Accessibility links

«Сыпайы адамдардың» суреті бар киім шықты


Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде сатылып жатқан "сыпайы адамдар" киімі. Алматы, 20 мамыр 2014 жыл.
Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде сатылып жатқан "сыпайы адамдар" киімі. Алматы, 20 мамыр 2014 жыл.

«Сыпайы адамдар» атанып кеткен Украинадағы ресейшіл «белгісіз» әскерилердің суреттері салынған киім Қазақстанда сатыла бастады. Бұл сәндік тренд пе, я саяси тренд пе?

«Сыпайы адамдар» – 2014 жылдың басында Украинадағы Қырым аймағына басып кірген еш белгісі жоқ, бетін тұмшалаған ресейшіл әскерилерге жергілікті халық қойған ат. Басына каска киіп, бетіне маска таққан, Калашников автоматын ұстаған әскери адамның суреті салынған футболкалар Қазақстанда сатылып жатыр.

Алматылық Жандос есімді студент – «сыпайы адамдар» жазуы бар футболканы сатып алғандардың бірі. Ол бұл футболканың қазір әлеуметтік желі арқылы тарап, трендке айналғанын айтады.

«Қазір ресейлік «Вконтакте» және «Мой мир» әлеуметтік желілерде «Сыпайы адамдар» деген сурет пен жазуы бар киімдер сәнге айналды. Кей жастар оның мәнін түсініп жатқан жоқ. Ал мен бұл футболканы кию арқылы Украинаға қолдауымды білдіремін» дейді ол.

Қазір «сыпайы адамдар» деген жазбасы мен бетін тұмшалаған солдаттың суреті бар киімдер Алматыдағы ірі сауда орталықтарының бірінде және интернетте саудаланып жатыр. Бұл футболкалар Қазақстанның өзінде тігілген.

«Бұл киімдерді Ресей мен Украинадағы жағдайдан кейін шығара бастадық. Қазақстанда өзіміз тіккенбіз. Қазақстанда сұраныс бар. Интернеттегі дүкенімізге Ресейден де ұсыныс түсіп жатыр. Бұл киімдерді көбіне суреттің қандай мағына білдіретінін түсінетін адамдар алады. Қазір Ресей мен Украинада «сыпайы адамдар» деген жазуы бар футболкалар, ыдыстар, қойын кітапшалары шығып жатыр. Егер «Сыпайы адамдар» трендіне Қазақстанда сұраныс өссе, киімнен басқа да заттарға басамыз» дейді киімді дайындаушы Екатерина Самарова.
Симферопольде "сыпайы адамға" қарсы акция өткізіп тұрғандар. 8 мамыр 2014 жыл
Симферопольде "сыпайы адамға" қарсы акция өткізіп тұрғандар. 8 мамыр 2014 жыл

Ақпарат кеңістігі оппозициялық және тәуелсіз БАҚ-тардан түгелге жуық тазартылған Қазақстанның ресми ақпарат құралдары Украинадағы дағдарыс пен Қырымның аннексиясы туралы мардымсыз мәлімет беріп келді. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің ішінде бұл саяси тақырыпты қозғауға құлықсыздар көп. Солардың бірі алматылық Сағыныш Есмұхаметова мұндай киімдердің Қазақстанда сатылуына қарсы. Оның ойынша, «сыпайы адамдардың» Қазақстанға еш қатысы жоқ.

«Бұл футболкаларды тегін берсе де кимес едім. Себебі Қазақстанның саяси өміріне «сыпайы адамдардың» еш қатысы жоқ. Және мұндай жазбалар бар киімдердің сатылуына заң орындары тыйым салу керек» дейді ол.

Қазақстанда қазіргі Ресей-Украина қарым-қатынасын бейнелейтін «сыпайы адамдар» туралы ескерту сурет жапсырылған киімдерден бөлек қала көшелерінен ресейшіл саяси-әскери риторикалы, «соғысты насихаттайтын» белгілер жабыстырған көліктерді де кездестіруге болады. Сондай бір жапсырма тағылған алматылық көліктің артынан түсірілген фотода «свастика басты» адамға сексуалдық үстемдігін көрсетіп жатқан «балға-орақ басты» адамның бейнесі анық көрінеді. Оның төменінде «1941-1945, можем повторить ("тағы бір мәрте қайталауға болады")» деп жазылған. Қасында «На Берлин» деген ұран және «Катюша» көлігінің суреті тұр.
Кремльшіл белсенділер жасаған "сыпайы әліппе". Мәскеу, 14 мамыр 2014 жыл
Кремльшіл белсенділер жасаған "сыпайы әліппе". Мәскеу, 14 мамыр 2014 жыл


​Мұндай жапсырмалар әлеуметтік желіде кейбір қолданушылардың наразылығын тудырды. Интернет қолданушылар көліктердегі бұл белгілерді «соғысты аңсау», «ресейшіл шовинизм мен империализм» нышаны деп бағалайды.

Әлеуметтанушы Гүлсара Қадірованың айтуынша, «сыпайы адамдар» деп жазылған киімдер де, көлік артындағы ресейшіл ұранды жапсырмалар да Қазақстан азаматтарының санасына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін.

«Сыпайы адамдар» Ресейде, Украинада трендке айналған. Ал Қазақстанда бұл термин трендке айналып кетеді деу қиын. Бұл құбылысты Қазақстанда трендке айналдыратын негізгі күш – жастар. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, Қазақстанда жастардың басқа мәселелері жетеді. Оқу, баспана, жұмыс сияқты мәселелермен басы қатып жүрген жас адамға «сыпайы адамдардың» кім екені, олардың қайдан пайда болғаны қызықсыз. Бірақ бұған қарамастан Қазақстан тәуелсіз ел ретінде Совет Одағын және басқа елдердің саясатын насихаттайтын әрекеттерге тыйым салғаны жөн» дейді әлеуметтанушы.

«Жасыл адамдар» немесе «сыпайы адамдар» аталып кеткен белгісіз қарулы топ мүшелері Ресейдің Қырымды аннексиялауы кезінде сепаратистерге ашық қолдау көрсеткен еді. Анық әскери таңбасыз киім киіп, нөмірсіз көлік мініп, беттерін тұмшалап жүргендіктен олардың кім екені белгісіз күйде қалған. Сәуірдің 17-сі күні тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген Ресей президенті Владимир Путин ресейлік әскердің Қырым территориясындағы іс-қимылдың «артында тұрғанын» мойындаған.
XS
SM
MD
LG