Accessibility links

Қажылыққа Қазақстаннан 5 мың адам барады


ҚМДБ биыл қажылық сапарға аттанушыларды ауру-сырқаудан қору үшін «отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткенін» мәлімдеді.

Атырау қаласының тұрғыны Сақыш Ақылбайқызы биылғы қажылыққа өмірден өткен қызының орнына кетіп бара жатқанын айтты.

«Жасым 74 –те. 2009 жылдан бастап қажылыққа барып жүрмін. Бірінші рет өз атымнан қажылық парызды өтеп келдім. Одан кейін өмірден өткен әке-шешемнің, күйеуімнің өтелмеген парыздарын орындау үшін бардым. Ал биыл бақилық болған қызымның парызын өтеуге кетіп барамын» деді ол Азаттық тілшісіне.

5 МЫҢ КВОТА

Биылғы қажылыққа Қазақстаннан баруға ниет еткен адамдар дәстүрлі түрде Алматыдағы орталық мешітке жиналып, ҚМДБ өкілінің арнайы дәрісін тыңдады. Олардың ішінде Сақыш Ақылбайқызы сияқты «тәжірибелі қажылар» да, алғаш рет ниет еткендер де бар. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ағабек Қонарбай қажылардың саны жыл сайын өсіп келеді деп санайды. ҚМДБ-ның мәліметінше, Қазақстаннан қажылыққа 2009 жылы 2 800 квота бөлінсе, биыл ол сан 5 мыңға жеткен. Оларды тасымалдаумен жергілікті 20 туристік компания айналыспақ. Ағабек Қонарбай:

«Биылғы қажылық миссиясының құрамында 30 шақты адам бар. Олардың құрамына 25 имам, 4 дәрігер мен екі ең білікті деген уағызшы енді» деді.

Орталық мешітте құлшылық етіп отырған алматылық. Көрнекі сурет

Орталық мешітте құлшылық етіп отырған алматылық. Көрнекі сурет

Ағабек Қонарбай қажылыққа баруға ниет етушілердің соңғы жылдары көбеюіне «халықтың әл-ауқатының жақсаруы» себеп болды деп ойлайды.

«Халықтың қаржылық жағдайы түзеліп, имамдардың мешіттерде, әртүрлі кездесулер мен баспасөз беттерінде айтқан уағызынан қажылыққа деген ынта-ықылас артты» дейді ҚМДБ баспасөз өкілі.

Бірақ басқа ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстаннан Сауд Арабиясындағы мұсылмандар үшін киелі орындарға қажылық сапар шегетін адамдардың саны әлдеқайда аз болып шығады. Мысалы, Әзербайжан үшін қажылыққа жылына 7,5 мың орын бөлінсе, Қырғызстан мен Тәжікстанда квота саны бірнеше жыл бұрын-ақ 5 мыңнан асқан. Ал Қазақстанға бөлінген қажылық квотасын былтырға дейін азаматтығы жоқтар да пайдаланып келген. Былтырдан бастап ҚМДБ қажылыққа байланысты Қазақстан азаматтарына ғана ақпараттық-ұйымдастырушылық жәрдем жасай бастады.

ҚОСЫМША ОҚЫҢЫЗ: Қажылыққа барудың жаңа шарты

БАС САНИТАРДЫҢ ЕСКЕРТУІ

Қажылардың денсаулығына қатысты осыған дейін жинақталған тәжірибені ескере отырып биыл ҚМДБ қажылық сапары кезінде олардың өздерімен бірге отандық дәрі-дәрмекті ала жүруін құп көрген.

«Өйткені Сауд Арабиясындағы дәрілердің біздің ел адамына әсер етуі өте төмен. Сол себепті биылдан бастап Қазақстанда өндірілген, адам ағзасына әсері күшті дәрілерді апаруды мақсат тұттық» дейді Ағабек Қонарбай.

Душанбе әуежайындағы тәжік қажылары. 14 қыркүйек 2014 жыл

Душанбе әуежайындағы тәжік қажылары. 14 қыркүйек 2014 жыл

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайтында қажылыққа баратындарға қосымша ұсыныстар мен кеңестер жазылған. Хабарламада: «Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігінің қажылық жасайтын адамдарға қоятын маңызды талаптарының бірі - дәрігердің қорытындысын бере отырып, медициналық тексеруден өту, менингококк инфекциясына, полиомиелитке қарсы вакцинациясы бар екенін растайтын құжаттардың болуы» деп жазылған.

Биылғы шілденің 30-ы күні Қазақстанның тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының міндетін атқарушы, бас мемлекеттік дәрігер Жандарбек Бекшин қазақстандықтарды қажылыққа баруды кейінге қалдыруға шақырып, Сауд Арабиясындағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы туралы ескерткен еді.

Екі жыл бұрын Сауд Арабиясынан қауіпті «Таяу Шығыс респираторлық вирусы» шыққан. Жандарбек Бекшиннің мәлімдемесінде «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемде бұл індетті 575 адам жұқтырып, оның 202-сі дерттен қайтыс болғаны туралы дерегі» келтірілген.

Биыл қажылыққа төртінші рет аттанғалы тұрған Сақыш Ақылбайқызы мұндай ескертулерді мұқият тыңдап алатынын, бірақ өзі үйренген сақтық шараларына ғана сүйенетінін айтады.

«Көлденең аурудан қорыққан адам жалпы қажылыққа бара ма?» деп күледі қария.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG