Accessibility links

Гүлнар Дулатова: «Жамандады деп өкпе артпаймын»


Міржақып Дулатов, Ғайнижамал Дулатова және қыздары Гүлнар. Орынбор қаласы, 1923 жыл.

Міржақып Дулатов, Ғайнижамал Дулатова және қыздары Гүлнар. Орынбор қаласы, 1923 жыл.

Саяси қуғын-сүргін куәгері Гүлнар Дулатова естелігінде Міржақып Дулатовтың сүйегін Сібірден алдырарда биліктен көмек күткенін айтады.

Наурыздың 28-інде Алаш қайраткері, 1913-1918 жылдары жарық көрген «Қазақ» газетін шығарушылардың бірі Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатованың өмірден озғанына 40 күн толды. 1915 жылы Орынбор қаласында дүниеге келген Гүлнар апай биыл ақпанның 18-інде 98 жасында дүние салған еді.

«ҮШ КЕЗЕҢНІҢ КУӘГЕРІ»

Гүлнар Дулатова 48 жыл дәрігерлік қызметте болды. Ұлы Ерлан Сатыбалдиевтің айтуынша «халық жауының» фамилиясымен Қазақстанда оқи алмайсың» деген Қаныш Сәтбаевтың кеңесінен кейін 1930 жылдары Томск қаласына кетіп, сондағы мемлекеттік университеттің медицина факультетіне оқуға түскен.

Гүлнәр Дулатова оқыған Томск мемлекеттік университетінің алдындағы Қаныш Сәтбаев ескерткіші. Томск, 19 наурыз 2013 жыл. Суретті түсірген Динара Мыңжасарқызы

Гүлнәр Дулатова оқыған Томск мемлекеттік университетінің алдындағы Қаныш Сәтбаев ескерткіші. Томск, 19 наурыз 2013 жыл. Суретті түсірген Динара Мыңжасарқызы

- Бұл университеттің әскери-дәрігерлік факультетін анамыздың нағашы атасы Баймұрат та бітіріп, Омбы қаласында төңкеріске дейін клиника ұстаған және Қаныш Сәтбаевтың өзі де сол университетте оқыған. Анамыз кейін оқуын Алматыда медицина университетінде жалғастырды,-дейді Ерлан Сатыбалдиев.

Советтік саяси қуғын-сүргінді жасынан көрген ол 1951 жылы қазақ өнері, мәдениеті мен ғылымын «ұлтшылдықтан» тазалау науқанына өзі де ілікті. 1980 жылдардың соңындағы «қайта құрудан» кейін ақтала бастаған алаш қайраткерлері туралы деректерді алғаш жариялаушылардың бірі болды. Соның ішінде Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы» мен көптомдық шығармалар жинағы бар еді.

«Балалық дәуренімнің қасіретсіз күндері көп болған жоқ» дейтін Гүлнар Дулатова 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргінді де, кейінгі тоқырау жылдарын да, Қазақстан тәуелсіздігін де көзімен көріп, куәгер болды. Ол өз естеліктерінде алаш қайраткерлерінің қалай ұсталғанын, «халық жауының» қызына кейбір қазақ оқығандарының көзқарасы қалай болғанын да ашық жазды.

«МІРЖАҚЫП АҒАМНЫҢ ЖОҚТАУЫ»

Гүлнар Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдызары» деген естелік-эссесінде өз әкесінің 1920 жылдардың бас кезінде ЧК-ның (Төтенше комитет) қолына түсіп қала жаздағанын, тұтқындауға келгендердің ішінде Сәбит Мұқанов болғанын айтады.

«Айқара ашылған есіктен сау етіп үйге кіріп келгендердің біреуі – қазақ, басқалары қару-жарақ асынған орыс солдаттары. Бастарына кигендері – қара сеңсең қоқиған папаха, үстерінде ұзын шинель. Суық түсті кескіндерінен бе, қайдам, мамам отырған жерінде құлап талып қалды. Мұны көргенде қорыққаннан еңіреп жылағаным есімде» деп жазады естелік авторы.

Естелікте Міржақып Дулатовты ұстауға чекистермен бірге келген жас жігіт Сәбит Мұқанов екенін, бірақ кейін мұрағат қоймасынан Дінмұхамед Қонаевтың атына әлдекімнің Сәбит Мұқановтың үстінен жазған арызын тауып алған соң, әкесін құтқарып қалған сол Сәбит Мұқановтың өзі екенін білгенін жазады.

"Сәбеңнің белсенді жас кезінде Міржақып пен алашордашыларға тиісіп, жамандап жазғаны үшін өз басым кінә тағып, өкпелей алмаймын... Сәбит ағамыздың 1960-1970 жылдары Міржақыпқа деген бұрынғы көзқарасынан, пікірінен күрт өзгергенін, райынан қайтқанын аңғарып, көріп жүрдім" деп жазады ол.

Естелік авторы Сәбит Мұқановтың өмірінің соңғы жылдарында қаралы қазада кездескенін, осы жиын үстінде Міржақып Дулатовтың өлеңін жұрт алдында оқығанын да еске алады.

«Сәбең айтып болды да, беторамалымен маңдайын сүртіп: «Бұл Міржақып ағамның Алаштың Қази атты жігітінің қазасына арнап қабір басында оқыған «Тұңғыш құрбан» деген жоқтауы болатын» деп үндемей қалды. Әрі қарай отырыс созылған жоқ, сөз базары тарқады да, жұрт тарай бастады. «Тұңғыш құрбанды» шығарған Міржақып әкем екенін Сәбеңнің аузынан алғаш естідім» деп жазады Гүлнәр Дулатова «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естелігінде.

«ТАНИТЫН КІСІЛЕРШЕ СӨЙЛЕСПЕЙТІН БОЛАЙЫҚ»

2005 жылы 90 жасқа толар қарсаңда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Гүлнар Дулатова әкесі ұсталып кеткеннен кейін бірнеше жылдардан соң жазушы Мұхтар Әуезовпен кездейсоқ кездесіп, осы кездесуде оның «танитын кісілерше амандасып, сөйлеспейтін болайық» дегенін айтады. Гүлнар Дулатованың айтуынша, «Әуезовтің өзі бұл сөзі үшін кешірім сұрағандай болған».

Мұхтар Әуезов, қазақ жазушысы. Сурет "Алашорда" фотоальбомынан алынған.

Мұхтар Әуезов, қазақ жазушысы. Сурет "Алашорда" фотоальбомынан алынған.

- Ұлының ұлылығы да иіле білінуінен көрінсе керек. 1947 жылдың жазы еді. Көше бойында бетпе-бет ұшырасып қалған Мұхтар ағамды елемегенсіп кетпек боп едім, сұңғыла кісі өзі тоқтатты. «Аз ғана кідір, кешір, жаным!» деді ол үні дірілдеп.

- Кезінде басқа түскен пендешілік адамға не істетпейді, ауыздан шыққан сөз ұшқан құс тәрізді ұстай алмайсың. Өткенге салауат, сені көрмегелі талай жылдар өтті. Жақаңның, Гая (шешесі Ғайнижамал), Әлтайдың (інісі) арты қайырлы болсын, өзің аман бол, соңдарында қалған жалғыз көзісің ғой" деп көңіл айтты. Именіңкіреп, көздеріне қарасам, жас іркіліп қалыпты...» деп еске алады Гүлнар Дулатова.

Советтік саяси қуғын-сүргінді көзімен көрген Гүлнар Дулатова өзгелерді кіналамайды. «Басына нақақтан үйірілген қара бұлттан қорғалақтауы табиғилық» деп санайды.

«АЛДАРЫНАН ӨТТІМ»

1989 жылы Міржақып Дулатовтың сүйегі Карелиядан табылып, қызы Гүлнар Дулатовның бастамасымен 1992 жылы Қазақстанға, туған жері Торғай даласына әкеліп жерленді.

«Миллиондаған жазықсыз жазаланған боздақтарымыздың сүйектері әр жерде шашылып, не құпия көміліп қалған жандарды ойлағанда жанымыз күйіп, қабырғамыз қайысады. Солардың ішінен жалғыз Міржақыптың сүйегі табылғанда қазақ халқының қол қуысырып қарап отырғаны ақылға сия ма? Қазағының сілкініп оянуын көксеп кеткен Міржақып Карелияда қала беруі керек пе?

Отырғандар Гүлнар Дулатова мен профессор Жұмағали Ысмағұлов. Сурет Гүлнар Дулатованың "Шындық шырағы" атты естелік кітабынан алынған

Отырғандар Гүлнар Дулатова мен профессор Жұмағали Ысмағұлов. Сурет Гүлнар Дулатованың "Шындық шырағы" атты естелік кітабынан алынған

Несін жасырайын, республика басшыларының бұл істі мемлекет тұрғысынан қолға алар деген ниетпен Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жаздым. Жауап күтуімен біраз уақыт өтті, нәтиже шықпаған соң «алдарынан өттім, енді маған кінә таға қоймас» деген ойға келдім» деп жазады ол әкесі Міржақып Дулатовты сүйегін Карелиядан алдыру қарсаңында.

Бірақ ол Алашорда жетекшілерінің бірі Міржақып Дулатовтың сүйегін Торғайда қайта жерлеу рәсіміне ел басшыларының не себепті қатыспағанын да түсіне алмады.

«Мүмкін бұрынғы коммунистік көзқарастарынан айнымай жетпіс бес жыл бойы қандарына сіңген сыңаржақ саясаттың шырмауынан босана қоймағаны ма? Әлде қолымыз жаңа жеткен егемендікке күмән келтіріп, сенімі жоқтықтан күні ертең не боларын кім білсін. Тағдырымыз не күйде боломақ, қалай күн кешеміз деген пиғылдан шыға алмағаны ма?» деп жазды Гүлнар Дулатова «Шындық шырағы» атты естелігінде.

Гүлнар Дулатованың фотогалереясын мына жерден көре аласыз:
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG