыпталушылардың туыстарының бірі Нұрлан Жұмабековтің айтуынша, «сот куәлардың өтінішін қабылдамады».

Өткен жылы тамыз айында Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный кентінде орналасқан ЕЦ-166/25 жалпы режимдегі түрмеде жүздеген
Бүлік жасаған тұтқындар талаптарын ақ жаймаға жазып, осы баракқа іліп қойған. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл.

тұтқын қарындарын тіліп, мекемеде бүлік шыққан еді. Бұл оқиғадан, ресми дерек бойынша, 2 тұтқын қаза тауып, 80-нен астам адам ауруханаға түскен. Бұл оқиға бойынша өткен жылы қылмыстық іс қозғалып, 2011 жылы шілденің 26-сы күні Көкшетауда сот процесі басталған.

Бұл істегі айыпталушылар – ереуілге қатысқан 14 тұтқын. Оларға «тәртіпсіздік ұйымдастыру», «тәнге ауыр жарақат салу», т.б. баптар бойынша айыптар тағылған.

Осыған дейінгі болған сот процестеріне куә ретінде қатысқан тұтқындар бүлік жасауға ешкімнің мәжбүрлемегенін, ол іске колониядағы аса қатал режим түрткі болғанын айтқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG