Accessibility links

Тұрмысы нашар отбасының баласы гранттан қағылды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Әкім сертификатын ұстап отырған Рысбек Досан мен оның анасы Таңсық Уатхан. Алматы облысы, 5 тамыз 2015 жыл.

Әкім сертификатын ұстап отырған Рысбек Досан мен оның анасы Таңсық Уатхан. Алматы облысы, 5 тамыз 2015 жыл.

Биыл көктемде билік Алматы облысындағы тұрмысы нашар отбасының мектеп бітіретін баласына ЖОО-ға грант бөлуге уәде еткен. Бірақ енді жас жігітке «отбасыңның кірісі ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 10 доллар асып кеткендіктен, грант берілмейді» деп мәлімдеген.

Алматы облысындағы Мойнақ кентінде анасы, інісі және қарындасымен тұратын 17 жастағы Рысбек Досан қарапайым отбасында туып-өскен. Отбасының кірісі еден жуушы болып жұмыс істейтін анасының 26 мың теңге (шамамен 140 доллар) жалақысы мен әкесі қайтыс болып, асыраушысынан айырылған балаларға мемлекет төлейтін 24 мың теңге (130 долларға жуық) жәрдемақыдан құралады. Биыл көктемде Рысбек тұрмысы нашар отбасыдан шыққан бала ретінде облыс әкімі қолынан ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алса, тегін оқуға кепілдік беретін атаулы сертификат алған. Жас жігіттің айтуынша, ол жыл бойы барынша тырысып, сабақты жақсы оқып, 83 балл алған.

— Бар күшімді салып, қолымнан келгенше тырыстым. Күні-түні бас көтермей дайындалып, жоғары балл алдым. Тіпті ЖОО-дан (жоғары оқу орнынан) «оқуға қабылдаймыз» деген қағаз да келді. Бірақ жергілікті әкімдік оқуымның ақысын төлеуден бас тартып отыр. Егер мұны ертерек хабарлағанда, құжаттарымды өзге ЖОО-ға тапсырып, оқуға түсіп кетер едім. Енді түксіз қалдым, - деп қынжылады Рысбек Досан.

Рысбек Досанға берілген арнайы сертификат.

Рысбек Досанға берілген арнайы сертификат.

Анасы Таңсық Уатхан «бәріне өзім кінәлімін» дейді. Әйелдің айтуынша, биыл наурыз-сәуір айларында жұмысында әріптесінің орнына жұмыс істеп, көбірек жалақы алған. Отбасының кірісі ең төменгі күнкөріс көлемінен екі мың теңгеге (қазір ресми бағам бойынша есептегенде 10,7 доллар) асып кеткен. Енді заң бойынша, бұл отбасы тұрмысы нашар отбасы болып саналмайды, ал Рысбек әкім грантынан айырылмақ.

— Заң бойынша отбасының әр мүшесіне 20 мың теңгеден шығуы тиіс, ал әлгі екі айда біздің кірісіміз бұдан сәл артып кетті де, кесірі балама тиді, - дейді көзіне жас алған Таңсық Уатхан.

«КІРІСІ ТИІСТІ ШЕКТЕН АСЫП КЕТКЕН»

Алматы облысы білім департаменті мамандары Рысбек Досанның отбасының қиын жағдайын түсінетінін айтып, оның оқуына ақша табуға уәде етеді. Ведомство мамандары заң талабын бұза алмайтын, ережені қатаң орындауға міндетті екенін мәлімдеді.

— Бұл сертификаттар оқушылар жақсы оқысын, емтиханға дұрыстап дайындалсын деген оймен стимул ретінде берілген. Ең басты талап - тұрмысы нашар отбасы болуы шарт. Рысбек Досанға атаулы сертификат берген кезде оның отбасының тұрмысы нашар саналған. Бірақ кейін кірісін қосымша тексерген кезде оның отбасының кіріс көлемі ең төменгі күнкөріс мөлшерінен асып кеткені анықталды, - дейді Алматы облысы білім департаментінің бөлім бастығы Болатбек Дәрібаев.

Азаттық тілшісімен сөйлескен облыс әкімі орынбасары Бахтияр Өнербаев Рысбек Досан сияқты балаларға қатысты жағдайды «жеке бақылауына» алатынын айтты.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев. Сурет Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев. Сурет Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.

— Қазір бұл тақырыпты бір топ ата-ана дүрліктіріп жүргенін білемін. Олар облыс әкімдігі келісім-шартқа отырып, балалары оқыған жылдардың ақысын толық төлеп беруге кепілдік бергенін қалайды. Бірақ білім гранты бір жылға ғана беріледі. Мүмкін, келесі жылы ата-анасы жалақысы жақсы жұмыс тауып, отбасының кірісі өсетін шығар. Ол кезде, әрине төлемейміз, - деді облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев.

Облыс бюджеті есебінен ЖОО-да оқуға түсу үшін әкім сертификатынан қағылған Рысбек Досан сияқты қанша түлек бар екені белгісіз. Аймақ билігі мұндай «бірер жағдай бар» дейді. Көктемде мұндай сертификат тұрмысы нашар отбасылардың91 баласына берілген.

Қазақстанда облыс әкімдері бөлетін білім гранттары бағдарламасы 2000 жылдардың аяғында іске қосылған. Оның мақсаты - тұрмысы нашар отбасылардың дарынды балаларына жоғары білім алу мүмкіндігін беру және шалғай ауылдардағы кәсіби мамандар тапшылығы мәселесін шешу деп хабарланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG