Accessibility links

Тұрмысы нашар отбасының баласына ақыры грант берілді

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Рысбек Досан мен анасы Таңсық Уатхан. Алматы облысы, 6 тамыз 2015 жыл.

Рысбек Досан мен анасы Таңсық Уатхан. Алматы облысы, 6 тамыз 2015 жыл.

Алматы облысында жергілікті билік Мойнақ кентінде тұратын 17 жастағы Рысбек Досанға университетке түсу мүмкіндігін берді. Отбасының кірісі ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 10 доллар асып кеткендіктен облыс әкімдігі Рысбекке грант беруден бас тартқаны туралы Азаттық сәл ертеректе жазған. Азаттық мақаласы Рысбек Досан мен тағы бір баланың грант алуына көмектесті.

Рысбек Досанның үйі мез-мейрам. Анасы Таңсық Уатханның жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. Ол баласының бір жылдық оқуының ақшасын төлеуге жергілікті атқарушы билікпен бір жылға келісім-шартқа отырған. Бірақ баласының оқуын мемлекет есебінен қаржыландыру үшін отбасының тұрмысы нашар екенін келесі жылы тағы дәлелдеуіне тура келеді. Таңсық «балама стипендия берер ме екен» деп ойлайтынын жасырмайды.

«АСТАНАҒА КЕТТІ»

Отбасының кірісі ең төменгі күнкөріс мөлшерінен шамамен 10 доллар асып кеткендіктен Алматы облысы әкімдігі Рысбек Досанға тұрмысы нашар отбасы балаларына бөлінетін грант беруден бас тартқаны туралы Азаттық сәл ертеректе жазған. Орта мектеп түлегінің анасы биыл елдегі ең төменгі күнкөріс көлемінен 2 мың теңгеге көбірек ақша тапқан. Рысбек тұрмысы нашар отбасыдан шыққан бала ретінде әрі ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай алса, университетте тегін оқуға кепілдік беретін атаулы сертификат алғанымен, билік грант беруден бас тартқан. Азаттықта жарияланған мақаладан кейін билік Рысбек Досанға грант бөлуді ұйғарған.

- Менің отбасымдағы туыстарымның бәрі ұстаз болған. Әкем мен анам 40 жыл Моңғолияда орта мектепте сабақ берген. Рысбектің мұғалім мамандығын таңдауына қарағанда, ол әке-шешемнің жолын қуған сияқты, - дейді Таңсық Уатхан.

Грант иегері үйде болмай шықты. Рысбек Астанаға оқуға аттанған. Оны Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультетіне қабылдаған.

Рысбек Досанның жағдайы бойынша арнайы комиссия құрдық. Отбасының материалдық жағдайын қайта тексеріп шықтық. Балаға облыс әкімі грантын беру ұсынысын бүкіл комиссия мүшелері бірауыздан дауыс берді.

- Қазір ғана жатақханаға 35 мың теңге төлеп шықтым. Ақшам жетпей, таныстардан қарыз алуға тура келді. Бұл - бір жылдың ақысы. Бір бөлмеде алты адам тұратын болдық. Астанада оқитыныма қатты қуандым, - дейді Рысбек Досан телефон арқылы.

Рысбектің Астанадағы университетке оқуға түскенін Алматы облысы білім департаменті мамандары да растады.

- Рысбек Досанның жағдайы бойынша арнайы комиссия құрдық. Отбасының материалдық жағдайын қайта тексеріп шықтық. Балаға облыс әкімі грантын беру ұсынысына бүкіл комиссия мүшелері бірауыздан дауыс берді, - дейді ведомство басшысы Ләззат Базарқұлова.

АЗАТТЫҚ МАҚАЛАСЫ ТАҒЫ БІР БАЛАҒА КӨМЕКТЕСТІ

Рысбек Досан тап болған қиындық туралы мақала жарияланғаннан кейін Азаттық редакциясына «Дара» жеке меншік қайырымдылық қорының атқарушы директоры Мәдина Бакиева хабарласқан. Азаматтық белсенді Рысбектің оқиғасы қатты толғандырғанын жазып, оны Алматыдағы жаңа экономикалық университетке «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша орналастыруды ұсынған. Бірақ грант бөлудің міндетті шарты бойынша, үміткер ұлттық бірыңғай тестілеуден география пәні бойынша тест тапсыруы керек және жинаған балы 50-ден кем болмауы тиіс екен.

Бірақ Рысбек Досан ҰБТ-да әдебиет пәнін таңдағандықтан қор ұсынған орынға басқа үміткерді іздеуге тура келді. Оны табуға облыс әкімінің білім гранттары бағдарламасына қатысушы, Көксу ауданында тұратын Назерке Аханова көмектесті.

Грантты иелену бақыты оның сыныптасы Елнар Үсебаевқа бұйырды. Ол анасы және әжесімен бірге тұрады. Әкесі қайтыс болған. Елнар Алматы облысы әкімінің білім гранттары бағдарламасына қатысқанын, бірақ ҰБТ-де небәрі 55 балл жинағанын айтады.

Университетте оқитыныма, өмірімді өзгертуге мүмкіндік бергендеріне өте қуаныштымын.

- Университетте оқитыныма, өмірімді өзгертуге мүмкіндік бергендеріне өте қуаныштымын. Мұны ешқашан ұмытпаймын, - дейді Елнар Үсебаев.

«Дара» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Мәдина Бакиеваның айтуынша, ұйым жаңа экономикалық университет басшылығымен бірлесіп жетім және тұрмысы нашар отбасылардың балаларына стипендия тағайындайтын «Жақсылық аясы» деген бағдарламаны іске қосқан.

- «Әлеуметік жұмыс» мамандығы бойынша оқитын студенттердің ақшасын университет, демеушілер және қор қосылып төлейді. Кейін қор стипендия алушыларға кәсіби стажировкадан өтіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндігінше көмектеседі. Биыл екі стипендия тағайындадық. Нұрлан Қаппаров атындағы бір стипендияны Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылында тұратын бойжеткен алды, екіншісін Алматы облысындағы Елнар Үсебаевқа бердік, - дейді Мәдина Бакиева.

«Дара» жеке меншік қайырымдылық қоры 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйым мүгедек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды оңалту, білім беру мен дамыту мүмкіндігін жақсартуға қатысты түрлі жобаларды іске асырады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG