Accessibility links

Министр Досқалиевтың бірыңғай Ұлттық медициналық жүйесіне депутаттардың үмітінен күдігі басым

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев. Астана, 5 қазан, 2009 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев. Астана, 5 қазан, 2009 жыл.

1 қаңтардан Қазақстанның денсаулық сақтау саласында кепілдендірілген тегін медициналық қызмет реформасы жүзеге асырыла бастайды. Ал халықтың тең жартысы ауылда тұратын Қазақстан үшін дамыған елдердің озық тәжірибесінен гөрі оңтайлы бағдарлама керек деген пікір білдіреді депутаттар.

Осы тақырыпта мәжіліс депутаттарының алдында есеп берген денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев бұл тәжірибе жерінің көлемі мен демография жағынан Қазақстанға ұқсас Канада, Аустралия елдерінен алынып отырғандығын жеткізді. Ал бірақ ол елдердің өмір сүру дәрежесіне жету үшін Қазақстанға бірнеше ондаған жылдар қажет екен.

Сонымен 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап, Қазақстанда денсаулық саласында Ұлттық бірыңғай медициналық жүйе ене бастайды. Он жылға арналған бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – медицина саласын бәсекеге қабілетті етіп қалыптастыру. Негізгі тетігі – әрбір қазақстандық азаматқа сапалы емделу жолын таңдауға мүмкіндік беру. Яғни, ауруханаға жатып тегін емделуші Қазақстанның кез-келген аймағындағы өзіне ұнаған ауруханасын таңдайтын болады. Емделушілер көп баратын ауруханаларға да мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі де өсе бермек.

"БІЗ ӨЗІМІЗДІ АФРИКАМЕН САЛЫСТЫРМАЙМЫЗ ҒОЙ"

Осындай басты мәселелерді алға тартқан денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мемлекетті бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосу үшін Қазақстанмен географиясы, демографиясы, экономикасы жағынан ұқсас Канада, Аустралия елдерінің тәжірибесін алға тартып, талдау жасадық дейді.

- Біз алдымызға амбициялық мақсат қойып отырмыз. Сондықтан да біз дамыған елдердің тәжрибесіне сүйеніп отырмыз. Біз олардың ішінен әрине, Африка елдерін алған жоқпыз. Біз енді өзімізді Африкамен салыстырмаймыз ғой, - дейді Жақсылық Досқалиев.

Алайда, мәжіліс депутаттары жаңа министр келген сайын, әр реформаның басын шалып, аяғына дейін жеткізбейтіндерін тілге тиек етіп, аталмыш жүйенің енетініне де күдікпен қарайды. Мәселен, мәжілісмен Владимир Нехорошев таңдау болған кезде халықтың бәрі Астана мен Алматыға ағылып, онсыз да аяқта әрең тұрған ауыл ауруханалары күйремей ме деген пікірін білдірді.

- Онсыз да, денсаулық саласы ақшаны үнемдемейді. Елді дүрліктіріп, көшелерге плакаттар іліп, сонша қыруар ақшаны жұмсаудың қажеті қанша? Одан қайта сол қаржыны неге ауылға жібермеске?!- дейді Владимир Нехорошев.


РЕФОРМАНЫҢ МАҢЫЗДЫСЫ - ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРУ

Жақсылық Досқалиев енгізгелі отырған жаңа реформаға мәжіліс депутаты Тито Сыздықов та қарсы. Ол басты реформа - дәрігерлердің жалақысын көтеру деп біледі.
Парламент деутаттары Тито Сыздықов (оң жақта ) пен Жарасбай Сүлейменов (сол жақта). Астана, 5 қазан, 2009 жыл.


- Үкімет мүшелерінің барлығы алдымен денсаулық сақтау мен білім саласын реформалауға дайын тұрады. Сосын бәрінікі сәтсіз аяқталады. Әдетте үкімет реформа жасаған кезде Қазақстанды дамыған мемлекеттермен салыстырады. Неге алдымен сол елдердің өмір сүру деңгейін салыстырмасқа?! Мәселен, Канадада ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда 46 мың АҚШ долларын құрайды екен. Аустралияда – 45 мың АҚШ доллары. Ал бізде – 8 500 АҚШ доллары. Бес есе төмен өнім өндіреміз. Құрылымы жағынан да ұқсамайды. Қазақстан халқының 46 пайызы ауылды жерде тұрады. Одан қайта министрлер 2016 жылы дәрігерлердің айлық жалақысы қанша болатынын неге айтпайды? Біздің дәрігерлер жылына бар болғаны 5-6 мың доллар алады. Ал аталған дамыған мемлекеттердің дәрігерлері жылына 120 -130 мың доллар еңбекақы алады, - дейді мәжіліс депутаты Тито Сыздықов.

Медицина саласына реформа енгіземіз деп, жиналған ақшаны жамбасқа басып қашып кеткен дер де болған, сол секілді халық тағы жер сипап қалмасын деген Мұхтар Тінекеев:

- Қазақстан тұрғындарының орташа өмір сүру жасы – 60 жас. Ал аталған елдерде – 80 жастың үстінде. Енді үкімет ұсынған Ұлттық бірыңғай медициналық жүйе толығымен жүзеге асырылып, аяқталғанша, 50-60-қа келген үкімет мүшелері мен мәжіліс депутаттарының көбі бар бола ма, жоқ бола ма, бірақ Алла бар болуға жеткізсін, - дейді.

Жалпы республикалық бюджет қаржысының 2.8 пайызы ғана денсаулық саласына бөлінеді екен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG