Accessibility links

Қазақстанға паралимпиада медалі бұйырмай тұр


Паралимпиада ойындарындағы жүзу жарысы. 2 қыркүйек. 2012 жыл. Лондон. (Сурет Паралимпиаданың ресми сайтынан алынды)
Паралимпиада ойындарындағы жүзу жарысы. 2 қыркүйек. 2012 жыл. Лондон. (Сурет Паралимпиаданың ресми сайтынан алынды)

Паралимпиада ойындарының аяқталуына бір апта уақыт қалды. Қазақстандық спортшылар әзірге жүлделі орынға іліккен жоқ.

Қазақстандық жеңіл атлет Ислам Сәлімов 400 метрге жүгіруден оныншы орын алды. Сәлімов көзі нашар көретін спортшылар жарысына қатысты. Қазақстандық спортшы 400 метрді 54,14 секундта жүгіріп өтті. Бұл көрсеткіш үздік бестікке енуге жеткіліксіз.

Ал осы қашықтықта марокколық Махомед Амгуоун әлем рекордын жасады – 49,09 cекунд.

ӘЗІРГЕ ЖЕКЕ РЕКОРДТАР ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

Ислам Сәлімов ұзындыққа секіру жарысына да қатысып, 12-орын алды. Қазақстан спортшысы 5,64 метрге секіргенмен, финалға шыққан сегіз спортшының қатарына ене алмады.

Бұл секторда кубалық Луис Фелипе Гутьеррес паралимпиада рекордын орнатып (7,54 метр) чемпион атанды. Тағы бір Куба спортшысы Анхель Хименес Кабез (7,14 метр) – күміс, болгариялық атлет Радослав Златанов (6.81 метр) қола жүлдеге ие болды.

Ми параличі ауруына шалдыққан мүгедектер арасындағы 200 метрлік жарыста Айнұр Байдуллаева 35,95 секундпен оныншы орын алды. Бұл - Байдуллаеваның жеке рекорды.
Қазақстандық паралимпиадашы Сергей Харламов (2465 нөмірлі спортшы) жарыс жолында. 2 қыркүйек. 2012 жыл. Лондон. (Сурет Паралимпиаданың ресми сайтынан алынды)
Қазақстандық паралимпиадашы Сергей Харламов (2465 нөмірлі спортшы) жарыс жолында. 2 қыркүйек. 2012 жыл. Лондон. (Сурет Паралимпиаданың ресми сайтынан алынды)

Көзі нашар көретін спортшылар арасындағы 100 метрге жүгіру жарысында қазақстандық Сергей Харламов 12-орын алды. Харламов Лондонда өзінің жеке рекордын орнатты – 13,92 секунд.

Пауэрлифтингтен (шалқалап жатып штанга көтеру) әйелдер арасындағы 44 килограмм салмақтағы спортшылар бәсекесінде Кабира Асқарова жетінші орын алды. Қазақстандық атлет 65 килограмдық штанганы көтерді.

Алтын жүлде нигериялық Ивори Нвокориеге бұйырды – 109 килограмм. Күміс медальді түрік Цикдем Деде (105 килограмм) алса, қола жүлдені украиналық Лидия Соловьева (100 килограмм) иеленді.

20 жасар пауэрлифтингші Айбек Әбжан 60 килограмм салмақта сынға түсіп, тоғызыншы орын алды. Әбжан 120 килограмдық штанганы көтерді.

Үштікке енген ирандық Надер Моради - 198, нигериялық Ифеани Ннаджиофор - 188, қытайлық Кьанкси Янг – 185 килограмды еңсерді.

100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден Әнуар Ахметов 16-орын алып, финалға шыға алмады.

КӨШ БАСЫНДА - ҚЫТАЙ

Лондонда жүрген Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігінің баспасөз қызметкері Ардақ Тоғымовтың айтуынша, қазақстандық паралимпиадашыларға барлық жағдай жасалған.
Боснияның паралимпиадаға барған волейболшылары жаттығу жасап жатыр. (Көрнекі сурет)
Боснияның паралимпиадаға барған волейболшылары жаттығу жасап жатыр. (Көрнекі сурет)

- Қазақстан спортшыларының жаттығуына, демалуына жағдайлар толық қарастырылған. Қазақстандық паралимпиадашылардың (жекелеген спортшылар туралы айтып тұр - ред.) алғашқы ондыққа енуінің өзін үлкен жетістік деуге болады. Жалпы Қытай, Ресей, Нигерия, Ұлыбритания, Украина елдерінің спортшылары мықты. Қазақстанның паралимпиада делегациясы елге қыркүйектің 11-і күні Лондон-Мәскеу-Алматы бағыты бойынша оралады, - деді.

Жалпыкомандалық есепте 29 алтын жүлде иеленген Қытай құрамасы көш бастап келеді. Одан кейінгі сатыда Ұлыбритания (15 алтын), Австралия (13 алтын), Украина (13 алтын) тұр. Паралимпиадада 54 елдің өкілдері медаль алып үлгерді. Алайда Қазақстан әлі жүлде алмады. Сондықтан елдің жалпыкомандалық орынға таласатын мүмкіндігі жоқ.

Орталық Азия елдерінің ішінен Өзбекстан құрамасы бір қола жүлде иеленді. Бұл медальдің иесі – дзюдошы Шариф Халилов.
XS
SM
MD
LG