Accessibility links

Терроризм туралы заң жобасы әртүрлі пікір туғызды


"Террористер" бекінді деген үйдің маңындағы арнайы жасақ. Құлсары, 12 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Ақ Жайық" газетінің сайтынан алынды.

"Террористер" бекінді деген үйдің маңындағы арнайы жасақ. Құлсары, 12 қыркүйек 2012 жыл. Сурет "Ақ Жайық" газетінің сайтынан алынды.

Бұл заң жобасын және ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге берген «жаңа» анықтамасын құқық қорғаушылар мен саясаткерлер түрліше қабылдады. Кейбірі «заңға енгізілген бұл өзгерістер халықаралық құқыққа да, біздің заңнамамызға да сай келеді» десе, енді бірі ол заңды «демократияға салынған кезекті тұзаққа» теңеді.

«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ»

Қазақстан парламентінің мәжілісі қарашаның 21-інде «Терроризмге қарсы бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, сенаттың қарауына жіберді. Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің айтуына қарағанда, бұл заң жобасын биыл қарашаның 1-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде болған полицейлермен сөйлесіп тұр. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, 22 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде болған полицейлермен сөйлесіп тұр. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, 22 желтоқсан 2011 жыл.


Заң жобасының бірінші оқылымы талқыланған кезінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының орынбасары Қабдыкәрім Әбдікәзімов «халықтың кей бөлігі радикалданып, террористік көріністер көбейіп кеткенін» айтты. Оның сөзіне қарағанда, осы заң жобасы бойынша қылмыстық, қылмыстық атқару және әкімшілік құқық бұзушылық туралы үш кодекске өзгеріс енгізіліп, жергілікті жерлерде облыс әкімдері басқаратын тероризмге қарсы арнайы комиссия құрылмақ.

Жаңа заң жобасы бойынша, «терроризм» ұғымына да басқаша анықтама берілген. Әбдікәзімовтің айтуына қарағанда, «сарапшылар қазіргі заманғы терроризмді нақты бір қылмыстық әрекет деп емес, «әлеуметтік қайшылықтардан жинақталып, қоғамда жанжал мен зорлық-зомбылық туғызатын күрделі әлеуметтік-саяси құбылыс» деген қорытындыға келген».

– Сондықтан терроризмге «халықты қорқытып-үркітуге немесе жеке адамға, қоғамға, мемлекетке залал келтіруге бағытталып, мемлекетік органдардың шешім қабылдауына себепкер болатын әрекет немесе зорлық-зомбылық идеологиясы» деген түбегейлі жаңа анықтама беріп отырмыз, – деді Әбдікәзімов.

«ТЕРРОРИЗМ ИДЕЯ ЕМЕС»

Саясаттанушы Мұрат Лаумуллин «Заңға енгізілген бұл өзгерістер халықаралық құқыққа да, біздің заңнамамызға да сай келеді. Өз басым бұл заң жобасын қолдаймын» деді. Ал заңгер Дәулет Жұмабеков заң жобасына сараптама жасағандардың кәсіби біліктілігіне күмән келтіріп, олардың «жоғарыдан берілген тапсырысты мүлтіксіз орындай беретін моральдық келбетін» сөз етті.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 19 мамыр 2012 жыл.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 19 мамыр 2012 жыл.


Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің пікірінше «әлемде терроризм жөнінде бірыңғай түсінік жоқ, тек ортақ сипаттамасы ғана бар».

– Жаңа заң жобасын ұсынушылар осы сипаттамаларға дәлірек анықтама бергісі келетін сияқты. Бірақ бұл ретте «зорлық-зомбылық идеологиясы» деген терминді қолданғандары дұрыс емес, өйткені терроризм дегеніміз – идеология емес, әрекет. Сондықтан оның өзіне де нақты анықтама берілуі керек, өйткені қаншалықты радикалды болса да адамның ойлауына тыйым салынбайды, – деді ол.

Евгении Жовтистің айтуынша, «Заң жобасында терроризмге берілген анықтама – тек саяси анықтама ғана емес, сонымен қатар қылмыстық-құқықтық анықтама. Қазір «әлеуметтік араздықты» әркім әртүрлі түсінетіні сияқты, бұл терминді де әркім өзінше қолдана бастайды».

«КЕЗЕКТІ ТҰЗАҚ»

Ал журналист Сергей Дуванов бұл заң жобасынан терроризм туралы соншалықты жаңа анықтама көрмей тұрғанын, мәселе одан туатын заң нормаларына байланысты екенін айтады.

Оның ойынша, «Бұл заң қабылданғаннан кейін жаппай қуғын-сүргін жасауға жаңа мүмкіндік туады. Мұнан кейін рұқсат етілмеген жиын, ереуіл, оппозицияның сайлауға байкот жариялауға шақыруы – бәрі де терроризм деп аталады. Яғни билікке қарсы болған азаматтық бастаманың барлығы да – терроризмнің көрінісі».
Құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов. Алматы, 23 қазан 2012 жыл.

Құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов. Алматы, 23 қазан 2012 жыл.


– Бұл заң оппозиция жетекшілері мен азаматтық қоғам белсенділеріне қарсы жасалғаны анық көрініп тұр. Билік мұны кімге қолданғысы келсе, соған қолданады. Бұл заң - Қазақстандағы демократияға салынған кезекті тұзақ, – деді ол.

Ал саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, «Заң жобасына енгізіліп отырған өзгерістер – Жаңаөзен оқиғасына байланысты сот процестерінің нәтижесі».

– Жаңаөзен оқиғасынан кейін адамдарды жасамаған қылмысы үшін соттады. Владимир Козловтың соты – соның бір көрінісі. Кейбіреулерге «қылмыс жасауды ойлады» деген де айып тағылды. Мне, осы мәселелерді енді заң жүзінде бекітіп алмақшы. Мұнан кейін тергеуші, прокуратура немесе сот «мынау адамның пиғылы жаман» деп ұйғарып, үкім шығара беретін болады. Қазақстанда өзгеше ойлауға жол бермеудің «дамыған» түрі бұл, – дейді Жасарал Қуанышәлин.

«СЕБЕППЕН ЕМЕС, САЛДАРМЕН КҮРЕС»

«Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов «өзгеше ойлаушылармен күресті Қазақстан осыдан он жыл бұрын-ақ заң жүзінде бекіте бастағанын» айтады.

– Бірақ «Назарбаевтан кейінгі кезең» жақындаған сайын билік «қорыққанға қос көрінеді» дегендей, өзіне қатысты кез-келген ашық ойға эсктремистік, террористік сипат бергісі келеді. Терроризмге «философиялық», жалпылама анықтама берудің өзі құқық қорғау органдарының «мүмкіндігін» көбейтеді. Яғни мұнан кейін осындай ауқымды, кең тұжырымды пайдаланып, кез-келген адамды экстремист немесе террорист деп айтуға болады, – дейді ол.
Белсенді Әміржан Қосанов баспасөз мәслихатында Атабаев пен Мамайды қудаламауды талап етіп отыр. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.

Белсенді Әміржан Қосанов баспасөз мәслихатында Атабаев пен Мамайды қудаламауды талап етіп отыр. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.


Әміржан Қосановтың айтуынша, «Билік себеппен емес, салдармен күресіп жатыр. Билік әлеуметтік наразылық бар екенін сезеді. Сол наразылықты «әлеуметтік араздық» деген желеумен тоқтатқысы келеді».

– Мұның бәрі айналып келгенде конституцияда кепілдік берілген сөз бостандығына қайшы, – дейді саясаткер Әміржан Қосанов.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы осыдан үш жыл бұрын, 2009 жылы қазан айында да қабылданған еді. Ол заң бойынша да қылмыстық және азаматтық іс жүргізу кодекстеріне, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, «терроризмге қарсы күрес туралы» заңға және басқа да бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізілген.

Қадірлі оқырман, бұл мақаланы автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылай аласыз.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG