Accessibility links

Батыс баспасөзі «Қазақстандағы терроризм мәселесін» талқылай бастады


Тараздағы жанкештінің шабуылынан кейін полиция күдікті көлікті тексеріп жүр. Тараз, 12 қараша 2011 жыл
Тараздағы жанкештінің шабуылынан кейін полиция күдікті көлікті тексеріп жүр. Тараз, 12 қараша 2011 жыл

АҚШ пен БҰҰ-ның әскері 2014 жылы Ауғанстаннан шығып кетсе, Орталық Азия елдеріне күннен-күнге белсенді бола түскен террористік ұйымдардан шекарасын қорғау қиынға түспек деп топшылайды батыс басылымы.


АҚШ әскерінің 2014 жылдың аяғына қарай Ауғанстаннан қайтатыны белгілі бола салысымен-ақ сол аймақтағы елдер радикалды Исламның қарулы топтарының қайтадан күшеюінен қауіптеніп отыр деп жазады Jane's Intelligence Review («Джейнс интелидженс ривью») басылымы желтоқсанның 7-і күні. Мақала авторы Брюс Паниер бүлікші топтардың әскери іс-қимылдары, идеологиясы және стратегиясы туралы талдаулар жасаған.

ҚАЙТА ТУҒАН ҚАТЕР

2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактының 10 жылдығына орай мәжіліс болғанда Қырғызстанның уақытша президенті Роза Отунбаева қырғыз еліндегі АҚШ әскери базасы туралы: «АҚШ әскерінің келуі Ауғанстандағы тыныштық пен жалпы сол аймақтағы қауіпсіздікті сақтап тұруға үлкен үлес қосты» деп жылы лебіз білдірді. Бірақ та, Ауғанстаннан АҚШ әскері кеткен соң, қырғыз елі қайтадан Орталық Азияның зайырлы елдерінде Ислам халифатын орнатамыз деп әрекеттеніп жатқан қарулы топтардың базасына айналып кетуі мүмкін деп негізгі қаупін ашық білдірді деп жазады мақала авторы.
ӨИҚ мүшелерінің Ауғанстандағы Құндыз уәлаятында түскен суреті.
ӨИҚ мүшелерінің Ауғанстандағы Құндыз уәлаятында түскен суреті.

Қырғыз президентінің бұлай алаңдауы заңды. Себебі, 11 қыркүйек оқиғасына дейін-ақ бұл ел исламшыл қарулы топтарымен бірнеше мәрте қақтығысып қалды. 1999 және 2000 жылдары Талибанмен біріккен Өзбекстанның Ислам қозғалысы (ӨИҚ) деп аталатын қарулы топтың бірнеше сарбазы Тәжікстан тауларындағы базасынан қырғыз жеріне басып кірген. Осы кішігірім қақтығыстың өзі аймақтағы жағдайды шайқалтып жібере жаздаған болатын. Бұл қарулы топ 2001 жылы Талибанмен соғысқан Ахмад Шах Масудты Ауғанстаннан ығыстырып, талқандау операциясына қатысқандықтан қырғыз еліне қайта айналып соға алмады деп жазады басылым.

ӨИҚ ІС-ҚИМЫЛҒА КӨШПЕК

АҚШ қарымта қайтару үшін 2001 жылдың күзінде Ауғанстанға әскер төккенде ӨИҚ-ның көп мүшесі қаза тауып, жетекшілерінен айрылған еді. 2002 жылғы сәуірде Ресей баспасөзінде Өзбекстан президенті Каримовтың осы оқиғаға орай: «АҚШ әскері Өзбекстанның оңтүстік шекарасындағы осы қауіпті тоқтатуда ерекше рөл атқарды» деген сөздері жарияланады.

Қауіп бұл жолы Өзбекстан шекарасынан аласталғанымен біржола жоғалып кетпеген. Талибан мен ӨИҚ-ның тірі қалған мүшелері басқа да қарулы топтарға қосылып алып, Пәкістанның ауыл аймақтарына қашып барып тығылған. Ол жақта олар қатарларын толтырып, қайтадан топтанып алды. Олардың негізгі мақсаты Ауғанстанға «қысым көрсетіп» жатқан шетелдіктермен соғысу болғандықтан, Орталық Азия елдері уақытша ғана дамылдап тұр деп болжайды шетелдік басылым авторы.
Аббас Мансур, Ауғанстанда қаза тапқан ӨИҚ-тың қырғыз мүшесі.
Аббас Мансур, Ауғанстанда қаза тапқан ӨИҚ-тың қырғыз мүшесі.

Алайда БҰҰ мен АҚШ 2014 жылға қарай әскерлерін Ауғанстаннан әкетіп, қауіпсіздік қызметін ауған үкіметіне тапсырғалы жатыр. Осыдан соң-ақ Орталық Азия елдері Ауғанстанмен шекарадағы және ел ішіндегі қауіпсіздік шараларын қайтадан күшейтуге мәжбүр деген ой айтады Паниер.
ӨИҚ Орталық Азиядағы ең күшті қарулы топ боп саналады. Олардың жауынгер санын ешкім дәл білмегендіктен шамамен мың мен алты мыңның арасында деп қана болжайды. Бірақ, бұл жерде бір нәрсе анық. Бұл топтың құрамы, әсіресе, соңғы жылдары сан түрлі ұлттардан құралған. Олардың бейнетаспаларына қарап құрамында Ауғанстан, Германия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, және Түркияның азаматтарының өріп жүр деп санайды журналист.

ӨИҚ-ның Ауғанстанның солтүстігіне жиналып, Талибанмен тығыз қарым- қатынаста болуы қауіпті күшейте түседі. Олар болашақта осы базаларын пайдаланып, Орталық Азия елдеріне шабуыл жасап, ақырында бұл елдерге Ислам мемлекетін орнатуды көздейді деп болжайды ол. Тіпті олардың кейбір жетекшілері: «Біз қазір Тәжікстанмен алысып жатырмыз. Бірақ бұл біз Өзбекстанды ұмытып кетті деген сөз емес. Ерте ме, кеш пе біз ол жаққа да жетеміз» деген Азаттық радиосына берген сұқбатында.

ҚЫРҒЫЗДЫҢ ҚАУПІ

Қырғызстан басшыларының айтысына қарағанда ӨИҚ-ның мүшелері Қырғызстанда да белсенді түрде әрекет етіп жатыр. Қырғызстанның қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кеңешбек Дүйшебаевтың баяндамасынша ӨИҚ-нан бөлініп шыққан «Ислам джихад одағы» тобының бірнеше мүшесі тұтқындалып, жасаған қылмыстары үшін тергеліп жатыр. Одан бөлек «Махди армиясы» деп аталатын тағы бір ұйым мүшелері Қырғызстанда бірнеше мәрте террорлық актілер ұйымдастырып үлгерді. Олар әлі де белсенді әрекет етіп жатыр деп жазады «Джейнс интелидженс ривью» басылымының авторы.
Душанбе түрмесінен қашқан "исламшылдар". Бұлардың бірнешеуін Тәжікстан үкіметі ӨИҚ-ның мүшесі деп жариялаған
Душанбе түрмесінен қашқан "исламшылдар". Бұлардың бірнешеуін Тәжікстан үкіметі ӨИҚ-ның мүшесі деп жариялаған

Ал қырғыз үкіметі болса 2010 жылғы Бакиевті тақтан тақтан тайдырған толқудан кейін елдің оңтүстік аймағын бақылай алмай отыр. Осының кесірінен 2010 жылы маусым айында Қырғызстанда өзбек-қырғыз қақтығысы туды. Сол қырғында қуғындалған өзбек азаматтары ауған-пәкістан шекарасына өтіп кеткен. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті ол жақтағы лагерьлерде 400-ге жуық қырғызстандық өзбек әскери дайындықтан өтіп, жаттығып жатыр деп үйрейленіп отыр деген мәлімет береді мақала авторы.



ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТЕРРОРИЗМ ПРОБЛЕМАСЫ

Шетелдік басылым тәжік, қырғыз, өзбек проблемасын таратып келіп, Қазақстандағы терроризм мәселесіне арнайы тоқталады. Осы аралықта мұнайға бай батыс Қазақстанда терактілер басталып та кетті дейді автор. 2011 жылдың мамыр айында 25 жасар жігіт Ақтөбе қаласындағы ҰҚК-нің ғимаратының кіре берісінде өзін-өзі жарып жіберді. Ресми билік әуеліде оны «қылмыстық топтың мүшесі» деп айтқанымен, артынан оны «дәстүрлі емес Ислам» ағымының мүшесі деп мәлімдеуге мәжбүр болды. Қазақстандық басылымдар болса осы кезде ақтөбелік жанкештілердің Дағыстандағы террорлық топтарға қатысы барлығы туралы ақпараттарды таратып жатты.

Ақтөбедегі жарылыс жалғыз болған жоқ. 2011 жылдың 1 маусымында Ақтөбе облысының Шұбарши ауылында екі полицейді әсіре діншілдер атып өлтірген. Оларды тоқтатауға барған арнайы «Арлан» жасағының бір сарбазы сол жерде оққа ұшып, үшеуі тағы жараланды. Оларға қосымша күш ретінде «Сұңқар» арнайы жасағы жұмылдырылды. Ақырғы атыста діншілдердің біреуін ғана тірідей тұтқындап, тоғызын атып өлтірді. Қазақстанның БАҚ-ы оларды «салафилер» деп атай бастады деп жазады мақала авторы.
Ақтөбедегі жарылыстан кейінгі көрініс. 17 мамыр 2011 жыл
Ақтөбедегі жарылыстан кейінгі көрініс. 17 мамыр 2011 жыл

Атыраудан бірнеше шақырым жердегі ауылда және бір терроршы атыс кезінде қаза болды. Оның үйін тінтігенде бомба жасайтын заттар мен қауіпті діни әдебиеттер табылды. Қыркүйек айында Атыраудың облыстық сотының баспасөз хатшысы өлген содырға қатысы бар тағы да 24 адамның тұтқындалғанын ресми түрде хабарлады. Бұл ұйымдасқан топ мүшелерінің БТА банкі арқылы Ауғанстан мен Пәкістаннан қаржылай көмек алып тұрғаны және олардың біреуінің ағасы Пәкістанда тұратыны хабарланды.

Қолдарына қару ұстаған, беттеріне маска киген содырлар қыркүйек айында өздерін Джунд әл-Халифат ұйымының сарбаздарымыз деп атап, Қазақстан үкіметіне қарсы шабуылдар ұйымдастыра беретінін айтып қорқытқан бейнематериалдарын жариялады.

Оның артынша Атырауда қыркүйектің 31-і әкімшілік ғимаратының жанында екі бомба тағы да жарылды. Бұл жарылысты да Джунд әл-Халифат ұйымы біз жасадық деп мойнына алды. Олар «Бұл әлі ескерту. Біз жаппай қан төгуді мақсат тұтқан жоқпыз. Егер талабымыз орындалмаса жалғаса береді» деп қорқытқан.

Бұл ұйымның жетекшілерінің өздері таратқан мәліметтері бойынша Джунд әл-Халифаттың 90 пайыз мүшелері – қазақстандықтар. Олардың көпшілігі Ауғанстанда дайындалып жатыр.
Тараздағы жанкештінің шабуылы кезінде қаза тапқан адамның мүрдесі. 12 қараша 2011 жыл
Тараздағы жанкештінің шабуылы кезінде қаза тапқан адамның мүрдесі. 12 қараша 2011 жыл

Мақаланың авторы соңғы кезде болған терактілердің ішінде Тараз оқиғасына ерекше тоқталған. Қарашаның 12-інде Мақсат Кариев есімді жас жігіт өзін аңдып жүрген екі қауіпсіздік қызметкерін атып өлтіріп, қаруларын алып кеткен. Сосын аңшылар дүкенін тонап, екі кісіні атып өлтіріп, РПГ-26 гранатометімен ҰҚК-нің ғимаратына оқ атқан. Одан бөлек тағы да екі полицейді атып өлтіріп, ақырында өзін-өзі жарып жіберді. Бұл атысты да Джунд әл-Халифат ұйымы өз мойнына алып, «Ислам дініне кедергі көбейе беретін болса, біз осылай жасай береміз» деген ескертуін тағы қайталады. Олардың негізгі талабы – Қазақстан парламенті жақында қабылдаған дін туралы заңды өзгерту.

Ресей болса Орталық Азиядағы террорлық актілерді жою үшін бірнеше мәрте жаттығулар өткізіп, көмек бермекші де болған. Кремль Орталық Азиядағы тыныштыққа кепіл болғысы келеді. Тәжікстан мен Қырғызстан өз жеріне Ресей әскерін кіргізбеуге тырысып-ақ жатыр. Алайда содырлар соққысы сырттан күшейе беретін болса, амал жоқ келісуге тура келеді деп пайымдайды мақала авторы.

Тіпті Ресей қолдағанның өзінде Орталық Азия елдеріне Ауғанстанмен шектесетін шекараларын қорғау үшін біраз күресуге тура келеді. Қалай болғанда да Орталық Азия елдерінің ішкі мәселелеріне Ресейдің араласуы содырлардың Кавказдағы жақтастарынан жәрдем іздеуіне апарып соғады. Онда олар Мәскеуге қарсы соғыстарын жалғастыра түсу үшін Ауғанстандағы мүдделестерін тез арада тауып алуы мүмкін деп болжайды басылым тілшісі.
XS
SM
MD
LG